Өлеңдер ✍️
Көкпар
Көңілің мен кеңейтіп керегеңді,
Көкпар шіркін қоздырар делебеңді.
Ұрпағына қалдырған ұлы өнерді
Бабаларым не деген көреген-ді!
Таңбалаумен тарихын тасқа қашап,
Таңқалдырар жаңалық ашқан ғажап.
Көкке қарап ұлыған түз тағысы –
Көкбөріні тақымға басқан қазақ.
«Біссімілә» жүреді сөз алдында,
Дәстүрімді дәріптеу өз алдына.
Дүбірлеткен даланы тұлпарларым
Дәуірлерді келтірер көз алдыңа.
Қаны қызған жігіттер, қарасын ба,
Тасталғанда көк серке таласымға.
Білек пенен жүректер тартысады
Қазандық пен қазандық арасында.
Берілмейді мұндайда жәй күдікке ер,
Еңбегіне жүлдені сай қылып бер.
Қос құлағын қайшылап қыза түсер
Ауыздықпен алысқан сәйгүліктер.
Толғандырып абызын, ақынын да,
Тартысқанда бірнеше шақырымға.
Шаңға көмген даланы шабандоздың
Серке кетіп барады тақымында.
Тәубесі мен тастамас тобасын да,
Қазыналы қарттардың бәрі осында.
Қазанат пен азамат сыналады
Ойын менен өмірдің додасында.
Серілері салтанат, сайран құрған
Көрген жұрттың көңілін қайран қылған.
Ойы бұзық жауларын,
Менің бабам,
Ойынының өзімен ойландырған!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter