Өлеңдер ✍️
Одесса әсерлерінен
1
Одесса. Әсем театр.
Оңтүстіктің гүлдері.
Мен көрмеген ғажап бір
Жер бетінде жүргелі.
Қызыл алтын, сары алтын —
Тұрған көрік уылжып,
Адам естен танатын
Бұл не деген сұлулық!
Тәңіріден рұқсат кеп,
Талай заман өтініп,
Кетуіне бір сәтке
Кіріп қана отырып.
Арманда боп шыққандай,
Үй екен бұл керемет,
Меруерт, маржан тұтқандай
Алтынменен шегелеп!
Мен сол үйдің төрінен
Ел атынан сөйледім.
«Туыс қазақ жерінен
Құтты болсын той!» — дедім.
Украина қол соқты
Дос қадірі білінген,
Люстралар моншақты
Хрустальдар тілімен:
«Бәрекелді!» дегенде
Асыл жандар мекені,
Жетпей қалды төбем де,
Аспаныңа екі елі!
2
Жетпіс сегіз мемлекет,
Үш жүз портпен ұштасқан,
Одесса тұр көкпеңбек —
Асты теңіз, үсті аспан.
Мынау жердің бетінде
Өзі ғана бардай-ақ,
Қалмағандай көркіне
Қолындағы барды аяп.
Планета сияқты
Өз алдына бұл да бір.
Жақын менен жырақтың
Басын қосқан мың дәуір.
Ұлы ақын, ұлы әншілер,
Суретшілер, күйшілер,
Сәулетшілер, сәншілер,
Жел қанатты бишілер.
Сан халық пен сан ұлттар,
Жаңғырыққан сан тілдер,
Сан кемелер, заводтар,
Асқан батыр, айтулы ер,
Ескерткіштер, тарихтар,
Ескі, жаңа ұрпақтар,
Замандар туған қалыптар,
Дәстүрлер, том-том кітаптар.
Осының бәрі бар десе,
Көрмей де көзің сене ме? —
Осыдан кейін Одесса –
Планета емей немене?!
3
Ең шеткі бір аудандар
Біз жүрген жақ аралап.
Жаңбыр да мықтап жауған дәл
Сағынған жерді сабалап.
Болмады, сірә, толасы,
Армансыз жермен жүздік-ау,
Аяғы құтты жолаушы,
Басы да су-су — біз мынау!
—«Ағайын басы ал, жиыл,
Ортаға жақсы кел, қонақ!
Украина дәл биыл
Егінді қаптап берер-ақ!»
Деген бір көңіл тасыған
Елге де біздер еруміз,
Жолымыз өлең шашылған,
Әдемі жорық, шеруміз.
Халықтың көңілі даладай
Қарсы алған, жолға бастаған,
Қайда да барсаң қарамай
Оюлап жазып тастаған!
Арулар шеккен кестесін
Орамал-сурет жағалай,
Ақындар, шіркін, не істесін
Қызығып соған қарамай?!
Алып бір нандар жүзеді
Ауада ырыс-кемедей,
Қимай да саусақ үзеді,
Тамылжып тұрған өнердей!
Ғажайып осы дәстүр-ау —
Қарсы алған бізді тұз бен нан!
Ағайын мынау, дос мынау
Құшаққа қысып бізді алған!
4
Ананьев қаласы.
Тарихи бұл да ескі жұрт.
Біз келгенде әрі асып,
Батысқа қарай көшті бұлт.
Көкпеңбек қою бағына
Төгілді күннің шұғыласы.
Сол күндей болып тағы да
Құйылды елдің ықласы.
Отырдық кешті өткізіп,
Оқылып жырлар әп-сәтте.
Көзден де көшті көп қызық
Талантқа толы концертте.
Бір кезде көзімді үйірген
Қос бала көрдім ерекше.
Қазақша бірі киінген,
Енді бірі өзбекше!
«О, ғажап-ай!» — дедім мен,
Дауысым шығып кетті әнтек,
Айырды мүлде еркімнен
Билеген мынау қос тентек!
Білсем, кейін кез кеп мен
Ол да бір әсем хал екен.
Қазақ пенен өзбектен
Осында екі үй бар екен!
Одессаның ең арғы
Түкпірінде, қиырда,
Жүреді деп бұларды
Кім ойлаған, шынында?
Ертеңіне келіп тұр
Қызметтен босанып,
Көздеріне жас алып,
Қолдарына ас алып!
Қайран қандас, туыстық!
Құшақтастық, сүйістік.
Көздері де сүйкімді,
Сөздері де тым ыстық!
Кешегі қанды соғыста
Украина жер үшін,
Мылтық кезеп, оқ ұштап
Көрсеткендер ер ісін.
Сол бір ауыр күндерде
Жараланған қансырап,
Дем берген де ем берген,
Ақ дәмімен асырап.
Болған екен қос ару,
Қосылыпты жарым деп.
Енді олардан босану
Мүмкін емес, әрине,
Босанудың мәні не?
Адал еңбек, ақ көңіл
Қайда болса сыйымды.
Жайсаң өлке, жақсы өңір
Жатырқайды кіміңді?
Жатыр міне соларда
Жақсы достық бейнесі,
Небір қиыр далада
Жеткен өткір сәулесі!
Рахмет, бауырлар,
Солай жақсы кездескен,
Кетпейтіндей болдыңдар
Кескініңмен мәңгі естен!
5
Балта — город приличный,
Балта — город и что надо.
Багрицкий
—Бұл арада бір заман
Билеп тұрған түріктер,
«Балта» сөзі солардан
Қалған, — дейді жігіттер.
Мен жәй ғана жымидым,
Жүрегімде от ойнап.
Мағынасын бұл күйдің
Басшы жолдас ұқпай қап,
—Деді:— мұным ерсі ме,
Жерім бар ма бүлдірген?
—Балта — деген менше де
Балта ғой, — деп, күлдім мен.
Басталды да жақындық
Алғаш солай бір сөзден,
Шабыт күйін шақырдық
Ұшып ұшқын нұр көзден.
Бұл қаланың шынында
Бар мінезі балтадай,
Шап-шағын да, шымыр да
Бастан кешкен жол талай.
Бұлттай әскер қаптатып
Алған мұны Суворов,
Күнге найза қақтатып,
Өткен солай бір жорық.
Молдаваның алғашқы
Астанасы екен бұл.
Сол маңайға жолбасшы
Отағасы мекен бұл!
Болған мұнда Толстой,
Багрицкий көп тұрған,
Екеуі де алып қой
Сөзден күмбез соқтырған.
Талай тарих жолының
Балта — ашулы есігі.
Космонавт Шониннің-
Осында тұр бесігі.
Дәстүрлері тамаша,
Салттары да бір бөлек.
Әлдилейді балаша,
Жан-жағыңды нұр бөлеп!
Бір өзі бір ғасырдай
Жыл жарысып, күн жетпес.
Ескі жердің осындай
Қасиеті бар тіл жетпес.
Салтанаты үзілмей
Құшаққа ыстық тартып ап,
Айбалтаның жүзіндей
Халқы да тұр жарқырап...
6
«Партизандар,
Батыр жандар,
Қату, қатал жолдары,
Қарауытып
Тұрар күтіп,
Савранның орманы!»
Деген әннің сөздерін көп
Жаттаушы едік бала күн.
Ойлап па едім көз көрер деп,
Таңырқана қарадым.
Қалың бұйра қарағайлар
Бізге мойын бұрғандай,
Қатал күндер, қиын айлар
Содан қарап тұрғандай.
Шолақ тондар, мұзды мұрттар,
Табандатқан байпақтар,
Шабуылдар, қым-қуыттар,
Итжұлыстар, «айтақтар».
Домбыққан бет, үсік аяқ,
Шақпақ тас пен от ошақ.
Қалған саны азғантай-ақ,
Жақындаған жау-жасақ, —
Бәрі-бәрі көзге елестеп,
Қаһармандар сондағы,
Сыбдырлайды желмен ескек
Савранның орманы...
7
Долинск селосы бұл,
Оралады ойға әлі
Жасап кеткен денесін күл
Қанды соғыс ойраны.
Қазір жайнап тұрған мекен
Сол күн бәрі есінде.
Ескерткіш бар алабөтен
Селоның нақ төсінде.
Ғажап ұзын тас тақтада
Жыпырлаған есімдер.
Сонау жылдар қан соқтада
Не көрмеген есіл жер!
Бір селода сегіз жүз жан
Көбі аспаған қырықтан,
Адам қанын теңіз қылған
Жан шошиды сұмдықтан.
— Түк қалмаған, түк қоймаған
Ана менен атадан.
Сонда мұны жұт жайлаған
«Қанды ойпат» деп атаған.
Қайта келіп аман ұрпақ
«Жасыл ойпат» жасаған.
Бұл солардан өскен бұтақ
Секілді бір жас, орман! —
Дейді бізге украин шал
Аппақ шашы желбіреп,
Қарағандай болды бір сәл
Мұңлы көздер мөлдіреп.
Еш адам жоқ ұмытылған
Туған, өскен жерінен.
«Айналайын рухыңнан,
Қайран халық!» — дедім мен.
8
Нина Замригаға
Украина ән мен жыры
Мерекесін мен көрдім.
Елдің гүлі, жердің гүлі
Жиналып бір келген күн.
Неткен әсем әнші халық
Даусы нұрмен жуылған.
Би билесе жан шығарып,
Жүрегіңді суырған.
Жағалай от адамдары
Жалын бойлап, өрт кешкен
Жоқ қой мұндай ән арманы
Жер айналып, көк көшкен.
Жеті жұмақ ішінде мен
Жерге түспей ұшамын.
Сезгендеймін түсімде мен
Періштелер құшағын.
Сан қырғынды көрсе дағы
Жайнап қайта жетілген,
Сынбайтұғын аруағы,
Жау ызасын келтірген.
Бұл не деген халық десем,
Өсіп, қаулап, жөнелген,
Өшпейтұғын жарық та әсем
Туған екен өнерден.
Жас сұлу қыз жас қайынға
Сүйеніп, ән шырқаған.
Ол сұлу қыз — Украина
Қол былғайды қырқадан.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter