Өлеңдер ✍️

  15.05.2021
  243


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

Шегелер

Еңбек!
Әр күн сайын қағылады мың шегең,
Мың шегеде – бір балғаның салмағы.
Мен де өзімше бір балуан, бір шебер,
Әкел, бермен дос тонналық балғаны!
Әр секунтке ұстаттық қой бір балға,
Қағылады, кағылад шеге көп.
Балға даусы естіледі жырдан да,
Жүрміз бірақ неменені шегелеп?
Шеге, шеге!
Жұрт не десе – о десін,
Сөз – жүйесін, өз иесін табады із.
Өткен күннің суырып ап шегесін
Келер күннің тақасына қағамыз.
Маңдайшада, қабырғада – шегелер,
Тағаларда, табандарда – шегелер.
Шегелерге шеге ғана теңелер,
Не құдірет бар шегелерге теңелер?!
Дүниедегі серт пен сенім бар жүгін
Шегелерге артар едім – не керек,
Дуалының тілі болсам бір ерек:
Дүниедегі мықтылықтың барлығын
Айтар едім, атар едім шеге деп!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу