Өлеңдер ✍️

  14.05.2021
  168


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

Ленин

Шаттан, шаттан, Россия!
Түн қатып
Келді міне шын бостандық, шын бақыт.
Тынды дауыл, трибунада тұрды Ильич
Дүниеге әділетті тыңдатып.

Ескі қоғам осал ғой деп ұқпа, адам,
Қолдар тұрды келешекті нұсқаған!
Жолдар ашық. Жарқырап бір таң атты
Ұлы адамның маңдайына ұқсаған.

Сол бір көздің жанарында аунады
Жер шарының көлдері мен таулары.
Сол миымен келешекті ойлады ол,
Сол миымен капиталды жаулады.

Ойлар, ойлар, ойлар қандай өрбіген!
Буржуй шықты бір өзгеше формымен;
Ленин білді, шаруалармен көрісті,
Сол бір көзбен Ресейді көрді кең.

Россия көрінді оған сонда анық:
Шыңдарында қыран отыр қомданып,
Құмдарында құйындар жүр ала аяқ,
Ал аспанда бұлттар тұрды долданып.

Сол бір бұлттың кірпігінен үзіліп
Келе жатты гауhар тамшы тізіліп.
Сол тамшыдан көлдің беті дір етсе,
Жапырақтар қолын жайды қызығып.

... Өзгерді өмір. Ленин өзге ту алды,
Қуып шықты бай-манапты жуанды,
Көктеп өссе жер бетіне бір шыбық
Дүниенің жанымен ол қуанды.

Таң алдында тыңдатты сол орман ән
Көк жиекті бір айналған, торлаған.
Бұлбұл сайрап, бұлақ шулап, ерке өмір
Біздің жерде осылайша орнаған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу