Өлеңдер ✍️
Бауырсақ
Төгіп жатыр
Пейілі мен жанын сап.
— Келмейсіңдер,
Осыншама сағынсақ! —
Дейді жеңгей Ақтабақтан сауылдап,
Дастарханға топырлайды бауырсақ.
— Жалғыз үйміз,
Ел арасы алыс-ақ!
Қуанамыз
Көзге мейман шалынса-ақ! —
Дейді жеңгей,
Топырлайды әлі де,
Таусылмайды табақтағы бауырсақ.
— Мал жарықтық
Бейнеті мол,
Бабы ұсақ,
Біздер мәз ғой
Соның бәрі табылса-ақ!
Сағынамыз! — дейді жеңгей, әлі де
Тысыр-тысыр домалайды бауырсақ.
О, туыстық, бауырмалдық салт қандай!
Біз дегенде сабыр қалмай, дәт қалмай.
Бар көңілін бауырсақ қып балқытып
Төбемізден төгіп болмай жатқандай.
* * *
Қашты қасқыр. Қарлы құйын бұрқырап,
Жел ұйтқыды, жер көрпесін жұлқылап.
Қалды бәрі қалың жылқы, басылды
Жаңа ғана борандатқан мың тұяқ.
Жалғыз нүкте ақ қағазға симаған
Секілді бір қашты бері, қуды ағаң.
Көрінбейді даламенен дала боп
Астындағы ақ боз аты зулаған.
Дала қызық, аспан, жердің жігі жоқ,
Астастырып қалай тіккен жібі жоқ.
Ауада құр асылғандай бозғыл шар,
Омырауында жайдары әсем күні жоқ.
Осы шардың зырылдайды ішінде
Әлгі қасқыр, оны қуған кісі де,
Бір зұлымдық, бір әділет айқасқан —
Табиғат та таңданғандай ісіне.
Бірін-бірі жеңем демек, жерлемек,
Бірақ оған қанша қайрат, дем керек!
Әділеттің жеңуіне дүние
Асыққандай шапшаңырақ дөңгелеп...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter