Өлеңдер ✍️

  14.05.2021
  158


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

Тау толқындары

Өзенін өргізіп тау алса ғана,
Қарайды қарауытып сан салаға.
Қайтеді ей, мына толқын, құла толқын
Жартастың төсін сорып тамсана ма?

Шұбырып шұбар ала су төменге,
Қанаты тасқа тиді сілтегенде.
Пәк адал толқын жүзін жел жасырып
Ұқсайды жібек шәлі бүркегенге.

Япыр-ай, алабұртып аққан бұлақ,
Жанбасын ауыртқан ба тастан құлап?
Ере алмай көп толқынға көне толқын
Келеді қалыңқырап, ақсаңқырап.

Аптығып, алақайлап шапқан ағын
Тосады қара тасқа ақ тамағын.
Қақтығып жаңғырығы, таулы алапқа
Көтеріп көп нотасын аттанады үн...

Төменде теңіз беті жымың-жымың,
Мың тонып, рахатқа жылынды мұң.
Кеңкілдеп киіп-жарып келген бұлақ
Бәрінің бір-ақ білді шығындығын.

Басылды ол баяғыдай зіркілдемей,
Тек қана бүлк-бүлк етті шіркін көмей,
Домығар долы келін секілденіп
Енесін қалғанына бір тілдемей.

Көк теңіз бүгін көзін жұмар нағып,
Қалар бір жұмарланып, құмар қанып.
Тау қарар бұрынғыдан алыс тартып,
Көзімен ұмытудың мұнарлатып..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу