Поэмалар ✍️
Гүл ішіндегі хаттар
(поэма)
Профессор Кәмила Досқызы Өтегеноваға
I
Сәске түс. Июльдің бір балбыраған
Күні еді, ыстық, сәуле жамыраған.
Қаз-қатар ақ теректің саясымен
Ағылған Алматыда қалың адам.
Кім келді, кім кетті! деп білу қиын,
Секілді сарқылмайтын ұлы жиын.
Сан сапар сапырылған тұрмыс толқын,
Толтырған есік пен төр — Тірлік үйін.
Бәрі сау, көрінеді, бәрі де аман,
Бәрінің көзі жоқтай дамылдаған,
Еш кісі үйде отырып қалмағандай,
Еш адам секілденер ауырмаған.
Еш шығын болмағандай, толық бәрі,
Жөнелген бас изесіп жолыққаны,
Қаратпас алды-артыңа бір жылдамдық,
Секілді жойқын жүріс жорықтағы.
Ғажап қой үлкен қала қозғалысы,
Өмірдің білінбейтін көзге ағысы!
Үлгіріп, бірдеме істеп тындырғандай
Тек мынау жылдамдықтан озған кісі.
Болмайды уақыттан озбайынша,
Тірлікті тірлікпенен созбайынша.
Көп қой ондай қал ада еңбеккерлер,
Көретін көңіл тоқтап, көз қайырылса,
Солардың бірі менің — жырым бүгін,
Мезгілдің түріп тастап шымылдығын,
Жымиып маған қарап тұр ол қазір,
«Білер деп сырымды кім, шынымды кім?»
Сәске түс... Аурухана... зәулім... жарық,
Жарыққа зар болғандар болсын қарық.
Дегендей, сәуле толы кең бөлмелер
Адамның қабағы мен қасын бағып.
Шап-шағын бір кабинет, оңаша, аулақ,
Әйнектен жомарт күннің нұры саулап,
Түсіп тұр жұқа перде арасымен,
Сәл ғана жел үрлесе қиыс аунап.
Ал, міне, кірді иесі кабинеттің,
Жап-жаңа күшін жеңіп ауыр дерттің.
Қажыған жанарымен жайлап қана,
Бір шолды үйдегінің бәрін де еркін.
Содан соң ақ желеңін шешіп іліп,
Шаршаған саусақтарын кесілдіріп,
Аса бір ұқыппенен жуды-дағы,
Отырды диванға кеп, көзін жұмып.
...Сергіді профессор сәл дем алып,
Әлі де екі беті бал-бұл жанып.
Мойылдай қара көзі сұлу екен,
Түбінен от шыққандай жалынданып.
Сол отта тоқсан сезім тоғысқандай,
Ала алмай бірін-бірі соғысқандай.
Қаталдық мейрімділік, ақылдылық, —
Сен санап мүмкін емес тауысқандай.
Сәл ғана қара шашқа қылау түскен,
Алысып ажал деген мылқау күшпен.
Қайраттың қалың біткен арқасында
Бойына бола алмаған жылдар үстем.
Қимылын құрыш дене басқарғандай,
Шыл-шымыр, жұмыр алмас тас жарғандай,
Жүрегі тәуекелшіл, сенімі нық,
Жан тату әлдеқашан дос болғандай.
Қарады ол жан-жағына, көңіл хош бір,
Алдында терезенің тұрды қос гүл.
Ерекше өмірдегі қуанышы —
Қашаннан жан секілді гүлмен дос бұл.
Жайнайды күн нұрымен екі шоқтай,
Алқызыл райхандар өрт құшақтай,
Немесе арманымен өтіп кетіп,
Аяғы гүлге айналған жастық шақтай.
«Япыр-ау, жоқ еді ғой таңертеңнен,
Бұларды бүгін біреу тағы әкелген!
Айналдым, алда, менің достарым-ай,
Бір бақыт маған-дағы әл әперген!»
Деді ол іштен, қуанып бар көңілден,
Сөйлескендей әлде адам, әлде гүлмен.
Қолға алғанда екі хат түсті сырғып,
Құшағында гүлдермен бірге жүрген.
БІРІНШІ ХАТ
«Көңіл-ай! Көніл деген жан ба едің, сен,
Адамзат жаралғаннан бар ма едің, сен?
Сен әлде жүрек ісі — сезім бе едің,
Дәт, қуат, шабыт, рух, әл ме едің, сен?
Әйтеуір, көңіл сұрап көрінгеннен,
Жатамыз, алғаш сәлем берілгеннен.
Адамды ұстап тұрған алтын тірек,
Сол деген арылмаймын сенімнен мен.
Сенім де — сол көңілдің бір шыбығы,
Көңілмен байланысты тіршілігі,
Көңілдің күндіз, түндей екі беті —
Адамның я күлуі, күрсінуі.
Біреудің біреу кетсе жығып туын,
Біреудің біреу алар жұлып мұңын,
Қырсық та, қайырым да — адам ісі,
Әмірі өмір деген бір мықтының.
Ал, өмір тәтті жақсы, жаманға да,
Жан бермей, алысамыз соған бола.
Өзінен жаманмын деп, кісі безбес
Ойлайды керекпін деп қоғамға о да.
Осылай өмір заңы, тірлік қамы,
Жүректің тоқтамайтын жүйткіп қаны.
Қос қолдап айрылмасқа тіресеміз,
Сырғанақ өмір деген бір тұтқаны.
Сол өмір деп қалғанда «Енді кетем»
«Мен саған болысамын, елдік етем»,
Дейтіндей жан бар ма деп жаутаңдайсың,
Тарылып дүние деген кең бір мекен.
Мысалы, сау денеңді дерт мен деді,
Шыбықтай балғын едің көктемдегі,
Бар еді өңкей сәби армандарың,
Жүректе әлдилеген көптен бері.
Бар еді аппақ адал мақсаттарың,
Қызықтың қақпасының ашпақ бәрін,
Ай нұрын, күн сәулесін, дүние шуын,
Кетуге ыңғайланса тастап тәнің.
Азғырып, ажал десе: «Кел, тыныс тап!
Жаның да ол дүниеде еркін ұшпақ!»
Соңғы рет сонда әлемге бір қарасаң,
Ақырғы үміт арқан шетін ұстап.
Ал сонда, ақ киімді бір періштең,
Сағынып, сақтаушыңдай күткен іштен,
Ілінсе жанарыңның ұшына кеп,
Үңілсе күлімсіреп, төніп үстен.
Үміттің маңдайынан Сенім сипап,
Талықсып рахатпен сен ұйықтап,
Оянсаң белгісіз бір мерзімнен соң,
Манағы тас құшақтан серіліп қап.
Бойыңнан бөлінгендей бір ғаламат,
Жатқандай жаңа туып күнге қарап,
Жыбырлап әлсіз қанат кірпіктерің,
Өңіңе тіршіліктің нұры тарап.
Қайтадан сенім қолы сені әлдилеп,
Секіріп, алақайлап, көңіл билеп,
Шаттық пен Разылық араласып,
Өзіңмен өзің сөйлеп сәл күбірлеп.
Әлі де қайда екенің білмей бірақ,
Әйтеуір ақ босаға, үйден, жырақ,
Сезесің жатқаныңды, сезесің де,
Кетесің тағы ұйқыға жай қалжырап.
Келесі оянғанда кемел тірлік,
Санаға сәуле беріп «Жеңіп тындық!»
Деген бір салтанатты хабар айтар,
Есте жоқ болған айқас, өткен сұмдық.
Тек қана ақ қанатты сол періштең,
Тағы да күлімсіреп төнген үстен.
«Профессор...» дегенін әзер шығып,
Сарқып айтып жатасын өңгені іштен.
Тіл жетпейтін ризалық орнап саған,
«Ақырғы рет мені де қорғапты адам,
Шіркін, адам, бауырым, жан туысым,
Қайтіп саған алғысты арнап бағам?
Қайтіп саған жеткізем сол алғысты,
Жеткізетін кім бермек маған күшті.
Сен бересің, оны да сен бересің.
Адам күшін жаратқан қоғам күші!
Ризамын мен саған, туған Отан,
Алғысымды алдымен саған айтам.
Қымбаттатып қойған сен тірлігімді,
Сенсің маған шыққан күн, ағарған таң!»
Деп жатасың сайрап сен ұзақ іштен,
Профессор жымиып тұрады үстен,
Тұрады үстен жарқырап ажары оның,
Адам тілі жетпейтін қуанышпен.
«Шіркін, дәрігер қорғаушым, арашашым,
Нендей күшті теңеуге жарасасың.
Сен әйелсің, профессор, анасың, сен,
Мен де анамын, төгілген қара шашым.
Мен де анамын төгілген мейірімім,
Бар күшімен ризамын пейілімнің,
Бар көңілімен ризамын балаларымның,
Бар тілегімен ризамын жан-жарымның!
Сенсің менің әулием, жарықтығым,
Сен сыйладың әлемнің жарық күнін.
Сенің үлкен жүрегін аман болсын,
Ақ тілегім, айтарым анық бүгін!
Сенің жолың бақытқа сайраған жол,
Жан екенмін жарықтан сыбағам мол.
Абыройлы елімнің профессоры,
Жақсы қызы қазақтың сен аман бол!
Көңіл-ай! Көңіл деген жан ба едің сен!
Екі туған көзімде бар ма едің сен?
Ал бар болсаң, білін сен қорғаушыма,
Сүйінген де, сүйенген дәрменім сен.
Шіркін, біздің ақындар, қайдасыңдар?!
Мынау ерлік күшіне жалғасыңдар!
Менің отты сезімім, жан-күйімді
Сендер ғана жеткізіп айтасыңдар!
Қараңдаршы жүзіме сәл шыдап бір,
Қуаныштан көз жасым тамшылап тұр,
Өтінемін, дәрігердің өр еңбегін
Жазыңдаршы, бауырлар, жақсылап бір?
Ал әзірге, Апатай, қолың бер сен,
Ақ қағазға тым еркін ойымды өрсем,
Осы менің қолымнан бар келгені,
Анда-санда бір оқып көңіл бөлсең!
Мен барайын мақтанып перзентіме,
Бақытымның бесігін тербетуге.
Осынау күшті жүрекпен, махаббатпен
Маздап жанып жүріңіз жер бетінде!»
ЕКІНШІ ХАТ
«Бес айдан соң бірінші рет
Жаздым өлең Сізге арнап,
Күнім қайта күлімсіреп,
Қайта шықты қызғалдақ.
Ол қызғалдақ көңілім еді,
Қурауына аз қалған.
Ол қызғалдақ өмірім еді,
Қирауына аз қалған.
Қалай ғана тебіренбейін,
Жүрегімді қолға ұстап,
Басымды ием жерге дейін,
Доктор сізді алғыстап,
Профессор ризамын мен,
Жақсы өмірге Сіз барсыз!
Тағы жайнап жаным күлген,
Қасіретсіз, ызғарсыз!
Неткен жомарт жүрегіңіз.
Неткен нұрлы қолыңыз.
Қорғаушым ба ең, кім едіңіз,
Мұнша жарық жолыңыз?!
Қансыраған көкірегімді,
Қайғы бұлтын жамылып,
Сұп-сұр болған өрт реңімді,
Реніштен шағылып.
Ысып-қайнап алған миды,
Бас сүйекті балқытып.
Қажып-шаршап қалған күйді,
Запыран жұтып, зар тұтып.
Есіл өлең, ақындықты,
Қаламынан безінген,
Серілікті, сақилықты,
Қайта келмес сезінген.
Бәрін бәрін, жан апатай,
Бердің қайтып өзіме.
Аман қалған жан қалқатай,
Жарқ етті ғой көзіме!
Махаббатты көп жырлап ем,
Тиді ғой бір сауабы.
Үмітімді солдырмап ем,
Тез келді ғой жауабы.
Ананы да мен едім ғой
Ел аузында ән еткен.
Өзім де бір пенде едім ғой
Жақсылықты дәметкен!
Не айтайын мен, рахмет, апа,
Жақсы қызы қазақтың,
Енді өленді жазам қайта,
Ауыр ойдан азатпын!»
«Қайтсын-ай!» — деді балқып профессор,
Бір ана, айтыпты ғой бір әке сыр.
Қос тағдыр сөйлеп кетті кезегімен,
Сөйлеткен өмір деген мұрат есіл!»
Есімде, әйел еді алдыңғы адам,
Отызға жаңа кіріп жалындаған,
Адал жар, аппақ сәби баласы бар,
Оларды сағаты жоқ сағынбаған.
Жаутандап, жар сығалап, көп әйнектен,
Кісіден сәлем айтып өткен-кеткен...
Төменде, аула ішінде балапаны,
Секіріп ойнаушы еді дөңгелекпен.
Ойында ол сәбидің қауіп қайдан,
Жүгірген шарлап жүрек, жалықпай жан.
Тек қана әкесіне танданады,
Мамасын бір жат үйге салып қойған.
Оларды көруші едім күн санап мен,
Аналық жүрек жібіп, жұмсап-ақ мен,
Қайтадан бекінуші ем өзіме ұрсып,
Күні ертең кездесетін сын сағатпен.
Мыңдаған операция кешіп қолдан,
Десем де үйреншікті кәсіп болған.
Тұсында әр тағдырдың бір тебіреніп,
Қазақша өкпе, шіркін, өшіп болған.
Оларды ешкімге айтып мұнданбайсың,
Дәрігердің салты солай — сыр жаймайсың.
Ал егер әр адамың аман қалса,
Өзің де аман қалып тұрғандайсың.
Ол әйел естіп едім жас ғалым деп,
Еңбегін енді жаза бастады деп,
Еңбектің ең үлкені семьясы ғой,
Асатын алда талай асқары көп.
Жан сырын жазған екен жасы егіліп,
Осылай өсер сенім, өсер үміт,
Жетеді маған соның мерейі де
Тірліктің сапарында жүрсе күліп.
Ал мынау еді жалын бір жас ақын,
Тіпті өзі баламмен де құрдас ақын.
«Айтшы апа, жарым аман қала ма?» — деп,
Жаныма күнде келіп сырласатын.
Жылайтын бір мезетте ол еңіреп,
«Ол өлсе, мен де бірге өлемін» — деп,
Ешқандай ерсілігі болмас оның,
Ақынның сезімі әсте тереңірек.
Не керек сүйдім оны өз баламдай,
Алаңсыз ақ сенімін қозғап алмай,
Қалайша ақтап шығам үмітін деп,
Көп жүрдім жарынан да көз жаза алмай.
Міне, енді хат жазыпты маған бүгін,
Бақытын айтып түгел, амандығын.
Солардың шаттығының шұғыласы,
Алдымда мынау күліп тұрған гүлім!
Гүлдер-ай! Ылғи шаршап шыққанда мен,
Алысып ауыр дертті жыққанда мен,
Бұрқырап хош иісің, қарсы аласың,
Талпынып талған қолым тұтқанда әрең.
Содан соң қайта қуат кернеп мені,
Рахат-ау, көңіл бесік тербетпегі!
Адамның адамменен мархабаты,
Адамға адам бақыт бермек тегі!
Осылай өсе берсін адам гүлдеп,
Қадірін тіршіліктің содан білмек.
Адам боп бас изейді мына гүлдер,
Жарқырап, сәлемдесіп аманмын деп!
Жарайды мен атқарған осы міндет,
Тілеймін абыройға толсын күн деп,
Түбінде бір дем алып, арманым жоқ,
Айтса алсам амандықтың досымын! - деп»
Жинақтап, осыны айтып, ойын жылдам,
Профессор тұрды жайлап орынынан,
Қашанғы жауынгердей қадам басты
Қажымас өмір күрес жорығынан.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter