Өлеңдер ✍️

  20.05.2021
  208


Автор: Жақсылық Қазымұратұлы

ОН ТӨРТ ЖАС РОМАНТИКАСЫ

Тентек  жылдың тебінді көр текпегін,


Бара жатыр жүректі өртеп тебін,


Саған алғаш кезімде ынталанған,


Сен он үште, мен онда он төртте едім.


 


Секілденіп қимылың бірден елік,


Жас көңілді арбайтын гүлге жерік.


Ауылымыз көрші еді, оқуға біз,


Бірге барып жүруші ек бірге келіп.


 


Көктем еді, көктемнің оран гүлін,


Арасында соқпақ жол тораңғының,


Есіңде ме екеуміз адасып ек,


Алай-дүлей ұйтқыған боранды күн.


 


Көңіліңе қорқыныш тасқын енді,


Боталанып жанарың жас тіленді.


Үрейленіп ойпыр-ау дейсің сонда –


«Жейтін болды біздерді қасқыр енді».


 


Бола білдім жүректі, төзімдірек,


Құлағымда өтінген сөзің жібек.


«Шаршап біттім» дедің де «арқалап ал»,


Мойыныма арттың, о, ғажап, өзің білек.


 


Болып бір сәт сезімге «қалқа» қарық,


Ынтызарлық көңілім тарқап анық.


Қандай бақыт таң атпай түн ұзарып,


Жүре берсем әлдилеп арқаға алып.


 


Балалықтың ұшқанда қолдан бағы,


Сағыныштың кеудемде толғанды әні.


Армансыз ем адасып жүре берсем,


Сені арқалап жол таппай сол маңда әлі.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу