Өлеңдер ✍️
Хамит Ерғалиев
Жиырма бес жыл аға-іні боп келеміз,
Жыр мұхитта қатар жүзіп кемеміз.
Біз ақынбыз, біз өзіміз шашумыз,
Жай шашуды, аз әкелді демеңіз.
Бірге таттық талай жылдың тұз-дәмін,
Бірге шаптық шоқтығында құздардың.
Қос-қос жолдан өруші едік өлеңді
Хош иісті бұрымындай қыздардың.
Сарт дегізіп екі жолдың сен басын,
Жалт дегізіп мен айтушы ем жалғасын.
Ал содан соң «шу» деп алып кетуші ек
Айдап алға ақындықтың арбасын.
Одан сайын жақын едік, тату ек,
Одан сайын Хамит едік, Ғафу ек.
Аяп бізді, қатар тірлік сыйлаған
Табиғаттың рахымына рахмет!
Бір адамға сендей дарын дарытсын,
Сағат сайын самаладай жарықсың.
«Айналайын» деген сөзді зор айтып,
«Ойнолойын!» дегеніңмен Хамитсің!
Сөз баласын өз баландай аяйсың,
Жадау болса жаның жүдеп қарайсың.
Өзің жақсы айта білген соң ба екен
Өзгенің де жақсы айтқанын қалайсың!
Шіркін біздер қатар лаулап жанушы ек,
Жанған соң да от қадірін танушы ек.
Әлсін-әлсін соғылысып бұлттардай,
Әлсін-әлсін сағынысып қалушы ек.
Оның бәрін еске алуға жол жырақ,
Көңіл біздің көктемдегі бал-бұлақ.
Омырауыңмен кең даланы құшақтап
Аңырата бер, аппақ жалды Арғымақ!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter