Өлеңдер ✍️

  10.05.2021
  210


Автор: Ғафу Қайырбеков

Күн сөйлеп тұр

(Миллиард -1976)

Жолдастар!
Атты міне, таң ғажайып!
Алтын зер шұғыласын тауға жайып.
Сөйлеп тұр күннің өзі бізге қарап
Асықпай ал, тыңдайық, ал, қарайық!
«Көсілген көк астында Қазақстан,
Сағатың даңқың тағы ғажап ұшқан.
Ояндым кірпігімді желпіп өткен
«Миллиард!» «Миллиард!» деген зор дауыстан.
Тағы да сен екенсің сермеп алыс,
Таратқан жер бетіне зор қуаныш.
«Бөліскен менің мәңгі қызметімді
Кім бұл?— деп қызып еді қайран намыс.
Тоқтадым, көзім тоймай кереметке,
Талпынған алтын таулар бәрі көкке.
Жаңғырды жалғыз сенің атыңды айтып,
Құйылып жатты нұрлар жан-жүрекке!
Мен — күнмін, мен ешкімді мақтамағам,
Мен оны өз бойыма дақ санағам —
Мен едім Көктің ұлы, жер күйеуі —
Табынған тәңірі де, хақ та маған.
«Ал сен кеп Жер баласы — Қазақстан,
Серіктей абройды қоса алысқан.
Қасыма астығыңды тіреп қойып,
Қалайша жетіп келдің осы алыстан?
Не деген қайсар едің, ер балуаным,
Естіп пе ең Күнге жақын Нан барғанын,
Естіп пе ең аспан асты бидай аңқып,
Күннің де құдіретке таң қалғанын!
Кештім мен мінезіңді артық кеткен,
Күшіңе ризамын шалқып жеткен.
Бар бейбіт, бар береке қызметіңмен
Күнді де, уақытты да бақытты еткен!»
Осылай сөйледі күн сол алыстан,
Туған жер, саған қарап, Қазақстан.
Құшақтап миллиардты үшінші рет
Күнменен күліп барып қол алысқан.
Осынау ұмытпаспыз сәтіңді біз,
Алдыңа алып келді даңқыңды күз.
Құттықтап мың қайтара құшақтаймыз
Шабыттан жаратылған халқыңды біз!
Күнді де әлгі жомарт құттықта сен,
Сыйлаған ашық ауа, уақытты әсем.
Жинаған жақсы ырысы толқын тасып
Болсын деп тілеген ол мұхитқа тең!
Құттықта барлық бауыр халықты сен,
Құттықта Отан деген алыпты сен.
Құттықта жаны жомарт партияны
Алсын деп аянбаған даңқты сен!
Ардақты анам менің, Қазақстан!
Бақыттың аспанында самғап ұшқан.
Бүгінгі шырқауыңды болжамаған
Сан ғасыр бас қатырып сан данышпан.
Кеудемді қуаныштың селі бұзып,
Құлшынып құлыншақтай желіні үзіп,
Шашылып, мың бөлек боп кеткендеймін,
Мақтаныш толқынына еріп, жүзіп.
Бұл — шабыт сан жазушы, сан ақынға
Егерде отың болса қанатында
Өлеңнен ту жасайтын рет біздің


Ел бүгін Ер атанған сағатында!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу