Өлеңдер ✍️

  15.05.2021
  211


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

Сымдар

Аспан тұрды айналаны тұйықтап,
Жалт қарадым – тоқтадым,
Жалап-жалап жаһанамның оттарын
Үндемейді жел де тілі күйіп қап.

Айналада – ауада бір діріл бар,
Тыңда, тыңда... бағаналар, тұрыңдар.
Әппақ, әппақ құлақшалар түрілген
Үн аулайды ауадағы дірілден.

Үн аулайды, жата алмайды о да жәй,
Үн оянса – барлық құлақ қомағай.
Асайды олар бар дыбысты күн-түні,
Құлақтың да бар өзінше құлқыны.

Бұл дүниенің ол шетінде жатып ап
Не дейді анау ағылшындық ақымақ?...
Торғай ұшса селк етеді жапырақ,
Сымдар жатыр соның бәрін бақылап.

Сымдар жатыр, сымдар жатыр
Гитарлардың ішегіндей шіренген,
Ыстық демді бір ел тартты бір елден.
Тебінгідей құлағымды түрем мен,
Сымдар жатыр, сымдар жатыр шіренген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу