Өлеңдер ✍️
Тойбастар
Сахара дала теңіздей,
Толқыған тасып күй мен ән.
«Мен қалдым тойдан» дегізбей,
Өренді өңкей жинаған.
Қашанда тойдың сән, көркі,
Өрімдей жастар — өнерпаз.
Бүгінгі думан сенде еркі,
Кәне бір жайнап — қанат жаз!
Дуылдат, көтер, желіктір,
Сауықты-сайран күнді бұл!
Сандаған саңлақ келіп тұр,
Құлаққа тиіп бұл дүбір!
Жарыстыр, жүгірт соларды,
Жазылып бауыр бір қажын.
Дүбірлет күйді, сал әнді,
Айызы жұрттың бір қансын!
Аянба, жастар, аянба,
Өзіңнің тойың — сыбағаң.
Жарыңды жұмса, жай алға,
Қызығын көрсет сұраған!
Шілдеде келген той екен,
Шымырлат ыстық буыңмен.
«Жасасын жастар, мерекең,
Аспанға барып ту ілген!»
Дейтіндей болсын, сүйсінсіп,
Қайратты әке, ер ана.
Ал кәне, өнер құйылсын,
Жиылды қалың ел мына.
Ортадан баста, ортадан,
Шаншылып көкке шығуға
Әзірле, қайда ортақ ән,
Шымырла, күйлер, шымырла!
Дөңгелен, билер, дөңгелен,
Толқы да тасы, көл боп қал!
Мүше алып қалып жеңгеден,
Бозбала, ерке қызға апар.
Жұпарын сепсін жел ескен,
Шақырсын оны күй ағын.
Күлкіңнен, қалқа, елестет,
Даланың сыршыл бұлағын!
Пай-пай, кілең ақ көйлек,
Қара көз қыздар қаптады-ау!
Қайтатын біраз серуендеп
Қайда екен шіркін бақша-бау!
Тұманбай қайда, Тұманбай,
Жырыңды жаз да, гүл ұсын,
Құр қалып тойдан мынандай,
Құралақан жүрмісің?!
Ой-хой, шіркін, жас дәурен,
Дүрілдеп кетті-ау жер мен көк.
Әніңе шырқа, бас, сәулем,
Әзіліңді айтшы бермен кеп!
Тамаша сайран болды бұл,
Өнерге сонша толды алап.
Шырқады сайрап сан бұлбұл,
Көмейден балы сорғалап.
Бақытты туған жас ұрпақ,
Күнінде бейбіт сермеген.
Арттағы күнді тосырқап,
Алдағы күнді бер деген!
Арманың сірә, бар ма екен,
Туған ел бәрін сайлаған.
Жастардың күні — жаз - көркем,
Деп тойыңды тойлаған!
Бұдан соң енді сен қалай
Аянбай еңбек етпессің?!
Жас жігер істі талғамай,
Бастап-ақ қалай кетпессің?
Саласың қала бұдан соң,
Сахара төрін самсатып.
Қаласың кенін құба жон,
Жанбасқа кейде тас батып.
Орнатып алып заводты,
Тұрғызып пешін домнаның.
Көресің содан жаңа отты,
Болаттың балқып жанғанын.
Қаптатып қырда мал айдап,
Асасың дала белінен.
Егінге толып бар аймақ,
Тербелер күздің желімен.
Тағы да келер тамаша,
Осынау тойлы жаз деген.
Жырлармыз сонда жаңаша,
Шығатын бізден аз ба өлең.
Өмір бір теңіз, бай ағын,
Жүземіз, қанат талмас бір.
Ал кәне, тойдың аяғын,
Алдағы жылмен жалғастыр!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter