Өлеңдер ✍️

  10.05.2021
  201


Автор: Ғафу Қайырбеков

Жылашар

Отанның дүрс-дүрс соққан жүрегінен —
Москва, мәңгі тірек Кремльден,
Куранттар сыңғырының арасынан
Жылдардың сан кіргенін білемін мен.
Ол жылдар жатыр менің қанымда ойнап,
Ағады өмірімді қалың бойлап.
Күмбездей жарқыраған күндері оның
Бақыттың қуаныштың бәріне айғақ.
Ал міне келе жатыр жыл жаңасы,
Оранып жалаулар мен туға басы!
Есімі — мың тоғыз жүз жетпіс алты —
Сықасқан миллион состав сыбағасы.
Бастаушы бесжылдықтың бел тұңғышы,
Сезіліп анадайдан серпін күші,
Сеніммен келеді аттап, әр адымын,
Секілді алған еркін ел тынысы.
Оң сапар!
Маңдайында он саны бар!
Сен оны сергек танып, болсаң ұғар, —
Елу жыл бесжылдықтар туғанына
Толатын тойдың ұлы қарсаңы бар.
Ғажайып келбетіне кескін бұрсаң —
Көзіңе тағы әнекей түсті бір сан!—
Жиырма бес!
Партияның съезі — ол,
Осынау бес жылдықты іске қосқан.
Жол болсын, мың тоғыз жүз жетпіс алты,
Жалғассын жеңістердің жақсы салты!
Қарсы алды қанатыңнан сүйіп сенің
Қаһарман, қайратты Отан, Совет халқы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу