Өлеңдер ✍️
Шаңырақ
1
Күндер-ай,
су ма едің сен жылға-жылға,
Айдаған бізді тастай қырдан-қырға,
О, ғажап, сол екпінмен білмей қаппын
Толғанын шаңырағым жиырма жылға.
Кеше еді барды-жоқты жан ұқпастан,
Жас қайрат су шығарған жарып тастан.
Жалына ақбоз аттың жалау қадап,
Армандай ақ жарымды алып қашқан.
Жоқ еді жалғыз есік баспанам да,
Өйтпесем ыстық албырт жас болам ба?!
Дүниенің ортасында тұрып қалдық
Бар байлық — жер өзімде, аспан онда.
Күлеміз бетімізге қараймыз да,
«Кәзір жаз, не істейміз?» -
деп сары аязда,
Қол сілтеп болашаққа жүріп кеттік
Дедік те «біз секілді адам аз ба?»
Қарсы алды тағдыр бізді жоқсың демей,
Тұрған кез жау қызықпай, дос күндемей,
Алғашқы үйді тапқан жарым еді
Мен енді бір бейнеттен боспын демей.
Жоқ бізді сағат бөліп, күн айырған,
Бата алып бастаған соң «құдайыңнан»
Бұл күнгі маған біткен жалғыз дәулет
Жиналған бір қасық пен бір айырдан.
Болысар ағайын жоқ мүлік беріп,
Оқығам бар малымды «қырып» келіп,
Бір пальто ол да қалған жатағымда,
Затым жоқ әуре болар жиып-теріп.
Қос дәптер өлеңім бар, ол да бірақ,
Жазылған жырлар еді жарыма арнап,
Күн бұрын оны өзіне беріп қойғам —
Жүргенде жоғалтам деп, дүние шарлап.
Дәурен-ай, айта берсең кеп қой тарих,
Көргем жоқ кісі күндеп, кек қайтарып,
«Тіршілік уақытша бір жайлау ғой
Мейман боп тату-тәтті кеп қайталық!»
«Ер маған, ерші Бәдеш, қол ұстасып! —
Дедім мен, — кетпес арман алыс қашып.
Тар өмір соқпағында таяныш бол,
Сүйейтін кетсем тайып, шалыс басып».
Сол үшін, алғыс жарым, сенген үшін,
Соңымнан үміт ұстап, ерген үшін,
Сенің сол ерлігіңе, заттығыңа
Кетеді тебіреніп кей-кейде ішім.
Жиырма жыл — енді қолда әдіс бар ма,
Қайтарып қашқан аттай сені ұстарға.
Қайталап жолымызды өтсе болды
Қолдағы аман жүрген екі-үш қарға.
Бақыт бар, есендік бар, бар абырой,
Бұл күнге тәуба қылсақ болады ғой,
Алдымда ақ тілеулі жолым жатыр,
Сол жолда талай досым соғады ғой.
Дос демек, дос жинадым — бар дәулетім,
Жаюлы ақ дастархан, ақ ниетім,
Қазақтың талай қасқа-жайсандарын
Жіберген дәм татырып болды ретім.
Шығардым үй болған соң үйдің атын,
Дегесін біздің Ғафу, біздің ақын.
Жарым да қолымды ұстап қалған емес,
Жарқылдап жәрмеңкені қыздыратын.
Жиырма жыл, айналайын шаңырағым,
Сенсің ғой адам атым, аруағым,
Бір ғана уығынды сықырлатсам
Кеш мені, достық үшін жалынамын!
Жиырма жыл — әсем тірлік жинағысын,
Жыр жазбай, үндемеуге қимады ішім.
Сақтадың аман-есен баллар үшін,
Қазақша жазылатын жырлар үшін!
2
Бәдешке
Қайырлы таң! Көзіңді аш, кірпігің жаз,
Ақтолқынға шомылған, ей, сұлу қаз!
Табиғатқа, тағдырға ризалықпен
Тағы маған еркелеп айтшы бір наз!
Айдын-тірлік алдында толқып жатқан,
Жағаға ұрып, жартасты солқылдатқан,
Айналайын, сен сиқыр айна едің ғой
Қап-қараңғы көңілімді жарқылдатқан.
Адам өмірі боран ғой алай-түлей,
Сол өмірді мен кештім болмай үрей,
Өйткені ылғи қасымда өзің тұрып
Түк қылған жоқ кездескен талай дүлей.
Жан-жақынсың, сен маған жарсың, доссың,
Бар игілік сен болып басын қоссын.
Бір уығы келеді босамай-ақ
Сен екеуміз бірігіп тіккен қостың.
Мас боп талай, жас болып тулағанда,
Сыймағанда асау жан кең ғаламға,
Сабыр атты бағанға сүйеніп қап
Сан кісілік жасадың сен маған да.
Енді міне бірқатар жасқа келіп,
Арылғанда кеудемнен басқа желік,
Өзің тұрсың қасымда аман-есен
Азаматтай жасап бір асқан ерлік.
Құтты болсын туған күн, жан-жарым-ау,
Ашық аспан, жайнаған жан-жағың тау,
Қартаймайтын қару бар — ол махаббат
Махаббатты сақтайық біз есен-сау!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter