Өлеңдер ✍️

  10.05.2021
  277


Автор: Ғафу Қайырбеков

Өмір бұйрығы

Москва. Аэропорт. Вокзал іші
Қысты құн ығы-жығы толған кісі.
Ұшпайды тұман тұтқан самолеттер,
Болады кейде сондай жол қайғысы.
Қисайған, ұйықтаған, тұрған, жүрген,
Дамылсыз радиоға құлақ түрген.
Сағаттың тілін баққан сарғаюмен,
Сарыққан сабырларын шыдап мүлдем.
Кезектен сұрақ сұрап шығады әркім,
Бас шайқап, жауап таппай жұбанатын.
Шеттегі бір орында кемпір отыр
Ең соңғы сапары ма мынау, бәлкім!
Ақ кемпір жерге жаңа жауған қардай,
Үлбіреп өз-өзімен алданғандай,
Әр талы күміс шаштың шашау шықпай
Жиналған ширақ пысық қолмен қандай!
Кәрі көз әлі жұмсақ сәуле шашқан,
Ауысқан көктен аққа бейне аспан,
Әлі де ұзын кірпік имек қаспен
Қағысып бірге қанат хабарласқан.
Қос сызық кең мандайын керген әсем,
Қозғалып қояды әнтек кейде бәсең,
Мәрмәрден қиғандай-ақ түзу мұрын,
Күліп түр еріндері ләм деместен.
Сұлулық аналықпен қосып басын
Көріктің көзге басқан қос нұсқасын.
Бекзаттық, ақ тәрбие, биік үлгі
Бір кезде тандандырған өз тұстасын.
Зер салмай маңайдағы қалың шуға,
Жатты да, іздеместен танысын да,
Өзге бір дүниені ойына әкеп
Отыр ол оңашада қауышуға.
Ол — оның тым әрірек жастығы емес,
Бақытқа,
махаббатқа мас күні емес,
Берірек өмір-тірлік мағынасын
Ұққан шақ,
берді ме екен дос-күн елес?
Өйткені үстіндегі тозған киім,
Бір кезде қатарынан озған бұйым,
Бір кезде рахатқа,
Салтанатқа
Қысқа өмір қызығына жазған жиын.
Тойларда,
мерекеде мерей тасқан,
Жайтаңдап көздің жауын ала қашқан,
Кезінде киім еді-ау бәрі мұның
Жұтынтып жан-жағына жұпар шашқан.
Келеді қазір киіп сапарына,
Жайнаған жақсы күннің батарына
Сенбейді ол,
рас көңілі күңгірт тартар
Кей-кейде қарап қойып қатарына.
Сенбейді ол,
сол сенбеудің күшіменен.
Өмірде көп жасамақ кісі деген,—
Сенеді бір сиқырлы қағидаға
Өзінің азбай тұрған түсіменен.
...Қолғабын қасына әне қойды шешіп,
Олардың саусақ басы ойық, тесік,
Онысы мұның әсте жырында жоқ,
Тақталап, мәпелейді жайып, есіп.
Қарады етігіне көз асырып,
Қалыпты біреуінің аузы ашылып,
Жалма-жан екіншінің тасасына
Қойды оны еппен ғана сәл жасырып.
Қос шәлі іштен, тыстан салып алған,
Сыртқысы тұтас алдын жауып алған,
Қәзірде алақандай тесіктері
Бір кезде көз тұрмайтын шәлі болған.
Сыпырып алды да оны жайды келіп,
Еңкейіп,
жата қалып,
құлаш керіп,
Жапқылап алақанмен жыртықтарын
Отырды ойға батып,
ұзақ төніп.
Мөп-мөлдір сүйкімді бір жымиыспен,
Баяғы еске алды ма күнін үстем,
Иыққа жайлап әкеп қайта жапты
Қан ойнап ақ жүзіне сүйініштен.
Қарады қара доха ішігіне,
Қырқылған,
жарғақтанған түс-түгіне,
Қаз-қатар мүсіркеу мен қасиеттеу
Сезімі тағы ойнады бет-жүзіне.
Сипалап редикулін содан кейін
Отырды,
енді шаршап қалған зейін
Тіледі демалысты, шыдатпады
Қайран жас кәрілікке салған бейім.
Бір сәтке қайта сергіп,
ойланды да,
Қарады кескініне айна алды да,
Түп-түзу қисаймаған саусағымен
Бетін ол жұмсақ қана айналды да.
Тіреліп маңдайына тұрып қалды,
Көсілген қарап сонау сызықтарды.
«Өмірдің бұйрығы...»
деп күбір етіп,
Аржағын айтпай кенет,
үзіп қалды.
Көптен соң самолетке қозғалды жұрт
Орнына абыр-сабыр сөз қалдырып.
Кемпірдің қасындағы бір топ адам
Барады ауыз жаққа аздап жылжып.
Қиялмен кешіп сапар рахатты,
Алмасып бір ойдан соң бір ой тәтті,
Қарт дене қалжыраған болса керек,
Бұйығып байғұс кемпір ұйықтап жатты.
Осынау көріністі, байқаған сен,
Батасың қалың ойға қайтадан сен,
Әуелде мықты күштен жаратылған
Рухтың тозбайтынын айтады әсем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу