Өлеңдер ✍️

  11.05.2021
  192


Автор: Ғафу Қайырбеков

Кішілік туралы баллада

Секілді өлең-жырдың әулиесі,
Тебіренген теңіз болып жан-жүйесі,
Маңдайы жырта қарыс секілді бір
Ақылдың ақ шалқары, ой дүниесі,
Алдымда отыр менің қадірлі қарт,
Дегендей сөзімді күт, жанымды бақ.
Қартайған қалам тербеп қайран шалдар,
Бұлар да бір күн бізді сағындырмақ.
Кездессе шарапаты мол жақсы адам,
Болмай ма бір сөзі оның олжа саған!
Қазынаң көп қой сенің, алашағың
Өмірде ол атқарған, ол жасаған.
Дәметкіш бала әдетін көріп менен,
Жымиды ол бір ғажайып көрікпенен.
Маңдайға қабақтары барып қайтып,
Көзінен көрінді ыңғай «кел, ұқ!» деген.
Байқаймын ойынан бір сөз ақтарды:
— Сен, балам, қалаймысың аз айтқанды?
Әлде сол сәби күнің қаз қалпында,
Сүйе ме хикаяны, ғажаптарды? —
Деді де жымиды кеп, дене қозғап,
Қаншама мәз болса да, міне ғажап,
Күлкісі қарт адамның қалады екен,
Ішінде тек талпынып шыға жаздап!
Мен үнсіз бақылаймын оның бәрін.
— Аз айтам болсын саған ойым мәлім.
Бар еді қадірлі ақын, қазір ол жоқ,
Тауысқан тым ертерек өмір дәмін.
Таланты көбімізден үздік еді,
Қасынан қалмай оның біз бір елі,
Сүйсіндік дүниеде барлығына,
Құрметтің мұхитында ол жүзіп еді!
Жасы оның еді кіші бәрімізден.
Жасырмай жаюшы еді жанын бізден.
Өнердің болса қанша меруерті
Табиғат бойына оның бәрін тізген.
(Бұл жерде ол қабақ түйді ауыр оймен) —
Жүрсе де сонша құрмет, абыроймен.
Кішілік қалпын әсте ұмытпады;
Адамның бар ажары жаны ғой кең!
Сәлемі, кездесуі - бәрі кіші,
Тұратын бар сөзіңе нанып іші.
Бала еді, қалса дағы жасы ұлғайып,
Болғысы келмейтін ол кәрі кісі.
Бойында қасиетті бір балалық
Сақталған адам еді, ұрлап алып
Жер-ана бермей қойды қайтіп бізге,
Ұқпадық, бәлкім, оны құндамадық!
Бірақ ол ешкімге өкпе кетпеді айтып,
Жұлдыздай момын сөнген көкке батып.
Екен ғой кішілігі — кісілігі,
Табиғат бойына дән еккен артық!
Тынды ол. Болдым деген қалыппенен,
Көз алмай көп уақыт қалып менен.
«Үлкендік жарасатын жалғыз мықты —
Ол ана, ол ақсақал — халық! — деген
Ойының бұл жалғасын «бөліспей-ақ
Ұқ!» — деген белгі берді ол іштей-ақ!»
Қиялмен ауырлаған қарт денесін
Көтеріп зорға тұрды күміс таяқ...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу