Өлеңдер ✍️
Қарағандыны көргенде
Атыңмен арбаушы едің бар адамды,
Қадірлі, қасиетті Қарағанды,
Мен ыстық құшағыңа кеттім сүңгіп,
Өзің де ана екенсің балажанды!
Жап-жарық, жалпақ отың самаладай,
Кім шыдар құдіретіңді шамаламай,
Көзімен көктің жүзін жарқыратып,
Жүзеді жер бетінде қала қалай!
Келдім де көңіл аштым, көмір бастым,
Өңінен артық екен өңің жастың,
Арындап астында да, үстінде де
Аялсыз жатыр тулап өмір - тасқын.
Қаз-қатар қара таулар түтін атқан,
Аспанға ащы буын бұрқыратқан.
Сезем мен жұмысшының алақанын
Жүрегін жер-ананың жылытып жатқан!
Таң қандай шолақ түнді асықтырған,
Күн шығар күлім қағып асып қырдан.
Төбеңнен жомартсынып қарайды аспан,
Жұлдызын омырауыңа шашып тынған.
Күн дереу көкжиектен шыға қашып,
Кетеді қойынына араласып.
Шахтер күн, жұмысшы күн қарапайым
Қақпасын дәулетіңнің алады ашып.
Бұл жерде жұмысшы өзі табиғаттың,
Осында шахтер болған тұңғыш қарттың
Кепкен жоқ маңдайынан ащы тері,
Бәрі де соған орай тұрмыс-салттың.
Бар десең, бұл қалада өз үлесім,
Еңбектің ақтар, досым, шежіресін.
Мойныңа бір жауапты міндет артып,
Өзіңді тәртіптірек сезінесің.
Шыққанда көшесіне шалқып арман,
Бейне бір сырласуға шақырған жан,
Көп қарап, көңіл қалап, көз алмайсың,
Қасыңнан етіп жатқан батырлардан.
Сүйем мен қасиетті Қарағандым,
Сүйері сен болған соң бар адамның!
Сен тосып қазынаңды тұрған шақта,
Еңбегін бір өзіңнен аяған кім?
Сен — жомарт, менің сенен сұрарым көп,
Жүк артсаң — еркің, мені сынайын — деп,
Жалғадым мың отыңа бір отымды
Сенімен мәңгі жанып тұрайын! — деп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter