Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
10.05.2021
241
Орақ
Мамбетовке
Қайың да сапты қаракөк
Болаттан соққан Орақ ед.
Менің момын әкемнің
Бар қаруы сол-ақ ед.
Шілденің күні туғанда-ақ
Шалғындар балқып пісерде,
Ой-хой, Орақ сумаңдап
Түсуші еді пішенге!
Шабытпен әкем бір жойқын
Жосылта кіріп соныға,
Сермеген сайын бір толқын
Жығылып қалып соңында,
Шыңылдап жан-жақ, дөңгелеп
Дүние билеп кететін,
Ұша алмай қалған көбелек
Қанатын қиып өтетін.
Жұмыскер еді сол орақ,
Тым іскер еді қарт қандай
Жыл сайын көктеп сан алап,
Сағына күтіп жатқандай.
Іздесем шабыт өзімнен,
Алдымда жайнап жыр алап.
Кетпейді ылғи көзімнен,
Жарқылдап сондай бір Орақ.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter