Әңгімелер ✍️
Қарауыл
– Әй, жігіттер, сендерге қашанғы айта берем, «мұнда газет алып келмеңдер» деп, обал-ай, обал! – таныс дауыс қыр желкемнен естілді. Бұрылып артыма қарадым, ешкім көрінбейді. Сәлден кейін әлгі дауыс тағы естілді.
– Туу, газеттің бәрін ақжоңқа етіп турап тастапсыңдар, әй, оңбай кеткірлер-ай! – басымды көтеріп айналама бажайлап қарадым, ТЖО-ның маңындағы жігіттерді тез шолып шықтым. Жыға танитындай ешкім көзіме ілінбеді. Бірақ жаңағы дауыс соншалық таныс, әсіресе сөзінің соңын созып аяқтайтыны құлаққа үйір. Әйтсе де мұндағы жігіттерді бұлай сөйлейді деуге ешбір қисын жоқ. Ескі ТЖО-ның алдында 4-5 жеңіл көлік кезегін күтіп қаңтарылып тұр, қабақтары түсіңкі, беті-қолы майға шыланған 3-4 ұста өз жұмыстарымен әлек. Дәл осы кезде шалбарының ышқырын жүре ағытқан бір ұста бұрыштағы дәретханаға барды да, есігін жұлқа тартты. Ішінен ілулі болса керек, ашылмады. Есікті жұдырығымен бір-екі рет қойып қалды да, дәретхананың артына бұрылып дуалдың түбіне теріс қарап тұра қалды.
– Мұрат, сенбісің? Сәл шыдай тұр, қазір шығамын, – таныс дауыстың дәретхана ішінен естілгенін енді білдім. «Апыр-ау, бұл кім болғаны?» деп елеңдей қалдым. Дегенмен дәретхананың есігі тез ашыла қоймады.
Көлігімді ЖТО-ға кіргіздім. Жүзі таныс жігітпен барынша жылы сөйлесіп, кеш қарайғанша жөндеп беруге уәдесін алып, аулаға шықтым. Көліктің әлегімен әуре болып жүріп, манағы таныс дауысты ұмытып кетіппін, одан бері де жарты сағаттай уақыт өтсе керек. Кенет, дәретхананың есігі сарт етіп ашылды да, ішінен қаңылтақтай жігіт атып шықты. Жоғарғы топсасы үзіліп кеткен есік қайрыла жабылмай, мойыны қылжиып тербеліп тұр. Әлгі жігіттің бұған қарауға мұршасы жоқ. Тағы бір ұста дуалдың түбінде теріс қарап тұр екен, соны көрді де, сыбай жөнелді:
– Әй, сендерге қанша рет айтамын, мұнда шаптырмаңдар деп, міне, дап-дайын дәретхана тұр, ал сендер кезек-кезек дуалдың түбіне сарисыңдар. Ұста жігіт ештеңе айтпады, көзін алайтып бір қарады да, жүре ышқырланып ТЖО-ға қарай беттеді.
Қаңылтақтай жігітті бері бұрылғанда таныдым, Мәліктің дәл өзі. Ол да мені жазбай таныды, іркіліп барып, тұра ұмтылды:
– Әй, Жомарт, сенбісің? Мұнда қайдан жүрсің? А, ТЖО-ға келдің бе? – мені бас салып, қапсыра құшақтады, кеуде сүйегін кеудеме батырып, сәл тұрды.
– Біраз уақыттан бері осында қарауылмын, анау үйшікте тұрамын – деді, оң жақ босағадағы үлкен контейнердің үстіндегі машинаның кішкентай кабинасын иегімен нұсқап:
– Үйге жүр, шай іш, өзіңді көрмегелі де біраз уақыт болды. Көлігің дайын болғанша әңгіме айтайық. Мұнда сөйлесе қоятындай көп ешкім жоқ, жарылып кетердей болып әрең жүрмін, – деп, Мәлік үсті-үстіне бастырмалатып сөйлеп жатыр. Мен басымды шұлғып тыңдап тұрмын. Бір кезде иығымнан бүре ұстап, ырғап-ырғап қойды. Онан соң қозы қарнымды ақырын ұрып: «Өзің домаланып семіріп барады екенсің», – деп қарқылдап күлді. Ол күлгенде ап-арық бетінің әжімі қатпарлана жиырылып, маңдайына қарай жиналды да, күлкісі тиылғанда әжімі қайтадан жазылып, шимайланған барақтың беті секілді ұсақ-ұсақ сызықтарға айналды. Есіне бірдеңе түскендей ТЖО жаққа бұрылып:
– Дәурен, Мұрат, бүгін сендерге көмектесе алмайтын болдым. Қонақ келіп қалды, – деді. Дауысы едәуір көтеріңкі шықты.
Мәлік бұрыннан оң аяғын нықтап басатын да, сол аяғын сәл сүйретіңкіреп алатын. Қазір тіпті де ауырсынатын секілді. Сол аяғын жерден көтермей сүйретіп келеді. Контейнердің астына жеткенде темір баспалдақтың жақтауынан шап беріп ұстады да, бар салмағын оң аяғына салып, текешоқырақтап жоғары көтерілді. Соңынан еріп ішке кірдім. Кабинаның төр жағындағы кішкентай кереуетте 4-5 жасар шамасындағы қыз қамсыз ұйықтап жатыр. Біздің кіргенімізді де білмеді. Мәлік қолындағы бір буда газетті үстелге қойып жатып:
– Өңкей иіс алмастар, дәретханаға газет тасиды, онысы несі-ей, обал-ай, обал, – деді манағы ашуы қайта тұтанып. Ол осы сөздерді айтқан кезде бетінің ұсақ әжімдері ілезде тереңдеп, шұңқырлау көз шанағының түбіндегі түймедей жанары аунап түсті.
Кабинаның іші тар болғанымен жып-жинақы. Кіреберіс босағаға киімдер ілінген. Одан жоғарырақ шағын үстел мен екі орындық қойылған. Бұрыш-бұрышты тінте қыдырған жанарым қабырғада күле қарап тұрған Мэрилин Монроның кеудесі ашық фотосына келіп сүрінді. Мәлік:
– Мына мұсылман күнтізбесін ана жолы мешітке барғанымда алдым. Тегін таратып жатыр екен, – деді. Енді көрдім. Монроның фотосына қатарластырып мұсылман күнтізбесін іліп қойыпты.
Қыз қамсыз ұйықтап жатыр. Мәлік су толы ток шәугімді қосты да, «қазір келемін», – деп аяғын сүйрете басып сыртқа беттеді. Еңкіш баспалдақтан төмен түсу оған тіпті де қиын секілді. Күріс-күріс еткен аяқ дыбысы біразға дейін естіліп тұрды.
***
Қараша айының соңғы кезі. Біраз күн бұрын жауған қардың беті қатқылданып, табанасты көктайғақ мұзға айналған. Қатқыл суықтан ауа шыңылтырланып тұр.
Жұмысқа әдеттегідей басқалардан бұрынырақ келдім. Сырт киімімді шешіп, жайғаса бергенім сол еді, есік сарт етіп ашылып, орта бойлы, қаңылтақтай жігіт кіріп келді. Кірген бойда ортадағы үстелге қолындағы пәкетін қойып жатып:
– Інім, төкшәугімді қоса салшы, қолдың сүтін алып келдім. Жақсылап шай ішейік, – деді. Сөйтті де, бұрылып есікке беттеді. Кілт тоқтай қалды, артына қайрылып:
– Інім, редакцияға жақында келдің бе? – деді. Мына жігіттің әй-шай жоқ үстіме баса-көктеп кіріп, бұйыра сөйлеп, қитығыма тиетін сұрақ қойып тұрғанына іштей жиырылып, намыстана қалдым:
– Жоқ, біраздан бері осында бөлім редакторымын! – дедім дауысымды нығыздап сөйлеп.
– Әп, бәрекелді! Менің есімім – Мәлік.
– Жомарт. Қол алысып таныстықтың ілтипатын білдірдік.
– Шайыңды қузай бересің ғой, інім, мен қазір келемін, қалған әңгімені шай үстінде айтайық, – деді де, бір қолымен ышқырын ұстап, сыртқа қарай жүгіре жөнелді.
Мәлік көп кешіккен жоқ. Есіктен самбырлап сөйлей кірді.
– Бұрын редакцияларыңа жиі келетінмін. Соңғы кездері ауырыңқырап мұршам болмай кетті. Үстелдің төр жағына өтіп бара жатып, су-су қолын сілкіп-сілкіп қалды. Орындыққа отырып жатып қолының қалған суын күрткесінің кеудесіне сүрте салды. Пакеттің аузын ашып, жарты банка сүтті алып шығып:
– Қолдың сүті, ауылдан, қарындасымның үйінен алып келе жатырмын, – деді. Ол осы сөзді айтқанда шұңқырлау көз шанағының түбіндегі түймедей көзі күлімдеп жарқ ете қалды.
Мәлік төрт кесе шай ішкен соң маңдайы жіпсіп, шығыңқы бет сүйегінің ұшына болмашы леп жүгіріп шыға келді. Осы аралықта шәугімнің сыртын алақанымен ұстап көріп: «Ойбу, суып барады екен», – деп, қайта қайнатқызды. Ал мен бір кесе шайды тас жұтқандай таусап әрең тауыстым.
– Шайды ыстық-ыстық ішу керек. Қалаға қамалып, ауылдың дәмін, қолдың сүтінің иісін әбден ұмытқан екенсің-ау. Самаурынның шайы болса, шіркін! – деп таңдайының дәмін алып тамсанып қойды. Сөйтті де, кесесінің түбіне әлдене ұйып қалғандай ырғап-ырғап басына бір-ақ төңкерді.
Мен сыртқа қарадым. Қылаулап қар түсіп тұр. Тынымсыз төгілген аппақ түйіршіктер көзіңді қарықтырады. Көлбей ұшқан қар ұшқындары буалдыр тартқан терезеге келіп ұрылады да, жоқ болады. Оның артынан тағы бір ұлпа ұшып жетеді. Осы бір қызық көрініске телміріп ұзағырақ отырып қалсам керек, бір кезде:
– Жарайды, інім, мен қайтайын. Тағы да бір-екі редакцияға кіріп-шығуым керек. Сенің де уақытыңды алмайын, – деген Мәліктің дауысынан селт ете қалдым. Токшәугімнің түбінде қақ араласқан бір елідей су қалыпты. Мәлік пакетін жинап кетуге ыңғайланды.
– Рымбекке сәлем айт. Артық-ауыс газет болса, жинап қойсын. Бір-екі күннен кейін келіп алып кетемін, – деді жүре сөйлеп. Басымды изеп жылы қоштастым.
Сәлден кейін Рымбек аға келді. Мәліктің сәлемін жеткіздім. Ол кісі елең ете қалды:
– А, Мәлік деймісің? Ол өзі тірі ме екен, көптен бері көрінбей кетіп еді.
– Ауырыңқырап жүрген секілді. Рымбек аға: «Апыр-ай, ә» деп еріні жыбырлап күбірледі де, қайтадан дауысын естірте: – Айтпақшы, сен Мәлікті танымайтын шығарсың. Бұл өзі бір қызық жігіт. Кезінде журналистика факультетіне екі жыл оқуға тапсырып түсе алмапты. Содан бері, міне, жиырма жылдан асты, редакцияларды жағалайды да жүреді. Мен Мәлікпен «Өркен» газетінде қызметте жүргенімде таныстым. Біздің редакциядан шықпайтын. Ол кезде тепсе темір үзетін, кескен теректей жігіт еді. Арақты да жақсы ішетін. Өзі де ара-тұра мақала, бірдеңе жазатын. Жазғандарын қысқартып, түзеп жариялап тұратынбыз. Мақаласы жариялана қалса, балаша қуанып мәз болатын. «Ауылға, анама салып жіберейін» деп тапырақтап почтаға жүгіретін. Үп-үлкен жігіттің мұнысына біз мәз болып күлетінбіз. Ой, дүние-ай! Сөйткен Мәлік те шау тартып шөгіп барады, енді, міне, ауру жабысыпты, – деді, сөзінің аяғын барынша бәсеңдетіп.
Тыста қар үдей түсіпті. Сәл ызғырық бар секілді. Мың сан қар түйіршіктері буалдыр тартқан терезеге топ-топ болып ұшып келіп қонып жатыр. Рымбек аға сәл кідіріп, үзілген сөзін қайта жалғады:
– Мәлік біраз жылдан бері базар-базарды аралап газет-журнал сатады. Көбінесе газет-журналдарды редакциялардан арзанырақ алып, үстіне тиын жамап күнін көріп жүр.
Есік алдындағы кішкене көшеде көлік қарасы молайыпты. Манадан бері жауған қар қойыртпақ лайға айналып, ары-бері өткен көліктің етегіне шапшып әлек. Ал көктен төгілген аппақ майда түйіршіктер қарақошқыл лайға сіңеді де жоқ болады...
***
Астыңғы жақтан темір баспалдақты үзердей тарсылдаған дауыс естілді. Мәлік ішке сөйлей кірді:
– Есіктің алдында бір әже қолдың сүтін сатады. Бірақ ауылдағыдай таза емес, су қосады. Дегенмен қаттырақ қайнатып жіберсең, ештеңе етпейді, – сөйлей жүріп, жұқа пакеттегі сүтін темір ыдысқа құйып, тоқошаққа қойды.
– Қызым ұйқысынан оянғанша сүті де пісіп дайын тұрады. Оған дейін екеуміз, – деп кереуеттің астына бүкшеңдеп қолын созып, иығынан сәл орталаған «Қазақстан» коньягін алып шықты. «Ішесің бе?» деп сұраған жоқ, екі қырлы стақанға аз-аздан құйды. Мен іштей «көлік жүргізіп жүрмін, ішпей-ақ қояйын дегеніме көне қоймас, аздап ауыз тиейін» деп түйдім. Мәлік жайпақ екі кесеге шыпылдатып қара шай құйды. Кешеден қалған шай болса керек, түсі коньяктан бетер күреңітіп, беті қаймақшып тұр. Ол қырлы стақанды қолына алып, сәл кідірді де, коньякті көмейіне құя салды. Кеседегі шайды тұрған жерінде ернеуінен қауып ұрттады да, маған қарады. «Ал ішіп жібер» дегендей түймедей көзінен инедей бір сәуле қадала қалды. Іркілмей қағып салдым. Қышқыл коньяк тілімді қуырып, көмейімді қарып кетті. Мұнымды сездірмеуге тырысып қара шайды қауып-қауып ұрттадым.
Бүйірлері бір-біріне тиіп тұра қалған екі стақанға тағы коньяк құйылды. Сүттің буы бұрқырап қайнай бастады. Сәлден кейін төменнен айғай естілді. Мәлік құлағын түріп, сәл тың тыңдады да: «Мені іздеп жатқан секілді, барып келейін», – деп орнынан қозғалды. Коньякті де «қылқ» еткізіп жұтып үлгерді. Іле темір баспалдақтың сай-сүйегін сырқыратып төмен түсіп бара жатты.
***
Мәлік редакцияға жиі келіп жүрді. Қыстың қақап тұрған кезі болатын. Бір күні сыртқы есіктің алдында жолықтық. Анадай жерден мені көріп айғай салды:
– Ау, інім, редакцияның есігі әлі жабық тұр. Сиыр түске дейін ырғалып жүргендерің қалай? Әлгі менің Рымбек інішегім де ұйқысын әбден қандырып алып келетін болған ба?!
– Кеше газетті баспаға жіберіп, кеш қайтып едік.
– Сонда да ерте келу керек! Баяғыда мен «Өркенде» жүргенімде таң атпай келіп, түн жарымында қайтатынмын. Тіпті кей кездері автобус тоқтап қалып, үйіме жаяу баратынмын.
– Ұзақ күтіп қалдыңыз ба? Жүріңіз ішке кірейік.
– Сәл күте тұр. Бір тал шылым шегіп алайын.
– Алматы қақап тұр екен.
– Иә, бір аптадан бері суытып кетті.
Қойны-қонышымнан кірген суық ауа сүйегімді қарып, қалтыратып барады. Бірақ Мәлік асығар емес, темекісін асықпай сорып, әңгімесін бастап кетті:
– Ауылға барып қайттым. Пойыздан түскен бетім осы. Ел жақтан алып келе жатқан азырақ сарқытым бар. Иығындағы қара сөмкені бауынан тартып қозғап қойды.
– Жүріңіз, қалған әңгімені кабинетте жалғастырайық.
Мәлік екінші қабаттағы редакцияға екі демалып әрең жетті. Ортадағы үстелге сөмкесін күрс еткізіп тастай салды. Ептігін басып сәл отырды. Мен төкшәугімді қолыма алып шай қоюға ыңғайланып едім:
– Інім, шай ішпей-ақ қояйын, – деді бірден. Сөйтті де, сөмкесін ашып жартыдан сәл көбірек «Қазақстан» коньягін алып шықты. Жанында екі стақаны, бір литр коласы бар:
– Бүгін осыны ішеміз.
– Мұныңыз қалай болар екен? Қазір жұмыс уақыты, оның үстіне үстімізге біреу-біреу кіріп келсе, ыңғайсыз дегендей.
– Дәл қазір ешкім келе қоймайды. Қолыңды көп байламаймын. Басқа да баратын жерім бар.
Мәлік менің жауабымды күткен жоқ. Екі стақанға орта-орта етіп коньяк құйды:
– Саған әлі айтпаппын ғой. Жақында мына жаман ағаң 50 жасқа толды. Туған елге, ағайын-туыстың арасына барып өткізіп келдім. 500 мың теңге кредит алып едім асып жетті. Ағайын-туыс та, сыныптастар да қол қусырып қарап қалған жоқ. Мақтанғандай болмайын, сыныптастардың арасында Алматыда тұратын, жазып-сызғандары газет-журналға жиі жарияланатын мен ғанамын. Содан да болар, ауылға барсам, байғұстардың жаны қалмайды. Мынау сол тойдың дәмі, кел, інім, алып жіберейік.
Мәлік бірден жұтып жіберді, мен екіге бөліп әрең тауыстым. Тамағымнан тік құлдап ішіме қарай екі түйнек жалын жылжып бара жатты.
– Осы жолы сыныптастарым өкпе-реніштерін айтты, «бұрындары газет-журналдардан сенің фамилияңды оқып қуанып қалатын едік, қазір оны да қойдың», – дейді. Олардың өкпелері орынды әрине, тіршілік деп шапқылап, жазуға да қол тимей кетті. – Мәлік үнсіз отырып қалды. Біраздан соң екі езуін сылп еткізіп сүртті де, сөзін жалғастыра жөнелді:
– Ауылдағы газет-журналдарымды алып келдім, – сөмкесінің түбін сыртынан сипап-сипап қойды:
– Баяғыда жарияланған дүниелерімнің бәрін анама жіберетінмін. Ол кісі өзі хат танымайды, бірақ менің мақалаларымды сандығының түбіне салып сақтап жүретін. Ауылға бара қалсам, сандықтың құлпын ашып: «Үйдегі ұл-келін, немерелердің ешқайсысы жарытып оқып бермейді, енді өзің дауыстап оқышы», – деп газет-журналды алдыма жайып салатын. Мен дауыстап оқи жөнелемін, шешем сонда: «Әкең марқұм сенің жазғандарыңды оқи алмай кетті ғой», – деп көзіне ыстық жас алатын. Сөйткен шешем де бірер жыл бұрын дүниеден өтті. Ауылда енді газет-журнал кімге керек дейсің?! «Шешемнің көзі ғой» деп әдейі алып келдім.
Бөлмені меңдеткен ауыр үнсіздікті бір-біріне соғылған стақандардың дыбысы бұзды. Кезек-кезек жұтып жібердік, онан соң екеуміз де үнсіз сыртқа көз тіктік.
Терезенің етек тұсындағы аяздың қолымен өрнектелген айшықты суреттер күн өткен сайын жоғары ұмтылып өсіп келеді. Бейне көше бойындағы қар басқан қарағаштың көктемгі ұсақ жапырақтары терезеге келіп қонақтағандай.
– Жарайды, інім, мен жүрейін. Рымбекке сәлем айт. Мәлік сөмкесін асығыс жинап, сүлесоқ қоштасып шығып кетті. Терезеден қарап тұрмын. Аяғын сүйрей басып, сөмке асынған иығына қарай ауып түсіп ұзап барады. Жалаңаш қолымен екі құлағын кезек-кезек басып қояды. «Бас киімін ұмытып кеткен жоқ па?» деп бөлме ішін тінте қарадым. Көзіме ештеңе ілікпеді.
***
Мәлік кабинаға шабына сөйлеп кірді:
– Осылар қарауыл дегенді құлақ кесті құлымыз деп ойлайды-ау деймін. Күні бойы құйрығыңды жер иіскетпейді. Жоқтан өзгеге жұмсай береді. Бүйтіп ит әуремді шығара берсе, кетем де қалам. Екі қолға бір жұмыс қайдан болса да табылады, – бұрқылдап-бұрқылдап барып басылды. Екі стақанға шақтап коньяк құйды да, өзінікін дем алмай жұтып жіберді. Жүзінен ашырқанған белгі білінбейді. Тек бетіндегі ұсақ-ұсақ ұзын сызықтар тереңдеп бара жатқандай сезілді.
– Газет-журналдардың күні батып барады. Бұрын базарларға апарсаң, таласып-тармасып сатып алатын. Қазір тегін берсең де алмайды. Сондықтан базар аралағанды қойдым, – деді жеңіл күрсініп. Көзінің айналасына ұсақ-ұсақ сызықтар пайда бола бастады. Әр стақан коньякті жұтқан сайын ұсақ сызықтар бірінің құйрығын бірі тістеп, жыбырлап көбейіп келе жатқандай. Стақандағы коньякті енді көргендей көзін айырмай телміріп отыр. Еріні жыбырлап бірдеңе айтқандай болды. Онысы анық естілмеді. Жеңіл жұтынды:
– Шешем марқұм жинаған газет-журналды қарындасымдікіне апарып тастадым. Қалада ары-бері көшкенде тозып жоғалатын түрі бар, – сөзін ары жалғай алмай кідіріп қалды. Жітірмелетіп ішкен екі-үш стақан коньяктан ба, кеудесі сырылдап, деміге бастады, бірақ сонда да әр әңгіменің басын бір шалып, үзіп-үзіп сөйледі:
– Кеш үйлендім, дәм-тұзымыз жараспай ажырастық. Қызымның атын Айнамкөз деп өзім қойғанмын, – ештеңені сезбей қамсыз ұйықтап жатқан қызына қарады. Дәл осы кезде Мәліктің қаншалық мейірленіп, жүрегі езіліп отырғанын жүзіне тепшіп шыққан жұмсақ күлкіден аңғаруға болады. Оның қызына мейірлене қараған сәті – жүрегі тынышталатын ең бір бақытты кезіндей сезілді. Кенет бірдеңеден шошынғандай көзін Айнамкөзден тайдырып, қабырғадағы Монроның фотосына телміріп қарай қалды. Енді байқадым, фотоны әлде бір журналдың айқара бетінен жұлып алыпты. Монроның омырауының астыңғы тұсынан бүктелгені әрі шегемен ілінгені білініп тұр. Мәлік қабырғаға қарай қолын созып, орнынан атып тұрды. Фотоға қатарласа ілінген күнтізбенің екі парағын жұлып алды:
– Екі күннен бері жыртылмапты. Уақыт бізден озып кетіпті, – деді суық жымиып. Сөйтті де, жыртып алған парақты аударып, артына сәл қарап тұрып, үстелдің шетіне қоя салды:
– Әр сенбі сайын қызымды осында алып келемін, кешке апарып тастаймын, – бөтелкенің түбінде қалған екі елі коньякті шайқап-шайқап құйды. Одан соң есіне бірдеңе түскендей тамағын ақырын қырнап алып сөйлей жөнелді:
– Баяғыда «Өркен» газетіне үнемі жазып тұрдым. Кейін олар журналистік карточка берді, – күртесінің ішкі қалтасына қолын сұғып, сырты жұқа целлофанмен оралған, қызғылттау карточка алып шықты:
– Қайбір күні митингке шыққанымда миллицияға көрсетіп едім, «уақыты өтіп кеткен, жарамайды» дейді. Мейлі, өте берсін, адал еңбегіммен алған карточкам ғой. Оны қойшы, фотома қарашы, жалындап тұрған жас едік шіркін, – бұйра шашты, қияқ мұртты жас жігіт көзіме оттай басылды. Қабағы көтеріңкі, жанары да қазіргідей өлеусіреп, шөңетке сіңіп кетпеген, ойнақшып тұр. Мәліктің жүзіндегі жылы жымиыс қана өзгермеген секілді. Осы жымиысты жаңа ғана қызына мейірлене қарағанда анық байқадым. Карточканы қолымнан ақырын алып, сыртын қайта ұқыптап орап, қалтасына салып қойды. Одан соң менің алдымдағы стаканды өз стаканына қотарып құйып, бөліп-бөліп жұтып жіберді. Өңі боп-боз болып шыға келді. Кеудесінің сырылы күшейіп, қылқынып жөтеле бастады. Жөтелі күшейген сайын қысқа мойыны жиырылып жейдесінің жағасына бұғына түсті. Бір кезде құлағының ұшына дейін қызарып кетті. Бет орамалын алып көзінен аққан моншақ-моншақ жасты сүртті. Сәлден кейін өкпесі сырылдап барып басылды. Шұңқырлау көз шанағын ыдыстың ішін тазалағандай асықпай сүртті. Жіпсіген ақбурыл самайын алақанымен басып-басып қойды. Әкесі жөтеле бастағаннан бері қозғалақтап, қыңсылап жатқан Айнамкөз дәл осы кезде шар етіп жылай жөнелді. Мәлік біраз уақыт қызық уатам деп әуре болды. Сәлден кейін Айнамкөз өксіп-өксіп барып қайта ұйықтап кетті.
– Жүр, сыртқа шығайық, – деді сыбырлап. Кабинаның алдында, контейнердің үстінде тұрмыз. Табиғатты күздің қара суығы меңдете бастапты. Ауаны қураған жапырақтың қаңсық иісі кернеп тұр. Аспанды қара бұлт тұтастай қымтап алған. Мәлік бір тал темекі тұтандырып, құшырлана тартты да:
– Осы арадан Алатау сондай әдемі, асқақ көрінетін, бүгін бұлт бүркеп тұрғаны-ай, – деді.
Сәлден соң сібірлеп жауын жауа бастады. Суық ауадан гөрі денеме жабысқан майда тамшылар жылырақ сезілді.
– Кабинаның үстінен су тез өтіп кетеді. Қызымды шешесіне жеткізіп тастайын. Оның үстіне ертерек апармасам, келесі жолы жібермей қояды.
– Қай жерге барасыздар?
– Момышұлы – Райымбек батыр көшелерінің қиылысы.
– Мен ала кетейін, көлігім дайын болған секілді, әне, сыртқа шығарып қойыпты, – дедім, ТЖО жақты иегіммен нұсқап.
– Жарайды, мен онда Айнамкөзді оятып сүтін берейін, сен көлігіңді қыздыра бер.
Айнадан арқа жаққа жалтақтап қарап қоямын. Мәлік Айнамкөздің кіп-кішкентай жұдырығын жұмып-ашып «қуыр, қуыр қуырмаш» ойнап отыр. Айнамкөз бірде әкесінің бауырына кіре түсіп мәз болып күледі, енді бірде кіп-кішкентай қолдарымен әкесінің салалы саусақтарын бүгіп, жазып «қуыр, қуыр, қуырмаш» ойнайды. Сатырлаған жауын мен ары-бері ағылған көліктердің дауысы ештеңені естіртпейді. Тек ара-арасында Айнамкөздің сықылықтап күлгені, Мәліктің «қуыр, қуыр, қуырмаш» дегені еміс-еміс құлаққа шалынады.
Жауын төпеп тұр. Терезенің арғы жағынан сұрғылт қала буалдыр тартып көрінеді. Мәлік айтқан мекенжайға жетіп, жолдың жиегіне тоқтадым.
– Жарайды, інім, жолың түскенде жұмыс жаққа келіп тұр. Абайлап жүр. Айтпақшы, әлгі Рымбектің жүрегі қысып ауырып қалған көрінеді. Өткенде базарда жолығып қалдық. Егер кездесіп жатсаң, менен сәлем айт.
Екеуміз қол алысып жылы қоштастық. Күрткесін шешіп Айнамкөзді орады да, көліктен түсуге ыңғайланды. Әне, иығы қушиып жаңбыр астында жүгіріп барады. Сол жақ аяғын ауырсынбай нықтап-нықтап басады. Мәлік пен Айнамкөздің қарасы үзіліп, жер асты жолына түсіп кеткенше көз айырмай соңдарынан қарап тұрдым.
Көлігімді ақырын жылжыттым. «Қуыр, қуыр, қуырмаш, балапанға бидай шаш...». Мәліктің тұтқыр, қарлығыңқы дауысы алыстан талып естілгендей болды.
Желтоқсан, 2020 жыл, Алматы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter