Аңыздар ✍️

  10.05.2021
  321


Автор: Ғафу Қайырбеков

Тоғызбұлақ аңызы

Социалистік Еңбек Ері, КПСС XXV съезінің делегаты Жолсейіт Молдасановқа

«Қашаннан таудың көркі бұлағымен,
Қашаннан үйдің көркі шырағымен.
Қашаннан әйел көркі — дәм-тұзымен
Қашаннан ердің көркі ұранымен.»
Осылай Тоғызбұлақ аңыз бастап
Жөнелді көріскенде әуел баста-ақ.
Қазақтың бұлағы да айтқыр шешен
Кезінде елдің жомарт, көңілі асқақ.
—Көсілер аса жүйрік тер шыққанда,
Жазылар жаралы жан шер шыққанда.
Ашылар жер бақыты аспандай боп
Қасиетті топырағында ер шыққанда.
Жер едім Тоғызбұлақ жарыса аққан
Мекені ата-баба әлмисақтан,
Батырлар басыма кеп ат суарып,
Жорықтан оралғанда тыныс тапқан.
—Па, шіркін,
жердің де бір дұрысы екен,
Басы құт, аяқ жағы ырыс екен.
Ел тату — сүттей ұйып, балдай балқып,
Жағалай құшақтасқан туыс екен!
Сөзінің сөйлегенде жалғаны жоқ
Жау келсе ат ерттемей қалғаны жоқ.
Осындай отау тігер мекені үшін
Қан төккен батырлардың арманы жоқ! —
Десіпті ескі күннің ерлері асыл,
Жаз болса еркін жайлау — кеудем жасыл.
Төрт түлік түгел есіп, төрімде ойнап,
Алатау қойнауында салған асыр.
Кегеннің келісті бір белесімін,
Жеті құт жердің сұлтан, төресімін.
Айтсам да жетіп жатыр бір аңызға
Бүгінгі менен туған ер есімін.
Жолсейіт туған бала Молдасаннан
Баққанға бітер деген мал қашаннан.
Жатпастан тағдыр таңдап, көп ойланып,
Қайратын қара бейнет қойға салған.
Еңбектің қол таңдамас қолайлысын,
Жұмсауға жанға жайлы оңай күшін
Бір іске көңіл сүйген кіріскенде,
Жалтақтап жан-жағыңа қараймысың?
Қой қаптап Жолсейіттің таяғынан,
Келеді керуен жыл баяғыдан.
Жөңкілген қисабы жоқ ақ толқындай
Алатау басы менен аяғынан.
Бала еді көпті сүйген, көпке көнген,
Өргізген ақ қошақан көк көгеннен.
Сол кәсіп өскенде де өрге басып,
Жақсы ырым жалғасқанда кете берген.
Жаралған адал еңбек құрсағынан,
Көзі бар күн сарылған, түн сарылған.
«Деместен анау сөйтті, мынау бүйтті» —
Алтындай айрылмаған бір сабырдан.
Қызыл от, аппақ уыз, қара қостан,
Жан еді ол қайтсе де бір қайыр тосқан.
Жүрегі үйренбеген әдеттеніп,
Дәметіп әзір құрмет, дайын достан.
Жақсыға бірақ үйір, жақын жаны,
Жарасқан үйде күйі, шатырда әні.
О, қайран қасиетіңе не жетеді
Еңбектің қарапайым батырлары!
Жетіспес жапа-жалғыз елге шебер
Батырға жары сай боп келмесе егер.
«Ұлдар» деп атын қойған көпке балап
Бір серік тағдыр аяп бермесе егер.
Отырса он бір перзент анасы боп,
Болмасқа оның батыр шамасы жоқ.
Өрбіген өнерлі ұрпақ өрге шауып,
Солардың келеді өсіп панасы боп.
Жұлдыздар қос кеудеде жарқылдаған,
Бақытта бұлақ болар сарқылмаған.
Жолсейіт қос съезге делегат боп,
Дауысы трибунада саңқылдаған.
Естіген елдің бәрі көңілі өсіп,
Мақтанар сол қызықты көрдім десіп.
Мақтанар тау жаңғырып, бұлақ тулап
Жеткізер жер түбіне жел гулесіп.
Кегеннің алтын айдар абройы —
Жол бермес Жолсейттің қалың қойы.
Жазбас па сондай ерді жарқылдатып
Жарқ еткен найзағайдай ақын ойы.
— Деп маған бір қарады Тоғызбұлақ.
Тұрғанда аңызына салып құлақ.
Жөнелді сол мезетте бір ақ толқын
Кеудемнің биігінен ағып құлап.
Қойындай Жолсейіттің ызғындаған,
Ұстатты қалың шабыт тізгін маған.
Қамшы ма ат сауырын қыздырмаған,
Аңшы ма қан сонарда із қумаған.
Жырлармын ерлігіңе қол артып мен,
Әзірге тауыспастан көп айтып мен.
Алғашқы сәлемімдей осы өлеңді
Қабыл ал, Жолсейітім, жомарттықпен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу