15.05.2021
  433


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

Көне жұрт

Әйел өксіп жіберген-ді. Көкірегі тола кеп, солқ еткенде өкпе-қолқасы ауызынан ытып-ытып түскендей еді. Ғұмыры үтік көрмеген бөз көйлегінің жон қыртыстары жазылып кетті. Еріне осы сәт оның бет-жүзі де толып, тырсылдап көрінді. Қасірет пе, долылық па? О жолы Қабенде мұның екеуін де түсінетін қауқар болмады. Қалың сары-сұр кителін иығына желбегей жамылған күйі, есіктен қарғып шыққан. Қос табалдырықтың арасы ырсиып жатты — көз алдында қалған көрініс осы ғана. Онда аңғармаған, енді елестетсе сол қос табалдырық — қос бірдей айдаһар құсап көрінді, қанша айбаттанғанымен аттап өтуге батылы жетпейтін тәрізді. Құлағы тағы жаңғырығады: «Менен кеттің ғой, қайтейін, қайт дейсің». Бұ сөздерді айтқанда келіншек отыз жаста еді, қазір қырыққа таяды. Енді қалай сөйлер? Төрт құрсаулы күбіге арқасын таяп аңыраған ана, дәнеңе түсінбей, әр жүзге бір жалтақтап, үпір-шүпір еткен үш сәби... қайсысы кешірім жасайды? Жалпы, кешіре алар жан бар ма мына жалпақ жалғанда?! Жалтақтау кезегі енді анық өзіне тигенін мойын-дағанда тегеурінді ердің тентек басы төсіне құлады, сол сәтте өзін жердің үстімен емес, бір қабат астымен келе жатқандай сезінді. Мұндай да күн болады екен-ау!


Торы бесті аяғын інге тығып алған, жігіт ерен асып түсе жазды. Ойын кілт үзіп, айнала жаутақ қаққан-ды, қапелімде күн астында құла-шабырлана шұбырған құм бедерінен белгі таны-мады. Дереу көзін жұма қойды — көңілінде сайрап тұр: қамшы қолда Құлатөлген, маңдай алды Ашақ, басында бір үйір жылқы жусайды, онан әрі Жайықбай, құмырсқа белденіп, теріс жақ қабағы көгістене көлбейді; иә, нақ солай.
Бала кезінде шағылдың құлама жарына отыра қап, құйрығымен сырғанайтын. Өйтсе құм бірге сусиды. Жағасынан кірген суылдақ балағынан саулайды — құп-құрғақ, жібектей. Өстіп, аунап-аунап аласың да, бір сілкініп атып тұрасын. О кездегі көйлектің ақтығы шамалы еді, содан ба, ештеңе жұқпайды. Жігіт бүгінгі ошағын тастап, ескі жұртына ораларда сенгені — отбасы көңілінен гөрі туған топырақтың осы мінезі екенін нақ қазір түйсінгендей болады. Сол Жайықбайды кейінгі жылдары көрген емес. Соңғы жылдары ғұмыр өткізген мекен-тұрағы да бұ жерден алыс болмайтын. Карта аталатын құм белдеудің екі шеті — жаман атпен күншілік қана жол-ды. Бүгін қанша тепендегенімен, жер ұта алмай қойды. Торы бесті жеңіл, қағілез жылқы, Айсыз қараңғыда тұяғы-тұяғына жұқпайтын, қазір шаша жұтатын мимырт топырақ құныға сорып жібермейді, әрі борт-борт сүрінеді. Сүрінген қайсысы? Ат па? Азамат па? Осылай түйсінгенде жүргіншінің жаны шымылдады. Ұят, өкініш, қайғы, аңсау — бәрі бір-ақ түйіншек боп көкірегінен лықсып шығып, тамағына тоқтады. Жұтынып байқаған, кеңсірік тұсы күйіп жүре берді. Делдиіп кеткен танауын білегімен бір үйкеп, көзін ашты: Құлатөлгеннің қақ маңдайында қара тоқымдай көлеңке жатыр. Бәлкім, бұл өз маңдайының қырсығы шығар? Ашақ — ақ шағыл жонын тосады, қой бүйрегінің кіндігіне біткен шарбы майдай сарғыш, селеулі үрпекті бауырына қысып, бүк түсіпті. Әлдекімнің алдында ашылмасқа, шешілмеске серт еткен сынды, тұйық. Одан әрі Жайықбайға қадалған, бір түрлі секем алды: Жайықбай сұп-сұр, бұрыңғыдай жарланбайды, құбылмайды.


Кішкене кезінде Қабеннің ауызы жиі уылды. Әжесі жымы-раңдап ошаған өртеп, соның күлін себетін-ді, денесі түршігіп қалды: Жайықбай топырағы түгел ошаған күлі, тиген жерін тыз қақтырар сықылданды...


Атын тебініп-тебініп қап желе жөнелген, екі қабақты әзер асты. Торы бесті, әлдене қолдауын қаққандай мыйт-мыйт етті. Жер ауыр. Және аттаған сайын шөп қоюланып барады. Қара қаңбақ, май-қаңбақ, шағыр, бүргем, құланқұйрық, селеу, сағыз-сабақ, ебелек.


Қарауыта, бұйралана өскен быдырдың қалыңдығы әр тұстағы дөңбек-шығылдарды қысып, торлап тастапты. Бұл көрген суыттықтың қаракөк қияғы жоқ, қияқ құм қабартарда ғана қадауланады. Есесіне шырмауық көп, собықтары салбырап, ерсілі-қарсылы желі сапты. Ат аяғында тырс-тырс үзіледі, үзілген жерінен бұрқ етіп сүт атылады. Ана — құмның төсі шертіп, өзі-өзінен исініп жатыр.
Торы бесті әлгіден бері шалып оттап, тізгін жұлқып біткен, иесі қажыр байқатпаған соң, мұқым, жайылып кетті.


* * *


Шеген қыстауға бір қауым бу ала кірген-ді, көңілі де сол бу құсап тез ісіп, тез басылды. Жан, сезім айнасында еме-жарқы дымқыл ғана. Желікті, булы көкіректен қалған белгі — беттегі әжім, шаштағы ақ. Кәрілік пе? Қырықта еркектің өзі болмаса жігіт қартая ма?! Ал... о күндері жас, бақытты еді. Бірден-ақ қыздың қылығын тапты. Оның әр қимыл, қозғалысы тек өзіне, Кабенге арналған сияқтанды. Он тоғыз жасар құмның құлын мүшелі тұнық, жабайы сұлуы бүкіл рухын дерт боп жайлады. Жас келіншек естияр еркектің осал тұсын оңай аңдады; Қабен секілді жанды қалай сүйдіріп, қалай күйдіру әдісін басына ақ салған алғашқы айларда-ақ меңгеріп үлгірді. Табиғи тәкаппарлығына әйел затының еркек сезімталдығы, тәсілгөйлігі қосылғанда — кісіні күнәға итермей қоймайтын, суық жалтылының өзі жүрек жылытып, үміт құяр құбылма, сиқыр бір сұлулық пайда болды. Толықсып басты, тұнып қарады — әдемі, мысықша мүлгіп, жыланша жылжыды — әсем, шабынып сөйлеп, шағынып жылады — тамаша, қамырдай иленіп, бауырдай қатты — ғажап; ерікті, еркеледі, майысты, сынды — неткен ғажайып! Былайғы әйелге бітсе бадырая қалатын мін оның бойына ажар әкелді, самайы бұрқырап кейігенінің өзі — көрік, тіпті көсемдік танылды. Еңіреп қоя бергенде жанарынан сығып алынған әр тамшы жас атылып шығатын-ды, жас — су емес, сексеуіл шоғындай пы-шырлап ұшатын тәрізді-тін. Айнала беріп, құмның алтайы қызыл түлкісіндей түлеп түрегелгенде бар ма... тамағындағы асыңды жұтуды ұмыт ететінсің. Жалғыз шешесі — мешел кемпір, туған қызын ылғи жаңа көргендей таңданып тауыса алмайды. Ол әдетте:


— Құдай-ау, мынау не жан, не адам?! — дер еді. Кемпір күні бүгінге шейін өстіп шошынады. Бірақ Қабеннің көңілі — керең, көзі жалғыз түс — қызылды ғана көрді. Бабындағы топшылы қырандай түйіліп кеп бір-ақ құлаған, сол құлаудан құлап кетті. Қырмызы қызыл түлкі түгінің ертең қалай жығыларын ойламады, шабытты бүркіт тоят тапқанша шеңгелін босатпады. Әлуетті тырнақ бір жазылғанда жемсау астынан ұйпа-тұйпа боп, қаны шашылған өлексе орынын іздейтін әдеті ғой, Қабен де сөйткен, күткені болмады. Топшысын көтергенде бауырынан манағыдан да сұлу, одан да жылмаң қызыл алтайы бұлаң ұрып шыға берді. Қайыра көтеріліп, қайта басты, одан тағы, тағы. Осымен өткен уақыт — он жылға таяғанда барып, шабыт қайтып, шамаға кірді. Баяғыдан бері ерлік таныған ісінің есерлік екенін сонда ұқты. Онда өз басының ұя бұзып, қия тартқанын қырандық санаған, енді ойласа көбелектік екен. Түлкінің түгі таймады, қалай сипаса солай жығылды. Қанаты тозаң болып төгіліп, қурап бітуге айналған өз басын алып қашуға талайдан оқталған-ды, орайы бүгін келді. Тым кеш емес пе? Жоқ, әлі де ерте секілді еді, банағы жәй шешімді тездеттіріп жіберді.


Осы түнде пішеншілер қосынан шығып, күн туа үйіне таяй берген. Құдық пен үй аралығындағы қияқты сайда келіншегінің әлдекімді аттандырып тұрғанын көре сала... тартқан беті. Бұрын да әлденеден сезіктеніп жүретін. Бірақ жамандыққа қимап еді. Ішін әлденендей суық бір өрт жалап өтті. Есін енді жиды, әлгі көргенінің бүкіл мән-мағынасы миына жеткенде тұла-бойы қалшылдап кетті. Ат үстінен еңкейіп тұрған адамның тұлғасына көзі түскен: шіп-шикі бала, түр-түсінен ақырып кеп қамшылауға татитын қажыр таппады, әрі талтүсте бала сабап жатуға ары жетпеді. Бірақ... келесі сәт мәселені мүлде басқаша шешті: қалай барып қалғанын білмейді, әйтеуір, әлгі талдырмаш тұлғаны жұлқып қап ат бауырына бір-ақ түсірді. Шыңғырып жіберіп, анадай жердегі итарқа қосқа қарай безе жөнелген келіншекке қамшыны сілтеп қана үлгірді. Сонда барып көз алдына өз әйелінің шын бейнесі елестеп еді. Тым кеш емес пе? Бұл сұрақ мана екі қабақ асқасын-ақ жанын жеген. Қазір де қандай да болмасын бір жақсылықтан үміт қып, әлдекімге сеніп келе жатқаны шамалы. Тәуекел атты көз жұмбай, көкбет түйсікті малданады. Бір ой онсыз да жарықшақ көңілді одан сайын қуыстай түседі: «көрпе астындағың мынау, қырқа астындағың қайтпек!» Торы бестіні бауырлап-бауырлап жіберді.


Ауада жеңіл, ақ мұнар бар. Ашақтың басында сағым ойнайды, аспанның әр жерінде бір-бір шүйке қоңыр-көк бұлт, әлдеқайда маңып барады. Тек ешқайсысы күн көзіне жоламайды. Әлгіндегі, Құлатөлген қабағындағы көлеңке көрінбейді, еріп тауысылған тәрізді. Жүргінші ат үстінен омыраулап айнала қарады. Дөңбек шағылдар арасындағы жылға-жылғадан сұғанақтана көз тастаған. Қанша тінтінгенмен назар сүрінер қарасын таппады. Мына құла даладағы жалғыз қарайған — өзі, өзінің көлеңкесі іспетті. Қазір аңғарды: көлеңкесінің өзі қысқара-қысқара кеп, ат жалында қапты, о да бір түрлі мүгедек, екі иық пен қалпақ қана. Тізгінді бос тастап, желкесіне құйылған терді сыпырып алған — денесі пысынап қоя берді. Ашаққа қарап омырауын ағытты. Леп жоқ. Ат сауырындағы ақ сортақты байқап, ауызын тамсанды.


Жер бірте-бірте шоғыр салып, шоқал-шоқал боп барады, айналып өтпесе, төте тарту ауыр. Сөйтіп иректей желіп бір қайқаңға иек артқан, қарсы алдындағы жусанды алаңқайдан бес-алты киік үрікті. Оған таңырқап үлгіргенше қамшы қолдағы қаңбақты бұтаның түбін бұрқ еткізіп қоян қашты. Шіркін-ай, жүйрік тазың боп, қосып кеп жіберсең ғой? Айт, айт! Айтақ! Дауысы қарлығып, жарқышақ шықты. Сол-ақ екен, жалқау құм ыңырсып оянған сияқтанды: әр тұс, әр маңнан шөп сылдырады, топ-топ басып атжалман шауып өтті, бұта арасынан қылт-қылт етіп, тағы бірдеңелер елестеп қалды, анадай жердегі шоқ шағыр тасасынан ақ бауыр саршұнақ жылт етіп, жұмарланып барып ініне қойып кетті. Бәрінің түгі жылтырайды, бәрі ту, көбен. Неткен от жер мынау! Баяғы үш колхоз —«Жаңа өмір», «Қызыл әскер», «Қызыл таң» малының шары емес пе еді? Бұ маңға май біткені тұрмыстың рас жақсарғаны да! Салт атты осылай толғап, бір күрсінгенде Ашақ шошағының құбыла бауырындағы жантақ үрпекке кеп шыққан, үрпектің жығылар астындағы қауымды әзер таныды. Бейіттер мыж-мыж, қайсыбірінің орынында балшық үйінді — мінбелей өскен қалың жусан арасынан ерек сарғайып, айқын шалынады. Шағырдан тұрғызылғандары ғана бұзылмаған, тек олар қурап, шөгіп кетіпті. Бергі Қуантай, Жағыпар молалары сұр, алыстан қарағанда қақсыған қарағай іспетті. Қақ ортадағы төрт құлақты тас қорғанның сыңар құлағы қапты, елден ерек едірейеді. Әр қатарда қисайып, сынып қаусаған ағаш сайғақтар ағал-жағал — байғыз саңғып тастаған...


Жүргіншінің жүрегі тағы бір шым етті. Қырық қадамдай қашықтықты көзімен мөлшерлеп ап, атынан түсті, бата ырымын жасап, бет сипады. Бейітті жаяулап бір айналып шыққан соң ғана ерге қонған. Көкірегі қайта құлазыды. Жанына моланың тозғандығы емес, жаңармағандығы батты. Соңғы төрт-бес жылда ешкім қойылмап-ты. «Немене, бұл ел өлуді де ұмыт қылған ба» дегенде өз ойынан өзі шошыды. Қарттар «Жалғыздықта мола да ес» деп жататұғын, тағдыр мұны тап бүгін сондай «естен» де айырғанға ұсады. Келесі мезетте Жапан түздегі жалғыз атты адам қылт-қылт желіп, Жайықбайға өтер қолтықтағы қара быдырға сіңіп бара жатты.


Іші әлем-жәлем. Жақын адамы дәл мұндай жауыздыққа барады деп ойламаған-ды. Ақымақтығы ма? Әйтсе әлгі әйелдің (он жылға таяу отасқан жарын тұңғыш рет осылай, ат-есімінен бөліп ойлады) сөзі шын болды ғой? Ақымақ, ақымақ! Осы сөздерді айтқанда оның тістері ақсаң қағып, ең түпкі азуына шейін көрінетін. Басы ерек қақшаңдап кетеді. Ақымақ! Сөйлегенде асап, жеп қоя жаздайтын. Неткен қу әйел! Қаршадай боп қайдан үйренген сонша пәлені? Әй, бірақ адам баласынан иттік ауысқан ба! Бұл да бір кезде сондай болған. Ісін ойнап жүріп бітіретін. Иә-иә, өмір солай, бір әйелге өзі берген қорлықты екінші әйелдің қолынан қайтып алды. Дүние кезек, ақымақ!


Күн бет қаратпайды. Жаңағы ақ шағылдар көз көре күйіп, күреңітіп кеткен секілді. Жел жоқ, алау еседі. Құмның айқұлақ батпасы ғана әлсін-әлсін қызыл қабақтарға тырбалаңдай шығып, тыпыр-тыпыр бата қалады. Дала тіршілігінен дамыл алмаған сол дерсің. Қайсыбірінің терілері жалбырап, түлеп отыр. Әлгін-дегідей бұта сылдырап, көңіл бөлмейді, сай-салада жосып жататын мал ізі де шалынбайды — жым-жырт. Жолаушының құлағына баяғы көне дауыс қайта оралды. Бұ жолы жаңарып, жақын естілді: «менен кеттің ғой, қайтейін, қайт дейсің!» Қайдағы сөз, қашан айтылып еді? Он жыл бұрын ба, қазір ме? Мына құм секілді әр демінен күйік лебі аңқиды, жалын соғады. Әбден өртеніп, сарқылып айтқан екен-ау. Со бір сөздердің мағынасы миына қазір жеткен құсады. Жігіт айнала елең қақты. Кез келген бұтаның көлеңке-далдасына үңілді. Ескі, сыралғы жолдас әлдебір шоқалдың тасасына тығылып ап, қызық іздеп қаңғырып кеткен қырма сақал азаматын мазақ қып, күліп тұрған сияқтанды. Дереу тебініп-тебініп жіберіп, алдындағы күрең қабаққа асықты: биікке шықса, бәлкім, біреу-міреу көрінер, кезігер...


Жусанды, ебелекті бұдырға кеп тізгін ірікті, ұзын қыл шылбырдың ұшын қолтығына қысып, айдалада із кескен кісі құсап жаяу аяңдаған, бес-алты қадам аттағанда-ақ балағын қарғыз тұтып қалды. Еңкейіп, сыпырып тастауға оқтала түсіп, қолын бір сілікті. Қатар өскен екі түп сағыз-сабақтың ортасынан өте беріп, бүйінің арқанына оралды. Ақ бүйі. Бауыры сары-тарғыл, арқанының бойымен тарбалаңдай жүгіріп барып, бір бұтаға жармасты. Қойдың жоқтығы-ау деп ойлады жолаушы, әйтпесе тұқымын құртып жеп түгесер еді ғой. Кенет әлденеге мазасыздана шырылдаған бозторғайдың үні шалынды. Бұл тоқтай қап жылан арбап тұр ма деген оймен аяғының астына үңілген — ақселеу мен ебелек ұлпасынан шегендеп салынған, шәшкенің ауызындай ғана ұя көрінді. Енді бір аттаса басып кеткендей екен. Ұяда бота құмалағындай төрт жұмыртқа жатыр. Түсі сұр-теңбіл. Сонсоң ғана жүргінші көкке, төбесіне қарап еді: күн көзіне шағылысып, күмістей жылтылдаған жұмырықтай құс — кәдуілді ана-торғайдың осынша неге шырқырағанын ақылы аңғарғанда жүрегі шым етті. Не деген сұлу сезім! Мынау ұлан-асыр мол дүниеде балапан, ұя қорғаудан артық бақыт бар ма екен! Әй, майталман-ай... дүние-ай. Азаматтың алқымына түйіншек тұрды, жанарына жас үйірілді. Ғұмырында тұңғыш мәрте шындап қайыса ойланғаны еді. Тірлік, өмір атты ұғымның нағыз мағынасын түйсінген сағаты да осы болды. Тым кеш емес пе?


Келесі сайға құлай бере аты үрікті; торы бесті мінер жағындағы үйірім қаңбаққа сыңар шекесімен қарайды, соның астынан әлдене атып шығып, жабыса кетердей аңди аттап, айналып өтіп барады. Жігіт ер үстінен еңкейіп, қалыңдық арасынан жылтыраған бір нәрсені таңдана аңғарды. Жартысы топыраққа батқан, темір; қаңылтыр, түрлі мөлшерлі бұранда, түтікше, таяқшалар. Аспаннан түскенін доңғалағы жоқ-тығынан түсінді. Мұндай мүлікті кешегі ұлы майданның ың-жың машина-аппараты ішінен де кездестірмеген-ді. Дәл осы сәтте бұдан төрт-бес жыл бұрын естігені есіне түскен, денесі шымыр етті.


Ендігі қаңғырыстың жөні қайсы! Ат басын бұра жаздап, қайта ойланды. Табан астында бағытын өзгертуге дәті жетпеді. Сол іші әлем-жәлем, әбден торыққан, бірақ күдер үзген сайын жанталаса үміт, дәме аңсап, жылт еткенге өз еркімен, тіленіп алданатын пәнде табиғатына мансұқ болған күйі, тепеңдеп кете барды.


Ұлы бесін шағыңда ескі күлдігіне жеткен, әрең таныды. Қыстаудың бел ағаштарын әлдекім ашып алып кетіпті. Құлап, қурап шөккен көң, оба. Айнала қаулай өскен қара барақ. Шығыс жақтағы, өзі кеткендегі киіз үй орынын қанша үңіліп таппады. Ат кеміріп, әр жерін буылтықтап тастаған қайың қазық шіріп, құлап жатыр. Қақ бөлінген шәулім-қазанның бір жартысы ғана көзіне оттай басылды. Соны ұстап апанға түсті, бітіп қалған су көзін ашып, шөл басты, көлік суарды. Сонсоң жыңғылды шоқалдың көлеңкесіне ер-тұрманын басына жастап жата кеткен — көзі ілінбей қойды. Сахараның санаулы дыбысы сан саққа құбылып кеп құлағына құйылады: сона даңылдайды, зың-зың қара шыбындар ұшады; ұсақ бытықаналар ерінге, кірпікке ойнап маза бермеген соң тер мүңкіген қол орамалымен бетін жапты. Мойынына жорғалаған бірер құмырсқаны, көзін жұмған қалпы қағып тастады. Нақ осы минутта құмның алыс, бөтен бір түкпірінен лыпыл салқын леп ескендей сезілді. Леп ғайыптан туған дарияның — судың лебі. Дария көз алдында, бір сайдан асып, екіншіге құйды, одан үшіншіге... сөйтіп, ілез өсіп, ұлғайып алды. Жаңағы жарты қазанмен көсіп қалып еді, ілінген су емес, кілең уақ жылан, күн сәулесінде жалт-жұлт ойнайды, жүз бұралып билейді. Лақтырып жіберіп, артынан қараса... өзінің үш баласы, әйелі — бәрі жарты шәугімге мінгесіп ап, батып-шығып жүр. Сәбилер шыр-шыр етеді, беттері кір, иіндері жыртық, көздерінен жас бұлақ боп ағады. Дарияны тасытып жатқан сол жас, соның молдығы. Бұл жанын жалдай ұмтылады. Жар-жар толқындар жаңғақша атып, жақындатар емес. Дария оқтын-оқтын ауыр күрсініп, ыңырана толқиды. Толқыған сайын бетіне быж-быж қайнап көбік шығады. Көбіктер шүпір-шүпір етіп жарға қарай жүзеді. Жағаға жете бере қайсыбірі жарылып, о да су боп жоғалады, қайсыбірі көзге, иә, кәдімгі адамның көзіне айналады. Көк, сұрқай — шетінен шатынаған ашулы, әрі обыр көздер жеп, жалмап барады. Енді бір қараса: бала-шағасының мінгескені — манағы машина, дәл сол, машинаның тұла-бойы тола бұранда, сым-сыпата. Әйелі алға, тұмсыққа мінген, сық-сық күледі. Кішкене балалары шырқырап жылайды...


Бір кезде машина гүр етіп от алды, дариядан тік көтеріліп ұша жөнелді де сол заматында ақ бұлтқа кіріп жоғалды. Бұл әлгі апаттан үй ішінің құтылғанына қуанып, не көзге көрініп, қолға тимей кеткен мына алдамшы көрініске өкініп үлгермеген дел-сал күйде... ояна келді: төбеден дөңбектей қоңыр вертолет ұшып өтіп барады, бас жағындағы жыңғылда шықылықтап жалғыз ала сауысқан отыр.


* * *


Күн екіндіге таянғанда бет-жүзі түйе мойнағындай қатпар-лана кепкен қара шал қатқылға тақау шағылдардың біріне көтерілді. Торы бесті болдыруға айналған, иесі қақпайлап әзер барады. Қамшы-ламайды, тебінбейді, тізгінімен ғана демейді. Алдында ені екі жүз шақырымдай жерде ел жоқ, сапар тым ұзақ, бірақ ол үй ішін — ескі жұртын көзі жұмылғанша іздеуге бел байлап еді. Кім біледі, бәлкім, табар да?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу