Әңгімелер ✍️
«Николай» хикаяты
— «Жол алыс. Малдарды жеткізетін жерге дейін 1200 шақырымдай жүру қажет. Сондықтан, ертең таңғы бестен қалмай Ұлан ауданының бұрын «Точка», қазір «Баяш Өтепов» болып аталатын ауылының жанындағы базада болыңыз. Астанаға баратын малдарымыз сол жерден тиеледі — деп «Камаздың» иесі әрі жүргізушісі Петров Николай Григорьевич атты өскемендік азаматқа жақсылап айтып, түсіндірген болатынмын. Жолға шығуға алаңдағанымнан болар, күндегіден ерте ояндым. Далаға шығып, беті қолымды суық суға жудым. Алма жеңгеміздің таңғы шайын ішуге отырдық.
— Сәдібек, қора жаққа қара, дұрыс жүргізуші тапқан екенсіңдер, таң атпай келіп, «прицепінде/тіркемесіне», «Камазында» мал тиеуге ыңғайлы жерге қойыпты — деп Мәмбет ағам терезе жақты нұсқады. Ия, кеше Өскемен қаласының «Бабкина мельница» аталатын жерінен тапқан адамымыз, келіскен уақыттан ерте келіп, бізді тосып тұр.
— «Камаздың» бортын да көтеріп қойыпты. Бұл жақсылықтың нышаны. Жолымыз болады екен, — деп мен жауап қаттым.
Астана қаласының іргесіндегі «Жаңажол» ауылына апаратын үш үйдің, оның ішінде Еркінбектің, Нұрланның және менің малдарымызды көлікке тиедік. Алдымен «Камазға» жылқылар мен ірі-қараларды, «прицепке» бұзау-торпақ, қой-ешкілерді орналыстырдық. Нұрлан мен Еркінбек «көкшолақ» атанып кеткен алтыншы маркалы көк түсті жигулимен құжаттарын алуға аудан орталығына жүріп кетті. Мөлшері сағат 9-10 — ның аралығында «Таврия» селосының «Семей» қаласына шығар жолындағы дәмханасының алдында жолығатын болып уағдаластық. Мен, мал тиеуге көмектескен ағайындар мен ауылдастарға рахметімді айтып, қош болыңдар десіп, «Камаздың» кабинасына, жүргізуші Николай Григорьевичтің жанына келіп отырдым. Көзім бірден оның тура алдында ілулі тұрған, ақ жарқын күліп тұрған әдемі орыстың әйелінің фотосуретіне түсті.
— «Жатқан жері торқа болсын, бұл кісі, менің жан-жарым, менің алтыным, менің сүйіктім, менің баларымның анасы Лариса» — деп, суретті аялы алақанымен екі-үш мәрте сыйпады Николай Григорьевич. Неше күнгі жан-жақтан мал жинау және ұйқының аздығы болар кабинаға отырысымен бірден қалғып кеттім.
— Сәке, мен жылдам кіріп, үйден қажетті киім-кешектеріммен заттарымды алып шығайын-деді Николай, машинасын тоқтатқан сәтте. Сағатыма қарасам, таңғы жеті жарым, сол екі арада бір жарым сағат өтіпті. Біз, Өскемен қаласының «КШТ» (Жібек маталар) аталатын мөлтек ауданының дарынды жазушы ағамыз Оралхан Бөкеев көшесінің бойындағы Николайдың үйінің қасына тұрмыз. Кабинадан түсіп, үйіне қарай бара жатқан Николай Григорьевичтің жүріс-тұрысынан, қозғалысынан мәдениеттіліктің ізі анық байқалды. Орта бойлы, толық денелі, жүзі жайдары ол, тума интеллигент атанған, өмір бойы қарапайым механизатор болып істеген Аташ жиен ағамды елестетті. Өмірде академик, доктор, профессорлардың бәрі ондай интеллигент адам бола алмайтынын күнде көріп жүрміз. Олардың көбі екіжүзді, сатқын болып келеді. Сатқын емей немене, ебінтауып, студенттерінен, магистранттарынан, доктаранттарынан пара алып, күнәға батып жүр. Сонымен қоймай, ел алдына шығып сөз сөйлеп, ақыл айтуға шебер. Мен үшін, олардың жанында, Аташ аға мен мына Николай Григорьевичтің тұғыры биік.
Николайдың үйіне кіргенінен, шыққаны тез болды.
— «Кеттік. Алдымызда жаңа елордамыз — Астана қаласы. Жолымыз болсын!» деп ол өз орнына жайғасты.
— «Жолымыз болсын! Аман-есен жетейік» — деп мен оны қостадым.
Жиырма минуттан соң тура сағат тілі сегізді көрсеткенде Ахмер селосынан өтіп бара жаттық. Міне, повестің жазылуына себеп сол сағаттан басталды десем қате айтпаған болар едім. Осы сәттен бастап, кабина іші үлкен сөйлесу пунктіне айналды да кетті. Николайдың «Нокия» телефонында бір тыным жоқ. Дыз-дыз. Звоноктан-звонок, қоңыраудан-қоңырау соғу, оған жауап қайтару. Жауап болғанда қандай, бірінен-бірі маңызды, тартымды. Тыңдапотырған адамның жан-жүрегін шымырлатады. Мысалы: — «Рахмет Танюша, жан-жүрегім! Өздерің, Игорь екеулерің балаларыңмен бақытты өмір сүріңдер! Танюшасен біздің төлбасымызсың. Сен туғанда мамаң екеуіміз қалай қуанғанда білесің бе?! Сендер, анашың Лариса екеуіміздің өміріміздің мәні де бағысыңдар!».
— «Қайырлы таң, Игорь! Құттықтауыңа рахмет айтамыз. Татьяна екеулерің бақытты болыңдар. Бізге аналарыңыз Лариса екеуімізге тек сол керек».
— «Светлана-Антон! Таң атпай құттықтауларыңызға рахмет. Мен, Лариса мен бірге жол жүріп барамын. Жұмыс істеп, табыс тапсам, өзімді бақытты сезінемін. Сендерге айтарым, тек алға! Ештеңеге алаңдамай, Қазақстанға адал қызмет істеңдер. Ол сендердің отандарың екенін ұмытпаңдар».
— «Құлыным, Оля! Сені, анашың Лариса екеуіміз, қалай жақсы көретінімізді білесің бе?! Сенің бұл өмірде бақытты болғаныңды тілейміз. Оля, тыңда мені, Саша жаман жігіт емес. Маған ұнайды. Бір қатесі болса кешір. Кешірім сұрады, кешірдім-дейсің бе, міне молодец. Онда, шешең Лариса екеуіміздің көңіліміз орнына түсті. Менің туған күніме сыйлаған үлкен сый осы болады. Астанадан оралған соң, «Аудиді» СТО—ға кіргіземін. Жап-жаңаболып шығады. Оған алаңдамаңдар. Оқуларыңды оқыңдар, білікті маман болып шығыңдар».
— «О, Александр, құрметтім, көп рахмет құттықтауыңа! Жігітке жараспайды, қайта-қайта кешірім сұраған. Бір сұрадың, болды. Енді тек қайтала ма? Мен сені жақсы көремін. Ақкөңілдісің. Ең бастысы, бізді Лариса екеуіміздің риза болатынымыз, сенің қателігіңді дер кезінде түсінгеніңде жатыр. Оляны алақаныңа сал. Ол сенің болашақ балаларыңның анасы. Айттым ғой, машинаны жөндеуге абыржыма. Мен келісіп қойдым. Бірге жөндейміз».
— «Көп рахмет, құдаларым, менің құдағиларым! Сендер барда, менде өмір бар. Бізге Лариса екеуімізге жақсы күйеу балалар тауып бергендеріңе мыңда бір рахмет. Күйеу балаларымды, қыздарымнан кем көрмеймін. Қыздарымыз жақсы азаматтарға кездесті деп, күнде Лариса құдағиларыңызға айтып отырамын. Сіздерге мықты денсаулық және мол бақыт тілеймін!Балаларымыз бен немерелеріміз аман болсын!».
— «Рахмет, құрметтім Вера Герасимовна! Геннадий Матвеевич екеулеріңіздің алдарыңызда мен қарыздармын. Қиын заманда Светаны бағып-күткендеріңіз үшін алғысым шексіз. Оны өмір бойы ұмытпаймын. Қайдағы дем алған? Жұмысым менің демалысым. Бұл жалған өмір де бір болайық, осылай туыстығымыз нығая берсін! Мен сіздерді жақсы көремін». Толассыз телефон шалып, құттықтаулар айту мен оған жан-дүниеңді балқытатын жауап қайтару Таврияға келгенге дейін созылды.
— «Бұл не деген көп құттықтаулар?» — деп Николайдан сұрадым.
— «Cіздің осы сұрақты маған қоятыныңызды сезгенмін. Бүгін менің туған күнім. Туған күн болғанда, мен тура 50 жасқа келдім. Былайша айтқанда мерекелі дата. Юбилейім» — деді ол.
— «Юбилейде жұмыс істеушіме еді. Мен, былтыр 45 жасымды бүкіл Астанада дүрілдетіп өткіздім. Жан-жақтан қонақтар келді. Ән салдық, биледік, тойладық.Сізге таңданып отырмын, Николай Григорьевич?».
— «Сәке, бұл, сыры бар үлкен және ұзақ әңгіме. Қазір, Таврияға Нұрландармен кездесетін межелі жерге де келіп қалдық. Алдымен малдарға су берейік. Шөлдеп қалған шығар. Кафеден шай ішіп, тамақтанып алайық. Сосын ,ұзақ жолды қысқартар бұл хикаяны сізге бастан аяқ айтып берейін, күнде жазушымен жүрмеймін емес пе. Келістік пе» — деді Коля.
— «Мен, келістік» — деп жауап қаттым.
Нұрландар жарты сағаттай кешігіп келді.
— «Аға, біз барған жерден тамақтанып алдық. Жүре берейік. Сіз, маған «көк шолаққа» отырыңыз, салонның артжағына жатып, ұйықтап дем алып аласыз. Еркінбек «Камазға» отырсын» — деді Нұрлан інім.
— «Жоқ. Мен, Николай Григорьевич уәде еткен әңгімесін тыңдаймын» — дедім.
— 1952 жылы дүниеге келдім-деп бастады әңгімесін Николай. Туып өскен жерім, осы Таврия ауданының «Саратовка» селосы. (Автордан: қазір Ұлан ауданы). Әке-шешелерім де осы өлкеден. Олар алдымен колхозда ,кейін совхозда қарапайым жұмыс істеді. Қазақтармен көп араласқан. Қайнаров Темірғали ағалармен әлі күнге дейін тамырмыз. Ұландықтардан жақсылықты көп көрдім. Оларды шын құрмет тұтамын. Ол туралы әңгіме барысында айтып өтемін.
Біз төрт ағайындымыз. Екі ұл, екі қыз. Мен балалардың үлкенімін. Ларисамен бір мектепте оқыдық. Ол менен екі жас кіші болатын. Онымен оныншы класта оқып жүргенде жүргенде таныстым. Біздің класс сегізінші «б» кластың шефы болатын. Бір жолы, 9-мамыр Жеңіс күніне арналған патриоттық мәдени-іс шара ұйымдастырып өткізу Лариса екеуімізге жүктелді. Біз ол тапсырманы орындауға бойымызда бар барлық қабілет-қарымымызды жұмсап, өте тиянақты дайындық жұмысын жүргіздік. Соның нәтижесінде, біздің Бағдарлама мектеп бойынша ең үздік болып танылды. Екеуіміз содан бері біргеміз. Қазірде мәңгілік біргеміз деп Николай Варламович әйелінің фотосын тағы да алақанымен ұстады. 1970 жылы міндетті әскери борышымды өтеуге шақырылдым. Лариса менімен Өскеменге бірге келіп , Армияға өзі шығарып салды. Екі жыл Хабаровскіде автомобильдер полкінде болдым. Екі жыл біріміз — бірімізге үзбей хат жазысып, телефон арқылы хабарласып тұрдық. Кейін санағанымызда 200 дей хат жазыппыз.
«Мен кеткенде сен кішкентай бүлдірген, бүлдіргеннің тез пісерін кім білген» деген ақынның жырындай, 1972 жылы әскерден келгенде алдымнан үлбіреп, бой жеткен Ларисам қарсы алды. Біз үшін бәрі анық болатын. Сол күні жаратушының қолдауымен екі жарты бір бүтін, ерлі-зайыпты болып бас қостық, қол ұстасып болашаққа бірге аттадық.Лариса бухалтерияға мен шоферлық жұмысқа орналастым. Кеңес одағына өкпем жоқ. Совхоз әкімшілігі тойымызды өткізіп, екі бөлмелі үй берді. Мен, совхоз-техникумның агрономия, ал, Лариса бухалтерлік оқудың сыртай бөлімдеріне оқуға түстік. Бұрынғыдай, селоның, тіпті ауданның қоғамдық мәдени-көпшілік жұмыстарына белсене араласамыз. Біздің қатысуымызсыз совхозда бір мерекелік концерт өтпейтін болды. Өйткені барлық сценарийді біз Лариса екеуіміз жазамыз. Айтып-айтпай не керек, совхозда өте беделді болдық. Тұңғышымыз Татьяна туардың алдында үлкен төрт бөлмелі үйге қол жеткіздік. Таня 1973 жылы, Светлана 1975 жылы жарық дүиеге келді. Ольга бес жылдан кейін 1980 туды. «Мен саған, мұрагер ұл тауып беремін» деп Лариса болмады ғой. Ол кезде бізде бәрі бар еді. Үйде, күйде, атақ та абыройда бар болатын. Лариса үшінші баланы ауыр босанды. Қан көп кетіп, ес-түссіз екі күн жатты. Үшінші күні қайтыс болды. «Орта жолда атың, орта жаста әйелің өлмесін» деп бекер айтылмаған. Мен басыма түскен қайғыдан бір күнде сынып, отыз жасымда опырылып түстім. Не болғанын әлі күнге дейін түсінбеймін, қайғыдан болған қиындықты көтер алмадым ба, белгісіз, мен біржолата ішкілікке салынып, түзелмейтін маскүнем болып кеттім. Айлап, жылдап арақ іштім. Жатып іштім, кір батпаққа аунап іштім, үйдің мүлкін сатып іштім, бермесе ұрлап іштім. Бір күн сау болған күнім жоқ. Кәдімгі адам шошитын үсті басы кір-қожалақ, жаман иіс шығып тұратын «бич»-«бомж» атандым. Алдымен менен туыстар безді. Үкімет сот шешімімен әкелік құқымнан айырды. Ольга балалар үйіне алынды. Татьянаны Барнауылда тұратын қарындасым Маргарита алса, Светаны Павлодар қаласында тұратын Ларисаның апайы Вера Герасимовна бауырына басып алған. Мен оны кейін есім келген соң ғана білдім. Бұл сұмдық жағдай 1980 жылдан дан 1985 жылға дейін созылды. Сол кездегі басымнан кешкендерімді, ит өмірімді достарым емес, дұшпандарыма да тілемеймін. Оның бетін ары қылсын. Осы адасқанбес жылымды өз өмірімнен мүлдем сызып тастағанмын. Сонда мен, қазір елуде емес, қырық бестемін. Қазір ойлап отырсам, сол бес жыл нағыз каторга болды.Өскемен қаласында мен түнемеген подвалдар жоқ шығар. Өзімше Барнаулыға қызымды іздеп барамын деп, шешендерде бір жылдай малдарын бағып, құл болдым. Сонда ұрып соғудың көкесін көрдім. Олардан өлдім дегенде, қашып құтылдым. Өскеменге оралдым. Бұрынғы қайыршылық қалпыма қайта түстім. Күндіз бос бөтелкелер жинап, соларды өткізіп, түскен тиын-тебенге ең арзан арақтарды алып ішеміз. Сақалымның көптігіне орай басқа бомждар маған «Бабай» деген ат қойып, айдар тақты. Сондай күндердің бірінде таң қылаң бере біреу иығымнан қатты түртіп оятты. Оянып, бұл кім екен деп қарасам, о тоба, алдымда Лариса тұр. Сізге өтірік, маған шын тірі Лариса тұр. Алдымен құшақтап, не болып кеткенсің өзің деп, бетімнен сүйді. Жүрегім орнынан қозғалып, денем дірілдеп, басым айналып кетті. Басымды Ларисамның кеудесіне қойып, өксіп жыладым.
— «Тыңда саған айтар сөзім бар-деді Лариса шашымды сипап. Сені ана дүниеден арнайы іздеп келдім. «Балаларымызды сорлатпаймыз. Тұмсықтыларға шоқтырмаймыз, қанаттыларға қақтырмаймыз. Оларды жылатпай әлпештеп өсіреміз» деген антымыз қайда қалды. Неге балаларымыз жан-жақта жүр. Таня он үшке келіп қалды. Бізді іздеп жылағанын күнде көремін. Света да солай. Олар бізді сағынады. Ал, Оляның жағдайын қазір шешпесең, одан айырыламыз. Басқа біреулер оны алып кетпекші. Мен өлгенмен сен тірісің ғой. Әкесі емессің бе, жылатпа балаларымызды.Жамандықтан арыл, санаңа сілкініс, өміріңе серпіліс бер! Сенің бағың үлкен жолда. Жүргізушілігіңе қайта орал. Қазақ достардан көп көмек болады. Енді адаспа, Николай?! Мен саған сенемін, жаным!»-деді де Лариса кішкентай терезеден ақ құс болып ұшып, шығып кетті.
«Лариса», «Лариса» деп, қатты дауыс шығарып, мен орнымнан атып түрегелдім. Суық подвалда картон қағазды төсеп жатқан, төрт-бес «бомждар» менің айғалаған дауысымнан шошып оянды.
— Олар, қайтсін, не болды, «Бабай» десіп, көңілімді аулап жатыр. Маскүнемдердің өз заңдылықтары бар. Олар ертеңгі «бас жазарды» қалтырып, тығып қояды. Біреу басыңды жаз ал, мынаны тартып жібер деп тұрса, екіншісі, «Бабайдың» есі мүлдем ауысты деп жатыр.
— «Жаңа ғана мені қайтыс болған әйелім Лариса түртіп оятты. Ол қайда кетті ? Көрдіңдер ме сендер оны?» деп тағыда қатты дауыстадым. Терзенің түбінде жатқан «әріптесім», «мен көрдім, ақ бұл жамылған, ақ құбаша келген әйел сенімен көп сөйлесті де, мына терезеден шығып, ғайып болды» — деп жауап қатты. Ұшып тұрып әлгі терезеге бардым. Тура қарт «Ертіс» пен «Үлбі» өзендерінің тоғысқан тұсындағы арал көзіме түсті. Бірден арал мені өзіне тартты. Осы арал менің құтқарушым болады-деп ойладым да, ештеңеге қарамай, терезеден далаға атып шықтым. Ойымда тек, Ларисаның айтқандары. Ертістен жүзіп өтіп, аралға жеттім. Жын-шайтандарды қуатын «Бақсылардай» жұлынып, әрлі-бері жүгіріп, небір жаттығулар жасадым. Қайта суға түсіп, адами қалпыма келе бастадым. Сол аралда он күн үзбей жаттығу жасап, дұрысталдым. Бірінші кезекте әр-түрлі жұмыстар істеп, сақал мұртты алып, үсті-басымды түзеп, киім-кешектерімді ауыстырдым. Біртіндеп, адам санатына қосылдым. Алдымен, балаларымның хал-жағдайын сұрастырып білдім, олардың мекенжайын алдым. Оляны іздеп балалар үйіне бардым. Интернат директоры Ханипа Асылбекқызы жылы шыраймен қарсы алып, баламмен кездесуге рұқсатын берді. Қызымды құшағыма басып, жіберген қателіктерімді сезініп, өзімді-өзім қайрадым. Ларисаның ескерткені тура келді. Тұманды Альбионда тұратын ағылшын отбасы Ольганы бала қылып аламыз деп хаттың үстіне хат жазуда екен. Кешеуілдеп жатқаны екі ел арасындағы мемлекеттік құжаттардың реттелмеуі болып тұр. Мен таяуда сот арқылы әкелік құқымды қалпына келтіріп, баламды өзіме аламын және ешқандай ағылшынға қызымды бермеймін деп, арыз жазып, директорға тапсырып кеттім. Жолы болғыр, директор, сөзінде тұрды, жоғары жаққа «тірі әкесі тұрғанда баланы шет елге жіберуге қарсымын» деп жауап хат жазады. Мен, дұрыс өмір сүруге, үй болуға, балаларымды қайтаруға бар күшімді, қажыр-қайратымды салып кірістім. Өмір-күрес. Маскүнемдікпен мәңгілікке қоштастым. Өзіме нақты міндеттер жүктеп, үлкен асулар мен биік белестер игеруді жоспарладым. «Талаптанған жетер мұратқа»деп бекер айтылмаса керек. Еңбектің арқасында жолым болғанның үстіне бола түсті. Әкемнің тамыры әрі жақын досы ұландық Темірғали аға маған көп көмектесті. Ол кісі мал бригадасының бригадирі болып жұмыс істейтін. Оған жоспарларымды жасырмай айтып бердім. Мені мұқият тыңдаған ол: — «Мына айтқандарыңды жүзеге асыру үшін қыруар қаржы керек. «Өскемен-Алматы» жолының бойында орналасқан мал бордақылайтын фермаға аға бақташы қажет болып тұр. Айлығы жақсы, бірақ жұмысы жауапты. Паспорт алуыңды, жүргізуші куәлігіңді жөндеуді, басқа да құжаттарыңды алуға атсалысайын» — деді. Бір қыс малшы болдым. Қомақты табыс таптым. Темір аға сөзінде тұрды. Бүкіл құжаттарымды нотариус, сельсовет және аудан мекемелері арқылы жөндеткізіп, ескілерін қайта қалпына келтіріп, жоғалғандарын жаңартып бергізді. Бұл кәсіппен одан әрі де шұғылдана берер едім. Сабақты ине сәтімен деген, бір күні, әдеттегідей табынды далада жайып жүрген болатынмын. Жолдың бойында тұрған екі дөңгелегі бірдей істен шыққан үлкен жүк машинасын кездестірдім. Шофері мені қол бұлғап өзіне шақырды. —«Жақын жерде телефон бар ма? Өскеменге қоңырау шалып, жөндеу бригадасын шақырмасам болмайын деп тұр. Түнге қалатын түрім бар. Өзім жалғыз үлгере алатын емеспін. Сменшик ауырып жатыр»-деді маған қарап.
— «Бұл маңайда телефон станциясы жоқ. Мен көмектесейін» — деп ниет білдірдім. Аға жасқа келіп қалған шофер қуанып кетті. Бала жастан машина жөндеу менің стихиям болып табылады. Әсіресе, дөңгелектерді ауыстырып, салуға құштармын. Екі жарым сағаттан астам тоқтаусыз жұмыс істеп, қирағандарын қалпына келтіріп, дөңгелектерді орнына қойдық. «Камаздың» иесі Измайлов Андрей Юрьевич менің іскерлігіме дән риза болды. Ол қолына блакнотын алып, менің аты жөнімді адресімді жазып алды. Мен малымды бағып қала бердім. Екі айдан соң мал бордақылап жатқан қыстағымызға мені іздеп Андрей Юрьевич келді. Бұл кез Горбачевтың қайта құруының нәтижесінде, нарықтық экономикаға бет бұрылған, кооперативтің жаңа-жаңа бастау алған тұсы болатын.
— «Жаңа Камазды жалға алдым. Арендасын төлеген соң жекеменшікке айналады. Үлкен жолда жүретіндіктен перспективасы да мол болайын деп тұр. Маған көмекшілікке, екінші жүргізуші болуға шақырамын» — деді. Аспаннан сұрағаным, жерден табылды. Сүйікті жұмыс өзі іздеп келді. Оның үстіне «Саған, Коля үлкен жол көп көмек береді»-деп Ларисамның айтқаны бар.
— Сәке, жалыққан боларсыз, енді қысқартып айтайын, шынында үлкен жолда бағым ашылып, жұлдызым жарқырады. Сенімді Андрей Юрьевичпен бірге жүріп, мол табыс таптым. Акционер болдым. «Камаздың» 50 пайызына ие болдым. Кейін Юрьевич балаларының қолына Калининградқа көшкенде қалған 50 пайызды маған сатып кетті. Мен оны сатып алу үшін банктен қомақты несие алдым. Оны күндіз-түні тынымсыз жұмыстың арқасында екі жылға жетпей төлеп тастадым.Содан бері он жыл өте шықты. Осы он жыл ішінде жекеменшік «Камазыммен» бүкіл ТМД-ны он рет айналып шықтым десем, өтірік айтпаған болар едім. Одан басқа, Германия, Чехия, Испания, Монголия, Түркия, Біріккен Араб Эмираты, Қытай, Польша мемлекеттерінен жүктер тасыдым. Ең бастысы, менің Ларисам айтқандай балаларымның басын қосып, оларға қолдан келген жағдай жасадым. Таня мен Света университетте оқып, жоғары білім алды. Тұрмысқа шықты. Үйлі баранды болды. Олардан үш немерем бар. Оля апайлары оқыған университетің үшінші курсының студенті. Былтыр өзінен бір курс жоғары оқитын Александар атты азаматқа тұрмысқа шықты. Үшеуінің де, мен алып берген, бастарында үйлері, астарында мініп жүрген машиналары, «ЦУМ-да» бутиктері бар. Ешкімнен кем емес. Күйеу балаларым мен құдаларым жақсы адамдар. Кенже күйеу бала Саша тым ақкөңіл. Жолдастары көлге барып суға түсеміз деп машинаны аударып алыпты. Соны жөндеу керек. Менде оны қалпына келтірмей маза болмайды. Сізден алатын мың жарым долларды «Аудиді» жөндеуге жұмсаймын. Денсаулығым барда күн-түн демей адал еңбек істеуге ынталымын. Жұмыс істеуді жанымдай жақсы көремін. Он жыл бойы жаңа жылды рейсте, ұзын жолдың бойында, кабинамда қарсы алып келемін. Жүргенге — жөргем ілінеді. Осы орайда, жаңа жылға қатысты, бір тәулікте жарты жылдық табыс әкелген әдемі оқиғаны айтып берейін. Жеті тәулік жол жүріп, Мәскеу қаласынан тиелген жүкті 1991 жылдың 31-ші желтоқсаны күні таң ата, аман-есен Алматыға жеткіздім. Маған, сол күні моншаға түсіп, демалып, жаңа жылды ел сияқты қарсы алуға болар еді. Бірақ, мен олай істемедім. Таңғы шайымды ішіп алған соң, өскемендік жерлес «дальнобойшиктер» тұратын жерге келдім. Ол нүктеде он шақты менікі сияқты жүк тасымалдайтын машиналар тұр екен. Мен келіп кезекке тұра қалдым. Клиентпен келіскендер кетіп жатты. Сағат екіде төртеуіміз ғана қалдық. «Босқа уақытты өткіземіз, енді мұнда ешкім келмейді, жаңа жылды Алматыда қарсы алатын болдық» деп олар, әріптестерім кетіп қалды. Мен жаңғыз қалдым. Сол жерде тапжылмай тостым. Сағат бестер шамасында «Мерседес-600» мінген, бай қазақ жігіті келді. «2-ші қаңтарда сағат 10.00-де Өскемен қаласында облыс әкімінің қатысуымен жаңа «Супермаркет» ашылады. Соған бағалы заттар жеткізу қажет болып тұр. Төлем екі есе болады. Шартымыз тауарларды ертеңнен қалдырмай жеткізу» деді әлгі бай мырза. «Мен келістік» деп жауап қаттым. Жүкті тиеуге тура екі сағат уақыт кетті. Тент жамылған «Камазым» заттарға лық толды. Прицепім бос болғандықтан , тағыда біреу-міреу тауылып қалатын шығар, бір сағаттай тосайын деп жаңағы жерге қайта оралдым. Ойлағанымдай болып шықты. Он бес минуттан соң, «Отан» партиясының аса маңызды үгіт-насихат баннерлері, плакаттары мен құжаттарын Өскеменге жеткізіп беріңіз деген өтінішпен адамдар келді. Партияның орталық офисіне барып, барлық заттарды прицепке тиеп алдым. Олар ақшаны банкі арқылы чекпен төлейтін болды. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа жылдық құттықтауын айтқан тұста мен Қапшағай қаласынан зымырап өтіп бара жатқан болатынмын. Тура сағат тілі түнгі 12.00 болғанда бір қолыммен рөлді, екінші қолыммен минералды суы бар ыдысты ұстап Ларисамен бірге жаңа 1992 жылды жол үстінде қарсы алдым. Ларисаны жаңа жылымен құттықтап, жол бойы оған арнап өлең айттым. Жақсы көңілді машинада сезеді. Газды басқан сайын жылдамдығын арттырып, жүйіткіді де отырды. Бір сыр берген жоқ. Сонда мен, солярка құюға және дәрет алуға аздаған ғана аялдау жұмсадым. Қалған уақытта термостағы кофені ішіп отырып, рейістің маңыздылығына орай жолда бір дем алмай межелі жерге жетіп, жүктерді түсірдім. Тапсырушылар дән риза болды. Мен ақшаның астында қалдым. Темірді қызған кезінде соғу қажет. Сол қызумен, сол жолғы мол табысқа Омскіге ұшып барып, су жаңа « 09 маркалы «Жигули» сатып алдым. Бұл мен үшін үлкен мәртебе, үлкен қуаныш болатын. Бағана сізге, ұландық азаматтардан көп жақсылық көрдім деген едім. Сол жолы мені бір өлімнен ұландық екі жігіт алып қалды. Оқиға былай болған еді. Дәл «рождество» меркесі күні Омскіден қайтарда Павлодарда тұратын бажам Геннадиий Матвеевич пен қайын бикем Вера Герасимованың үйіне арнайы соқтым. Қиын-қыстау кезеңде Светаны бауырларына басып, өгейсітпей тәрбиелеген оларға деген ризашылдығым шексіз болатын. Соларға рахмет айтып, Омскіден алған сыйлықтарымды тапсыру үшін және жаңа машинаны қайын жұртқа көрсетіп, құр алақан жүрмегенімді, тіршілігімнің барлығын білдіруім керек болды. Өз кезегінде олар менің құрметіме жақын достарын шақырып, мол дастархан жасап, құшақтарын жайып қарсы алды. Өте көңілді отырдық. Туыстардың түнде қалай жүрерсің, бүгін қонып, ертең ертесімен қайтарсың дегендеріне қарамай мен, үйге қайтуға асықтым. Себебі, ертең Ленинградқа баратын үлкен рейске шығу қажет болды. Павлодарлық ағайындар бір кісідей қаланың сыртындағы жанар-жағармай станциясына дейін шығарып салды. Өскеменге дейін тоқтаусыз жүру мақсатында жигулидің екі багына бензинді толтыра құйып , кассаға бензиннің ақшасын төледім. Сол сәтте жол сумкаларын көтерген, жастары 25-26 дағы екі қазақ азаматы Өскеменге дейін ала кетіңіз, жол ақысы артығымен төленеді — деп сұрады. Ол кезде қараңғы түсіп кеткен. Түн ортасында жаңа машинамен жалғыз жүру де қауіпті деп санап, оларды отырғызып алдым. Павлодар мен Семей қаласының ортасы 320 шақырым. 180 шақырымнан кейін Бесқарағай ауданына жетпей орман басталады. Сол жерден Семейге жеткенше тоғайлардың арасымен жүреміз. Бір сағаттай жүргеннен соң екі жігіт жол сумкаларына бастарын төсеп қалың ұйқыға кетті. Мен алды —артында «Транзит» деген жазуы бар жаңа көлікпен зырлап келемін. Ойымда ештеңе жоқ. Талай жүріп жүрген жерім ғой. Түнгі біржарымда Семей қаласына 75 шақырымдай қалған кезде жезлін көтеріп «гаи» инспекторы тоқтатты. Тәртіптің аты тәртіп. Тоқтай қалдым.
— «Түнделетіп қайда бара жатырсың. Машинаның құжаттарын көрсет»-деді әлгі инспектор жаныма келіп. Мен құжаттарды көрсеттім. Ол фардың жарығына төсеп документтерді қарады. Сосын: «Сенің құжаттарыңда шикілік бар көрінеді, ана машинада отырған командирге көрсетемін» — деді. Ол солай қарай аттағанда, жаңағы жолаушы жігіттер, «мыналар гаилар емес, нағыз қарақшылар, сақ болыңыз, әзірге айтқандарына көне беріңіз, қалғанын біз істейміз» — деп мені сақтандырып үлгерді. Сол екі ортада жаңағы гаишник былапыт боқтық сөзбен «Әй, сүмелек, мұнда кел»деп, мені өздерінің машинасына шақырды. Оның бұл дөрекілігі маған бірден бәрін түсінікті етті. Мемлекеттік автоинспектор бұлай сөйлемейді. Қара ниетті жол торығандарға тап болғанымыз анық еді. Енді не істеу керек? Жолдың келесі жағында бізге қиғаштау тұрған, мемлекеттік нөмірі жоқ «иномаркаға» әлгі «гаишник» мені итеріп, ауызына келген сөзін айтып алып келді. Есікті ашып, алдыңғы орынға отыр деп жекіді. Салонда менен басқа үш адам болды. Олардан қытай арағының иісі мүңкіп тұр. Отырғандардың қызып алғандары бірден байқалды. Артқы салонда отырғаның біреуі кавказдық акцентпен сұрақ қоюды бастады: — «Қайда бара жатырсың? Қайда тұрасың? Машинаның иесі кім?» деп. Мен оған: «Көліктің иесі мен. Омскіден сатып алдым. Барлық құжаттары дұрыс. Өскемен қаласында тұрамын, сонда апара жатырмын » деп жауап қаттым. Ол.
— «На ловца зверь бежит дегенді естіген боларсың. Біз мына 40 градус аязда бекер тұрмыз ба? Бұл девятка қазірге дейін сенікі, енді біздікі болады» — деді. Ашу мен ыза бірдей қысқан мен өз кезегімде: — «Шантажды доғарыңдар. Мен не үшін сендерге машинамды бере салуым керек» — деп қарсылық көрсеттім. Олардың тосып отырғандары осы сөз екен, сұрақ қойып отырған пальтосының қалтасындағы тапаншасын жұлып алып, менің маңдайыма төседі, ал, артжақта отырған екінші кавказдық қанжарын кеңірдегіме тіреді және мойыныма тұншықтыратын жібек жіпті іліп, тартып-тартып қалды. Көзімнен отым бірақ шықты.
— «Тыңда сен, саған өлімнен қалудың бірақ жолы бар. Ол мына жаныңда отырған капитан-нотариустің атына машинаңды жазып беру. Сонда ғана тірі қаласың» деді сұрақ қоюшы қарақшы дауысын көтеріп. Сол екі арада бүкіл өмірім көз алдымнан өтті. Балаларым не болады. Ларисамды есіме алдым. Жоқ, келісуім керек, әйтпесе бұлар мені өлтіретіні анық.
— «Жарайды, қол қойып» беремін дедім. Қасымда отырған капитан-нотариус менің құжаттарымды қолына алып, портфелінен бір бума қағаздарды шығарып, бірдеме толтыра бастады. Тағыда банда басшысы маған қарап сұрақ қойды: — «Машинада отырғандар кімдер? Олар қайда барады? Ұлттары қандай?». «Жолдан отырғызып алған екі жолаушылар. Жап-жас қазақ азаматтары. Сұраған жоқпын, студенттер ғой деймін, каникулға Өскеменге дейін бара жатқан. Титтей адамгершіліктерің болса, оларға тиіспеңдер. Обал болады» — деп жауап бердім. Қарақшының аты қарақшы. Олардың білетіндері тонау мен өлтіру және жауыздық жасау ғана. Банда басшысы:
— «Давид и Гонщик, эти ребята оказались не в то время, не в том месте. Нам лишних свидетелей не нужно. Поэтому срочно их пускаем в расход. Сделайте работу аккуратно. Аллах нас простить» деп қатыгез қанішер жендеттеріне ауыр тапсырма берді. Арада екі-үш минут өттіме, жоқпа білмедім, түн тыныштығын «Калашников» автоматтарының тырсылдаған дауысы бұзды. Алдымен мен не болып қалғанын түсінбей қалдым. «Спецназ» келіп бізді құтқарып жатыр деген де ой келді.Бәрі астаң-кестең болды. Анық көргенім банда басшысын менің машинамдағы жігіттердің біреуі салоннан ешкідей бақыртып сүйреп шықты да, аспаннан аяғын келтіріп, жерге бірақ ұрды. Бес минуттың ішінде екі қазағым төрт бандиттің ит терілерін бастарына қаптады. Оларды екі қолдарымен бастарын ұстатқызып, жерге тізерлетіп қойды. Сол қалпыларында оларды жолдың екі шетіне қайта-қайта жөргелетіп жүргізді. Мыстары кетіп, кеуделерін әбден қорқақтық кернеген қараниетті қарақшылар менің екі аяғымды құшақтап, өкіріп жылап, өлтірмеңдерші деп кешірім сұрады. Қазақ жігіттері олардың осы бейшаралығын фотоға түсіріп алды. Біз оларды Семей қаласына кіре берістегі «ГАИ» бекетіне жеткізіп, полиция қызметкерлеріне тапсырдық. Олар, шынында, өте қатыгез жол торушы ұрылар, талай кісілерді өлтіріп, ұстатпай жүргендер болып шықты. Сөйтіп қазақтың жап-жас екі жігіті ерлік жасады. Мені де, өздерін де ажалдан алып қалды. Таң ата Өскеменге аман-есен жеттік. Оларға рахметімді айтып, қай ауданның азаматтарысыңдар — деп сұрадым. «Біз ұландықтармыз!» — деген құтқарушыларым, «Речной вокзалдың» жанында менімен қош айтысып машинадан түсті. Менің қарсылығыма қарамай келісілген жол ақысын қолыма ұстаттып кетті. Содан бері, «ұландықтар» десе, көңілім жылып, елеңдеп тұрамын.
Николайдың бастан өткерген хикаясын тыңдап, 700 шақырым жол жүріп, таңғы алтыда «Астана» мен «Қарағанды» жолдарының қиылысында орналасқан дәмхананың алдына келіп тоқтадық. «Николай Григорьевич, бір тәулік ұйықтаған жоқсыз ғой. Дем алып алыңыз. Сізге мына жол қонақ үйінен бір орын алып берейін» — дедім. «Жоқ, Сәке, борттағы жан-жануар мөңіреп тұрғанда, менің ұйықтап жатуым адамгершілікке жатпайды. Баратын жерге апарып бірақ демаламын» деп жауап қатты. Жүрегі ақ, жаны таза Николайдың осы әңгімесін өз құлағыммен естігенге он үш жыл толып, он төртінші жылға шыққанда қолыма қалам алып, қағаз бетіне түсіріп оқырмандарыма ұсынып отырмын. Мына аласапыран заманда драма мен трагедияға, ерлік пен адамгершілікке толы Николайдың осы өмірі повесть оқырмандарының көңілінен шығып, қажеттеріне жараса автордың нәтижелі жұмысы болып табылады.
2016 жылдың 1 қаңтары. Кешкі сағат 19.52 — де аяқталды. Жазылған жері Астана қаласының іргесіндегі «Отау түскен» ауылындағы жазушы үйі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter