Өлеңдер ✍️
Кел, балалар, оқылық!
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық.
Ыбырай
Өтті айлар арқалаған ауыр қысты...
Сарыққан кеудедегі сабыр, күшті.
Еркіндік еркесіндей жыл құстары
Туған жер аспанында тағы да ұшты.
Тағы да келді міне сұлу көктем.
Төгілді жер бетіне жылу көктен.
Миллион саусағымен шарапатты
Табиғат, - ұлы бағбан гүлін еккен.
Аспан - бір, жұпар теңіз бұрқыраған.
Дариға, сол иіске ынтық адам
Сарайы кеудесінің кең ашылып,
Қанғанша тағат таппас жұғып одан!
Жер - кілем, мың бояулы атлас төсек,
Жазылып жатсаң еркін, арқа төсеп.
Өн бойың - қуаныштың қазынасы,
Сен бейне тұңғыйыққа батқан есеп.
Көзіңді ұзақ сатып, көкке бағып
Қаласың, көңіліңе тек, тек анық
Жатқаның жер ананың нұр төсінде,
Ойынды сиқыр аспан кеткен алып...
...Зырлайды тарантас арба қыр үстімен,
Тынбайды қара кер ат тынысы кең.
Қара жол - қашқан жылан қайқаң асып,
Жеткізбес жер сүйкеген жүрісімен.
Сары адыр, қоңыр белес, сағымды қыр...
Ұзайды, жалғасады қағып бұлдыр.
Келеді батып, шығып сонау қара,
Осылай ойнар бұлтпен жарық күн бір.
Шаңқай түс. Көлеңке жүр арба астында.
Күн өктем, шыдамайды ол арбасуға.
Дәл солай жолаушының көңілі де өктем.
Бүктеді, олда жауын салды астына.
Келеді, асығады ол еліне,
Әттең не, көнбейді ұзақ жол еркіне!
Уа, қанат, құс канаты еркіндіктің.
Сен бітсең, ұшар еді-ау сол бетінде.
Туған жер қайдасың деп, жазық аспан,
Қонбастан, қорек іздеп қажымастан.
Жанында хабары бар сол еліне
Көп күтіп, қолға түспей қадірі асқан!
Тек сонау жеткізсе екен ойдағысын,
Сол арман келеді оның жайлап ішін.
Ал, елі бұл ұлының басына да
Зар болып қалғанын ол қайдан білсін!
«Ыбырай шықты - деген - Орынбордан»
Уезден елге хабар мәлім болған.
Алмады көптен көзін жұрт қадалып,
Батысқа ұзап жатқан шаңды жолдан,
Не болды, қалай қайтты, немен келмек,
Тынды ма, өтелді ме өрен еңбек,
Тұрса да әр көңілде мазаны алып
Көп сұрақ кезек күтіп көлденеңдеп,
Әзірге ең басты арман - cay келгені,
Аз күнге дұшпан қырсық дәурендеді.
Жарқырап бір көрінсе мына көзге –
Ол оның мұқатқаны, жау жеңгені.
Осы ойда Қазыбек қарт, қалың жұрты.
Төмендеп жау жотасы, жаудың сырты,
Сонадай оқшау шығып тұрды бұл кез
Серіліп асқар ала таудың бұлты.
Сонда да суық түп жығылмай-ақ,
Сапақ тұр қардың қызыл суындай-ақ.
Қақшиып келер жолды батып қапты,
Қазығын қанды арқанның суырмай-ақ.
Жоқ, оған Қазыбектің көнері жоқ,
Қолынан қайтып оңай берері жоқ,
Осылай ызаланып жерге кейде
Шартылдап нажағайы төнеді көк.
...Бұл мезет cap Тосынның ту сыртынан,
Сол арба шыға келді ырғып қырдан.
Жүздеген көз жыпырлап жол үстінде,
Кез еді жұрт сілтідей тұнып тұрған.
Ұмтылды, ұмтылды ел, о, ғажайып,
Сәлден соң әлгі тұрған топ азайып,
Алып қол жібергендей сілкіп, шашып,
Маржан ғып төсемек боп жолға жайып,
Домалап түйдек-түйдек тартты халық,
Қауышып жатты топтың алды барып.
Көз жасы мұртын шылап тұрды дөңде
Тымағын шешіп, Қазыбек қарт қуанып.
Бөлтірік, Әбілқасым бұрын барған
Босатпай құшағынан тұрып алған.
Ілезде төбесіне тік көтеріп
Әкетті, оны жерден қыруар жан.
Әсемі көріністің осы жерде,
Кеудесін, бар құшағын ашып елге
Келеді ол топ үстінде қалқып құстай,
Тұғырға қайта қонған лашын бейне.
Екі ара тай шаптырым Қазыбекпен,
Түсірмей, тік көтерген осы бетпен
Келді алып ел өзінің бабасына
Жетпіске жақсылықпен жасы жеткен!
Қазекең аша берді мол құшағын,
Қақтырмай үстіндегі жолдың шаңын.
Қадірлеп, қасиеттеп жатты құшып
Сәбиін, туған бауырын, бұл жайсаңын
Сүйді ол маңдайынан, желкесінен,
Ақ көйлек ашып түйме ер төсінен.
Көп басқан көкірекке балаларды,
Қаусырып қамқор құшақ, еңсесімен.
Еткенде әуресі көп жолын тамам,
Жанымен мәңгі сенбей жалындаған,
Ерітікен бір-ақ сүйіп жүрек мұзын,
Қазыбек бар қазақ боп көрінді оған...
* * *
Әдейі көп ішіне сіңіп алып,
Хәл жайды Ыбырай айтқан біліп алып,
Сапаққа сәтім келіп төгіп отыр
Сел - сөзді, «Сапеке-деп-мұным анық!»
− Жатқаны рас екен түрмеде үш күн,
Ұлықтан шет қимылдап жүргені үшін,
Бет беріп Әкім мүлде сөйлеспепті,
Қағаздан қарап жөнін білген істің.
Болмапты бой көрсетіп теңесуге,
Сонда бір түссе керек ел есіне,
Ыбырай өзі айтады: ойлапты ол:
«Тірідей кеттім-ау деп өңешіне!»
Өткенде үшінші күн жауапқа алған,
Өзі де жан дейді бір жалақтаған,
Жұлып жеп екі иінін сөйлегенде,
Бетіне көз тұндырып қаратпаған.
Насырға іс аяғын төндіргенде,
Аса бір шебер, - дейді - желді кеуде.
Жағалай отырғандар жатып қапты
Айқайлап, балдыр-бұлдыр сөйлегенде.
«Па, шіркін!» дейді Сапақ қуаттанып,
Ерінге насыбайды бір-ақ қағып.
− Күштіге дауа бар ма! Желкесіне
Бәлемнің шүйілген ғой зулап барып!
− Сонымен сөз аяғын шорт доғарып,
Тапсыру керек, - депті сотқа апарып.
Жағалай отырғандар үндемепті
Әкімнің мысы басып, тоқтап, қалып.
Сол кезде тұрдым, - дейді - орынымнан,
Әкім де сөйле! - депті соны ұғынған.
Төрелер тыңдап қапты өңеш созып,
Адам ғой бұл да ұшқыр, ойы жылдам.
Мақұлдап ұлықты да, қайшы келмей,
Бетінен сипап өтіп жазғы желдей,
Былдырлап жөнеліпті сабырменен,
Созылып момын жатқан асу белдей.
Қысқасы, төре біткен ұйып қапты.
Дәлелін алдарына жиып сапты.
Әділ ғой орыс деген - тілін білсе,
Кеселі ауыр істің сұйықтапты.
Қисынмен дәлдеп, айткан сөзге тоқтам,
Таба алмай бұлтаратын өзге соқпақ.
Босатып қоя берген алдарынан,
Сырларын әккі әкім ішке сақтап.
Екі айдай Орынборда босқа жатқан.
Хат жазып, қалалардан дос та тапқан.
Сандалып әлі де ұзақ жүрер ме еді,
Бір күні бұйрық келген патша жақтан.
Жанарал сол бұйрықпен басқа жерге
Ауысып кетсе керек, тастап өңге
Жұмыстың бәрін келген жаңа адамға.
Құдайым бұған мұндай дес берер ме.
Баяғы мектеп ісін қайта қолға ап,
Әр әкім, биік шенге қағаз жолдап,
Заңдатып, жатпай-тұрмай жанталасып,
Алыпты ақтығында ісін оңдап.
Ол - ол ма, қараңыз сіз бұ ғажапты,
Кеткені ол әкімнің бұған жақты.
Сан мектеп ашуына ел ішінен
Алыпты үкіметтен қаражатты!
Қамтыған бүкіл Тортай облысын
Әкім боп сайланбақшы соның үшін.
Япыр-ай, бұрынырақ білсек мұндай
Орыстың біліміне зордың күшін!
− Жә, жетер! Айтпа арғысын! Заржақтанба!
Безген ел құдайдан да, аруақтан да!
Тағы да құтырғалы тұрсың ғой бір –
Көрермін, тірі қойса Сапақты алла!
Қайран ер, орыс емес, мұсылман ғой!
Зәресін бұл бәлемнің ұшырған ғой!
Істеп-ақ баққан екен ел тілегін,
Қайтсін-ай оны аударған күшті заң ғой!
Жаңа Әкім адам болса, құдірет болмай,
Табармыз бір шарасын іздеп қоймай.
Я алла, сырығымды жалға менің,
Тұра тұр! Шын көкесін білсек Торғай!
Саусағын екі бүктеп, қалды тістеп,
Дұшпаным алдыма кеп алшы түс! - деп,
Жер тесіп от жанары, сыртына оның
Бұрқанып шыға келді қанды күш, кек!
* * *
Тұрды Ыбырай достарының ортасында,
Кешегі мектебінің жұрты осында –
Бейне бір нәрестедей кеткен жанып,
Маздаған жауыз қолдың оты астында.
Қатты бір дір ете қап денесі оның
Шошынды, қанды кектің көре шоғын.
Қасында бұғып жатқан жұмбақ дұшпан
Кімге атпақ, қалай атпақ келесі оғын?!
Көзінен өтті бәрі сондағы күн,
Мектебі құшағына мол жалынның
Кіріп ап, жатты жанып, жалтақ-жалтақ
Қарады, сол кезде оны қорғады кім?
Ие жоқ. Беріп қойды қапыда жұрт,
Қолынан ел қызығын тартып алып,
Жылатып, еңбегіне өкіндіріп,
Қоюға, барды шіркін дәті нағып?
Жоқ, мынау адам емес, бір айуан,
Айныған ары менен құдайынан.
Арам қан ұясы тек қуыс жүрек,
Сезімнен тұла бойда тірі айрылған!
Арқалап еңсесіне ел обалын,
Демепті менен ғана кек аламын,
Алыпты халықтан да бар ызасын,
У жұтып, бармағын жеп жүрген залым.
Мына қол барады ертең елді өртеуге,
Дүниеге қарғыс үшін келген пенде
Осылай болмақ екен, бар жауыздық
Сиыпты, жаралыпты жер бетінде.
Жамандық жақсылық пен екі батыр
Алысып баяғыдан келе жатыр.
Жамандық жығылса да аста жатып,
Қалсын ол бет тырнаудан неге қапыл!
Жә, өмірдің баласы күресіп бақ,
Бір ұтылған жақсылық мың есе ұтпақ.
Тұр, адамдық, еңсеңді көтер жылдам
Тарт жұлқынып, ішке теп, белдесіп қап!
Енді көрем! Әуселең болса мықты,
Тіресіп қал, жауыздық, сал шабытты!
Бар қайратым - Елімнің күш, жігері –
Содан кидім оқ өтпес мен сауытты!
Ал, бастадым! Жасырмай, күшімді айтып.
Бір шегіндім, шегінбес үшін қайтып!
Қайран елім, қара нар – қасиеттім,
Осы жолда жүгіме қысылмай шық! –
Деді ол оймен, қарады достарына,
Еңсесін бір көтеріп тастады да.
Бәрінің тұрды қазір ол құлпырып,
Ертеңгі мектеп болып қарсы алдында.
* * *
Еріген ыстық күнде сары майдай,
Май кетті алды-артына қарай алмай,
Секілді майдан қалған асыл сарқыт
Әлі тұр кей қызғалдақ жараланбай.
Әйтсе де көрген бе одан енші қалып,
Ұялтып, жер бетінен тер шығарып,
Тал түсте танығандай сонау жасыл
Шапанын кетті үстінен шешіп алып.
Жалаңаш қырдың күні болды қиын,
Дал ада сары баған - толды құйын.
Аспанға барған жердің елшісіндей
Өтініп, қатты сұрап сел құюын,
Тырналар тыраулайды биік көкте,
Айтқандай аспанға наз, бұлтқа өкпе.
Төменде жалынады желге жусан
Дегендей «сабағымды жұлып кетпе».
Зар болған ала қыста бір жылуға,
Шыдамай енді қазір күн нұрына
Адам жүр әзірленіп, жалт-жалт қарап,
Көрінген көлеңкеге тығылуға.
...Басталды осы кезде мектеп ісі...
Қуыстай сезінгенде көптен іші
Қуаныш тамшылары толтырса оны,
Жеткендей болмай ма бір көкке кісі?
Дәл солай Ыбырайдың бұл кезеңі,
Мұның да келіп еркін бір кезегі,
Еңбектің рақатын бастап көріп,
Көңілдің жайлауына құйды өзені.
Жұмылды ел шеберлері мынау іске,
Көп зәру болса дағы құрал, күшке.
Қайран қол топырақты нандай илеп,
Аямай салды өнерін әр кірпішке.
Ақ тақыр кетсе үстіне ылай тамып,
Табадай шыжылдайды балқып жанып,
Күн тұрды қызғанғандай жерден ылғал,
От өңеш лебіменен тартып алып.
Ондаған жұмыр балтыр, жарық сирақ,
Қайтсін-ай, жатыр сазды жанышып-ақ!
Шоқпақтай сұйық ылай тасқа айналып,
Түспейді тілерсекке жабысып ап.
Орамал әлсін-әлсін суға малып,
Төбеге төрт бұрыштап байлап алып,
Тынбайды бейнет қордың қолы, сірә,
«Әзірле, қайда кетпен, қайда қалып?!»
Кеткенде таңдай кеуіп, бір қаталап,
Салқындап, ерін көміп жұтқан шалап,
Маңдайдан ащы терді бұрқ еткізіп,
Жандарын жанған өрттен тұр тасалап.
...Жөнелді жиырма көлік жөңкіп ағып,
Аманның қарағайын бетіне алып.
Жолаушы күндіз жатып, түнде тартса, −
Әрең деп он бес күнде жетуі анық.
Аралап ағаш қиып тағы талай,
Кетеді, шіркін мезгіл, барымтадай.
Өтеді жаз қоштасып, қолын сілтеп,
Шаруада түгел жетіп, жарылқамай.
Жатсын ба табиғатқа текке өкпелеп,
Кірісті ел - аямады кептеп көмек.
Дәл кәзір көңілінде жалғыз мақсат –
Қайтсе де салмақ соны! Мектеп керек!
Өрттен соң қайта қаулап өнер көктей,
Басталды жаңа мектеп. Ол ержетпей
Тынбайды, қорғаушысы бар мықты оның,
Берер ме ол, енді қолдан дәрмен кетпей!
* * *
Баяғы үй... Шағын мекен... Көптен кісі
Кірместен, жан жатырқап кеткен іші.
Ал қазір төрі думан, басы базар,
Үздіксіз жатыр келіп үлкен кіші.
Саяда, жылылық та - бәрі осында,
Адал дос, ақ дастарқан дәмі осында.
Білінген аға ақылы, кіші өнері
Сауық та, сахараның сәні осында.
Кей-кейде сапарға ұзап жөнелсе адам,
Іркіліп кемді күнге тамашадан,
Үйінің тіршілігі орта түсіп,
Өзімен-өзі болып бала-шағаң.
Ал содан қайта оралсаң, ойқой, шіркін,
Үйіңе кісі келіп дүркін-дүркін,
Жағасын дастарқанның дос толтырып,
Жарасып қалмай ма бір әзіл-күлкің!
Дәл солай мынау үйде ол келгелі
Кең сарай болмаса да он бөлмелі,
Орынның тарлық еткен кезі бар ма
Ықлас, көңіл шіркін мол жердегі!
Кейбірі келеді отан жүздескелі,
Кейсісі ісіне ақыл іздескелі.
Мұң болып шертіледі, кейбірінің
Өмірде жолы сәтсіз - мұз кешкені.
Осымен бірге өткізген бір сағатын
Аса бір асыл дәурен, күн санайтын
Аз емес қадірлесі, тең құрбысы,
Жолына күш-жігерін жұмсар айқын.
Өмірді көп-өткізген жақсы жаман,
Сырына тіршіліктің машық адам, −
Кей қария ақылын да кетеді айтып,
Көңілін тілеулестік қосып оған.
Кейбіреу аттанады асын ішіп,
Шаруасы болмаса да асығыс түк,
Қиылар, кетуіне сұрап мұрсат,
Қолына тымақ ұстап, қамшы қысып.
Біледі ол ел ішінде нелер барын,
Мұрат қып ішкен қымыз, жеген дәмін,
Өмірін бос қартайтып алғандарға
Не десін, жақсылардың елден бәрін
Дәметкен жөн-ау - бірақ, қайдан ылғи,
Жер соқпас туа берсін бәрі қырғи!
Халықта аз болса да. бары жақсы
Кісінің толқып жатқан жаны бір күй!
...Ол кәзір саябырда, оңаша, аулақ.
Көбейді тындыратын ісі қаулап.
Салынып жатыр мектеп, жаны риза –
Жұрты да жұмылуда күшін арнап.
Аманнан ағаш біткен күзде келмек,
Ұсталар отырмасқа іздеп енбек,
Алдырды «осында бар» деген жерден,
Келгенше терезе, есік істей бермек.
Көтеріп оған дейін қабырғасын
Үлгірмек, қоя ма жұрт жабылғасын.
Әзірге істің беті қуанарлық,
Бірегей ынтасы да кәрі-жастың.
...Кірісті ол енді өзі бір үлкен іске.
Ол алыс арман еді жүрген іште.
Кітабын тұңғыш қазақ мектебінің
Жазбақшы ақыл жетіп, тіл келіссе!
Әрі ұстаз, әрі ақын, әрі ғалым,
Атқармақ жалғыз өзі соның бәрін.
Амал не, жан қорқытар іс болса да,
Кім ұғар осы ортада оның зарын.
Өмірде жалғыздықты көп көрсе де,
Басынан сан торығу өткерсе де,
Бәрінен қиын болды-ау бұл жалғыздық,
Шара бар енді жасын төкпеске не?!
Жылады ол, жалғыз сәтке ұйып, тынып,
Көз жасын уысына құйып тұрып.
Жылады ол, өзі тұстас адамдардың
Көбінен абройы биік тұрып.
Жылады ол, жана түсіп, жарық болып,
Алдына алысқанын алып соғып!
Жылады ол кәрі тарих алдына кеп
Бір өзі бүкіл мұңды халық болып.
Дариға, сол бір жасы жан сырындай,
Жұмбақ боп өз тұсына қалды ұғылмай!
Қатыгез заман тұрды қамшы ойнатып,
Көпсініп жер бетіне жанды мұндай!
...Кірісті ол - ұлы еңбегін жазды бастап,
Алдына бар ұстазын ашып тастап.
Кеңеске кемеңгерлер келді бәрі
Қуаттап бұл жалғыздың ісін қостап.
Жазды ол өз халқының тіршілігін,
Күлкісін, қуанышын, күрсінуін.
Талантын, даналығын, салт, әдетін,
Тұншыққан бетін ашты мың сырының.
Жазды ол - өз білгенін қалдырмады,
Қазақтың онда өнері, жаңғырды әні.
Жайнады туған жердің онда жазы,
Сөйледі асқар таудың бал бұлағы,
Жазды ол - қақап қыста қар борады,
Торыды қорқау қасқыр мал қораны.
Дәрменсіз, дәрігерсіз адам басын
Ажалдың жатты қырқып шалғы орағы.
Жазды ол - жан түршікті, жасырмады,
Елімен бірге ауырды асыл жаны.
Жазды ол көктемін де күле жайнап,
Бір желме бақытындай басындағы.
Жазды ол күн демеді, түн демеді,
Бар шыны, сыры бүгін тілге келді.
Арнады жас ұрпаққа, шәкіртіне,
Арманы тек солардың білмегі еді!
Жазды ол, терезеде шам сөнбеді.
Аспанда тұрды анық ай шеңбері.
Жарысып соныменен құйды нұрын,
Риза мәңгі жанып қалса еңбегі!
* * *
Осылай айлар өтті тізбегімен,
Кез еді ел тағы күнгірт күзге кірген.
Сар жота шөккен нардай ауыл сырты,
Жайылды қуқыл бояу түзге кілем.
Күзекке қонған ауыл ірге қымтап,
Ұсақ мал жел өтінен жүрген ықтап,
Ошақтың басы толы қара сирақ,
Шәугімде бүлкілдейді жылы-жұмсақ.
Күн бойы аттан түспей қарулы адам,
Қақ сойыл, қайың шоқпар татып алған.
Қасқырдың бірін қуып деңнен асса,
Шығады енді бірі тағы да алдан.
Шатқал жым, шидің түбі, сай-жырасы,
Қасқырдың үңірейген қанды ұясы,
Жыртылып айрылады айқай шықса,
Даланың қайдасың деп тау қиясы.
Ал әне, тарлан атты қуды бірін,
Ық жаққа жел әкетті шу-дүбірін.
«Қамысқа бет түзеді, қап, тәңірі-ай,
Қарашы әккі болған сұмның қуын!»
Деп мұнда жұрт шуылдап сыртқа шығып,
Тұмсығын күпісіне мықтап сұғып,
Бақшиып екі көзі тұр қариялар,
Соңына мынау істің тіпті асығып.
«Кір үйге саған не бар жаурап, тоңып!
Жүрмісің қасқыр көрмей алған соғып?»
Деп, жалаң дірдектеген балаларды
Кей шеше қуып жатыр қарғап соғып.
− «Неғылды-әй, соқты ма әлгі?» деп үйде бай,
Сұрайды жылы орыннан қимылдамай
«Мінекей, таяп калды, қап, жалт берді!»
Деп сыртта хабарлайды тұрған малай.
Тарлан ат ақ көбігін жел ұшырып,
Қайтарды бері бетін бері ысырып.
Жануар адуындап барды жетіп,
Ал енді сілтер жерге келді сырық.
Сілтеді! Болды қапы, астамшылық!
Құр жерді озып барып қапқан сырық
Тіреліп қалды дағы, әттеген-ай,
Аңшыны тастады алып аттан жұлып!..
«Ой, мынау, не деген өз, өлді-ау бейбақ!»
Дегенше, жиып алып бойға қайрат,
Жандәрмен тұра салып жүгірді атқа,
Құр-құрлап, тымақ тосып, ол да айқайлап.
Артына қарамады тарлан бірақ.
Иесін сезбеді ме қалған құлап.
Көкжалдың өкшесіне түсіп берді,
Адырдан асып-түсіп оқша зулап,
Қараңыз, мына ғажап, кереметті,
«Құтылды, енді қолдан бәрі кетті!»
Деу-ақ мұң мойнын салып, қайтарып ап,
Жануар омыраумен беріп өтті!
Домалап, шаңға оранып арқа, басы,
Көк арлан тұрмақ болып, жанталасты.
Емініп келген бойда, қайта ұмтылып,
Тарлан ат қайқаң белден тарпа басты.
Басты да, тұмсық төсеп желге тартты,
Асуда дір-дір етіп қасқыр жатты.
«Жануар, мал да болсаң айналайын!»
Деп мұнда бір қария кемсең қақты...
Осылай күздің күні дүрбелең шақ,
«Ал қуды, атқа мін де, көлденен шап!»
Деп күндіз алдырмайды бөріге мал,
Амал не, қалар бірақ түнде жусап.
Дәл сондай азан-қазан бір күн түнде,
Қақ сойыл, өңшең адыр жігітіне,
Тапсырма беріп жатты Сапақ тығыз,
«Алқауға келіп қапты, жөнел, түге!
Мезгілін қапы жатқан бағып қалып,
Ұйқыда адамдарын байлап, танып,
Бір бұрау ағаш қоймай таң атқанша,
Өртеңдер Талдыкөлге алып барып.
Келмесін мен білейін түк пәленің,
Қолымда заң кісісі, - зерттер орын.
Кетіңдер сонсоң тарап бет-бетіңе,
Жалаңаш қыстан шықсын мектебі оның
* * *
Талай күн, талай түндер созылды әрі,
Ол енбек рақатына шомылғалы.
Жүйткіді мініп ойдың қанатына,
Қаламы тыным таппай қолындағы.
Алдында қалың-қалың кітаптары,
Өтеді соны оқумен бір шақтары.
Кей-кезде маңдайында тұрды тұнып,
Асыл тер, аяулы тер моншақтары.
Адамның ақылының перзенттері –
Ашылып кітаптардың кей беттері,
Тым ғажап, тыңдай қалып мұның өзі,
Солардың әр қайсысын сөйлеткені.
Тегінде кітапшылмын дегендердің
Көбісі көре бермес керек жерін.
Сөйлету, тілін табу оның дағы –
Міндеті жүйрік сана, көп өнердің.
Алуға асыл үлгі, тыңнан баға,
Құюға бар ақылды бір арнаға,
Самсатып күллі ұстазын, алдына әкеп
Бұл шебер сөйлетуге, тыңдауға да!.
Бір кезек Ушинский сөйлейді оған,
Сол кісі бала жанып кең жайлаған.
Осы адам үлгісіне қарағанда ол,
Бір қайрат тұла бойын кернейді әмән.
Кім білсін, қызыға ма ерлігіне,
Мұншама сүйсіне ме кең білімге,
Арман ба - бұл да өзінің топырағында
Дәл соған ұқсап бақса кемді, күнге,
Оқыды ол - тынбайды да сүйсінуден,
Жаны бар қатты шелдеп, нұр сімірген.
Тап қазір көңілінің биік көгі
Айыққан - бұлт жыюдан, күрсінуден.
Оқиды ол - алдында сан жатыр дана,
Жазады ол - өнерінің отын жаға.
Өзгені үйретуге келер күнде
Нақ солай жазуға да, оқуға да.
Болашақ ашылатын мектебінің
Дәл өзі тұңғыш шәкірті екендігін
Ойлайды, сезеді ол және тұңғыш
Ұстаз боп шыққалы тұр ертең-бүгін.
Мұншалық шапшаң өскен кімді көрдім.
Дей ме әлде - қаны ойнап нұрлы реңнің,
Болады өз-өзінен қысылғандай,
Бір сыншы өз ішінде мұның жөнін,
Мысқылдап отырғандай сақ-сақ күліп.
Алдында ұстаздары қоршап тұрып,
Қорғайды, мұны бірақ мақұлдайды,
Дегендей: «бұл талабың жақсы-ақ жігіт!»
Оларға алғысында болады айтпақ,
«Жоқ, сабыр, алды-артыңа қара байқап!»
Деп тұрған сұс көрсетіп жауы бар ма,
Тұнжырап үн қатпайды дала байтақ...
Әйтсе де ол елге риза бар жанымен,
Басып тұр жау кеудесін салмағымен,
Сол елі айқасқанда белін шешіп,
Кеше бір кесел дұшпан жанжалымен.
Ағашын мектебінің қалған қорғап,
Зұлым жау түн жамылып барғанда арнап.
«Рақымет өшірмедің үмітімді
Бір сен деп, ұзақ мезгіл жанған лаулап!»
Деп өзі еліне айтқан бұл алғысын,
«Бүгін тек менің ғана қуанышым
Сол бұлақ, білім-бұлақ ақ сыншы бір,
Тазартып талай көңіл жуар ішін!»
* * *
Январь ала келді мерекені,
Өсті әне, өсті биік ел өркені!
Ойнады қақпасында жас мектептің
Алтын күн нұр сәулесі таңертеңгі!
Ағылды, ағылды жұрт қырға қарай,
Жап-жаңа тұнып тұңғыш тұрған маңай,
Бір ғажап қуанышты үнге толды,
Жүгірді жүйрік хабар үй жағалай!
Дариға, дария екен ел қуанса,
Дәл осы қуаныштан сел құралса,
Дүние нұрлы теңіз ішінде ойнап,
Белгісіз жүзетіні енді қанша!
Ұлы той, атқа мінді қалың қазақ,
Қарашы, жайып салып жанын ғажап
Бүкіл ел келе жатыр сол биікке,
Күн жүзді төбесінде алтын табақ.
Табылды, табылды арман көп іздеген
Мен бармын, бір келемін дегізбеген.
Ұшты бір мақтанышты сөз ауыздан
Біз дағы мектебі бар елміз деген!
Қағылды, зор қонырау, күмбірледі,
Аралап айлық жерді, күндік жерді.
Ілесіп сол қоңырау үніменен,
Қазақтың даласына білім келді.
Қатылды сол қоңырау, бір тынбады,
Сілкінді осы халық ұйқыдағы.
Естіп пе саңғырлаған өз қоңырауын
Дүниеге қазақ атты ұл туғалы?!
Қатылды ол, - жалт қарады шет, төңірек,
Тосын үн шыдатпады кеткен үдеп.
Қарады бүкіл дала, қарады да,
Құшағын аша берді мектебім! - деп.
Кім қаққан, аты-жөні кім қоңыраушының,
Даланың дүбірлеткен қойнау шыңын!
Қалың ел, қара қазан, cap баланың
Қашаңғы арын, қамын ойлаушы кім?!
Сол сұрақ қоңырауға қосып үнін,
Бар қазақ аспанында ұшты бүгін.
«Ыбырай!» «Ыбырай!» деген жалғыз есім
Туған жер жақсы ауасын, құшты қырын.
Қақты ол тұрып алып сонау шында,
«Қайран ел ояусың ба, ояусың ба?!»
Деп ол да сұрай берді өз тілегін,
Алғы күн арнасына ойы асыға!..
...Сонымен қыр басына қарай ата,
Жөнелді жұрт толқыны, «жан аяма!»
Деді ел, жаулығына шашу түйіп,
Асықты талай жеңге, талай ана.
Ағалар мерекенің нақ басында,
Жиналып Ыбырайдың тап қасына,
Қабылдап ел толқынын тұрды бәрі
Мектептің жаңа ашылған қақпасына.
Халайық жетті үлгіріп ойдан, қырдан,
Қалады қараша жұрт қай дабылдан?
Бейнеттен, арылмаған ащы терден
Бүгін ел маңдайына той жазылған...
Басталды салтанатты бұл мәжіліс.
Сілтідей тұрды тұнып жұрт тым-тырыс.
Әр кеуде алтын сабыр ұясындай,
Тұрғандай қуанышты ұстап бір күш.
Қарт Қазыбек шықты сол кез топ алдына,
Ежелден көзге таныс сонау тұлға.
Жатқандай ойлар тұнып не бір асыл,
Кең маңдай әжімінің қабатында.
Астынан қырау қабақ, кірпік сұйық,
Қарайды мейірлі көз жұртты сүйіп.
Осылай ақша бұлттың арасынан
Тұрмай ма жұмсақ сәуле күн түсіріп.
− Уа, жұртым, сөз деген не мына тұста,
Ол рас, сөзге нелер туады ұста.
Әйтсе де тіл дәрмені шендесе алмас,
Бәріңе түгел жеткен қуанышқа.
Мен шатпын, еңсе еңкейген қарт шағымда,
Батуға көк жиекке тартқанымда,
Ел болып өз қолынан іс тындырып,
Қуанған болдым бүгін шаққа куә.
Белгі деп қасіреті мен бейнетіне,
Лақтырып бір түйіншек жер бетіне,
Жан аз ба арманымен көрге кірген,
Өмірден тамшы рақат көрмей, түге!
Басыңа мына келген ырыс-құтты,
Іркілмей қабыл алдың, бір іс бітті.
Мұратқа тұңғыш жеттің, көңілінде
Еңбек пен арман бірге туысыпты.
Басыңнан бәтуа, бірлік сұйылмасын!
Сауығың, той-мерекең тиылмасын
Жаратқан, қайырлы қыл жас мекенін,
Ұстаған нұрдың шамын, білім басын! –
Жайды ол ақ сүңгідей саусақтарын,
Тұрған жұрт айналасын қоршап, қалың,
Қол жайып, күңіреніп кетті тегіс,
Дариға, ғажап еді сол шақтағы үн!
Сол сөзбен, сол арызбен тағат қылмай,
Бар болса, құдайға да баратындай,
Мың саусақ тұрды ауада діріл қағып
Ақ тілек, адал жанның қанатындай!
Ыбырай қалың топты бастап алға,
Кіргізді әр бөлмеге, ас-тағамға.
Үстінде талай табақ қалқыды бас,
Бет түзеп нелер сыйлы ақсақалға.
Бір келкі қол жарысты «бісмілләмен»,
Қашанда үлкендерден, кіші, дәмең, −
Құлақтар жүгіргенде бірден бірге,
Қолына кей балалар түсірді әрең.
Тамаша үлкен де мәз, кіші де мәз,
Сыртта қыс, бұл мектептің ішінде жаз.
Шырқалды ән, қызды думан, күмбірлетіп
Күй төкті саусағынан не бір сабаз.
Қалың ел жатты тойлап дәл осылай,
Өнерге топырағы, даласы бай.
Нақ солай толқындары дәуірлесе,
Тасыйды алып мұхит жарға сыймай.
* * *
Қағылды тұңғыш сабақ қоңырауы.
Кластан он төрт бала орын алды.
Мөлдіреп отыр өңшең қара көздер,
Кіре алмай сыртта қымбат ойын қалды.
Кіре алмай әке қалды, ертіп келіп,
Кіруге лұқсат жоқ, тәртіп берік.
Қызық-ау бала жаны, ә дегенше
Сағынып қалды үй үшін артық кәріп.
Кейісі ойлайды ыстық досын өзге,
Жүр екен олар неғып осы кезде,
Кейісінің бөпелер еске түсіп,
Іркіліп кеп қалады жасы көзге.
Ал бірі еске алады күрең тайын,
Жаз шықса еді ер тоқым, жүген дайын.
Күн сайын сыйпар оның кім сауырын,
Мәпелеп өзі еді ғой білген жайын.
Әркімде бір уайым, жұмбақ қайғы,
Жатырқап бір-біріне тіл қатпайды.
Қайтсін-ай, қозғалмасқа орынынан
Алаңы көңіліндегі шыдатпайды!
Салсын деп дәптер кітап берген тігіп,
Киізден, әшекейлеп жіппен сырын,
Бос жатыр әзірінше боқшалары
Бәрінен байқалады күткен үміт.
Ал міне келді кіріп ұстазы да,
Толтырып қалам, дәптер құшағына.
Келді ол күлімсіреп, әр баланың
Аяулы әкесіне ұқсады да.
Бар шәкірт тұрды орнынан ізетпенен
«Күткенің, аңсағаның - біз ек! - деген,
Оқыды ол әр шәкірттің көзінен сыр,
Бір кезде қиялынан жүз өткерген.
Арманы тұр жайқалып алдына кеп,
Мейірлі жанарымен шолды да көп,
Ишарат отыруға етті дереу,
Балғындар ұзақ күтіп қалды ма деп.
Таныды әр қайсысын атын сұрап,
Бәрінің көздерінде батыл шырақ
Маздайды, жігерлерін жұмсап батып
Айтуға өз есімін айқынырақ.
Дәптерін, үлестірді қарындашын,
Жанының ынтызары табылғасын,
Бар бала жапыр-жұпыр қалды мәз боп,
Үңіліп, соған салып бар ынтасын.
Ілінген қара тақта оң жағында,
Қолына төрт қырлаған бор алды да,
Бір сәтте тұнып іштен қалды тұрып,
Көздерге жаудыраған қарады да.
− Бастаймыз бүгін сабақ! - деді жайлап,
Дәптерді алдарыңа қой ыңғайлап,
Тақтаға мен жазамын тұңғыш әріп,
Асықпай отырыңдар соны абайлап!
Деді де тақтасына жақын барып,
Ол қолын созды, әдемі жазылды әріп.
Тал иіп, садақ тартқан кей баланың
Көзіне мына сурет басылды анық.
«А»! - деді - мұны сендер әсте ұмытпа,
Алады барлық әріп басшылыққа,
«Молданың «а» дегені ұқсаушы еді
Әзінің қолындағы көк шыбыққа,
Мынау «а» өзгеше екен, қалай қызық,
Оп-оңай дәптеріме алам сызып!
Деп, мәз боп, төмен қарап шұғылданды,
Алдағы бір ересек бала пысық.
...Осылай басталды оқу, кетті жүріп,
Аңсатып, келмей ұзақ көп кідіріп,
Ұядан ұшқан білім қарлығашы
Жөнелді тіке самғап, көкті тіліп,
Моншақтай қолдан тізген орыс әрпі,
Әр бала дәптерінде қоныс тапты.
Көкейге сара жетіп, ми шырмамай,
Санаға мағына беріп, ой ұстатты.
Сусындай бірінен соң бірін жұтып,
Жаңа әріп танысатын күнін күтіп,
Барады бала біткен құлшынумен,
Кей-кейде ойынды да мүлде ұмытып.
Басталды ескі әріп пен жаңа әріптің
Күресі, дәптерінен балалықтың
Шықты да, бұл жаңалық кете барды
Тым шапшаң арасына тарап жұрттың.
Ел кезіп, құла түзде су таба алмай,
Көп қаңғып, еңбегі де бір жана алмай
Тұрғанда, табан жерден бұлақ ақса,
Қапы да түгел ішіп, тез қана алмай,
Қалатын кезек күтіп кез болмай ма,
Дәл сондай жұрттың хәлі бұл жағдайда.
Еліртті кей жанды да мәртебешіл,
Елестеп көз алдында тұрған пайда,
Көңіліне көп баланың кірді желік,
Молданың бос шатпағын тастай беріп,
Жылтылдап терезеден жиі үңіліп,
Мектептің маңайына жүрді келіп...
* * *
...Арада үш ай өтті... күн шамасын
Ыбырай байқамады, ой-санасын
Шәкірттер билеп алған осы кезде.
Қағаздан үйде отырса алмай басын,
Сабағын әзірлейді үйретерлік,
Өнерін аямайды ми жетерлік.
Қайтсін ол тебіренбей, жан қинамай,
Бұл оның еншісіне тиген ерлік!
Дәл кәзір көңілінің хошы келген,
Сөйлесіп Григорьев досыменен,
Хат жазып отыр оған, қуанышты
Хабарын жолдамақшы осыменен...
«Қымбат қарт, аяулы дос, сәлем бізден,
Іс шықты ұзақ күткен дәмемізден»,
Қазақтың тұңғыш мектебі ашылды - деп,
Сарғайған надандықпен көне түзден! –
Құттықтап бүкіл қазақ халқын бірдей,
Газетке сен жазыпсың Жарқын күндей
Көзіме бір көріндің сонда менің,
Кез еді ол қуаныштың атын білмей,
Таңырқап, өз-өзімнен мәз болған бір,
Көгімнен сағындырып жауған жаңбыр,
Жуынып мұңды көңіл нұрыменен,
Жеткен сол күнім еді арманға бұл.
Рақмет, иесі боп мол жәрдемнің,
Есімнен кетер емес қол бергенің.
Жаншылып қалуым да кәдік еді,
Астында әкімдігі зор кеуденің.
Өмірдің бір мінезі құбылмалы
Тап келіп, тұңғиықтан жұлып алды.
Сілкініп шыға бердім, жалт қарадым,
Сен тұрдың. Достықтық деген ұлы мәңгі!
Қос халық арасындай солай тумақ, −
Дедім мен ой үстінде, жүрек тулап
Сыймады көкірегіме қуаныштан,
Осылай дос қадірін білмек құндап –
Тек қана үлкен жүрек қасиеті!
Жалғанның тисе маған асыл еркі,
Біріне бірін жаңа туыстырып,
Халықты қояр едім қосып екі!
Я, бұл не дегізбес қиял байғұс,
Қиялмен жер бетіне сыя алмаймыз...
Сонымен мектеп аштық, мерекемен
Қайырлы кетті өтіп бұл алты ай қыс.
Қасқырдай қойға шапқан аш бүгіліп,
Азуын осы арада басты жігіт.
Кірісті жаман інің қоймай-қоймай,
Демімен іштен шыққан тас қуырып.
Бұл шыным, күлесің ғой езу тартып,
Деме тек бір тілегім сөзімді артық.
Көңілдің қандайлығын көрсетем деп,
Еркелеп жатқаным ғой еркін шалқып.
Құдайым маған мұндай бақ берер ме,
Кіл зирек, зейінділер тап келер ме,
Үш айда хат таныды оқып, жазып,
Жандары қандай құмар жақсы өнерге
Қысқасы, білім алу төрт жылында
Орысша сауаттанып, көпті ұғуға
Шамасы келетіні әбден анық.
Болады олар ұстаз топ буынға.
Содан соң шығарарда адам қылып,
Қызметте парақорлық, жаман қылық
Істемес үшін менің бар тәсілім –
Жайынан көп айтамын адамшылық.
Бұл сырым сатан ғана айтып жатқан,
Тілегім қолыңдағы бар кітаптан
Он шақты данадайын жібере алсаң –
Байғазың болар еді бізге тартқан.
Бос белбеу, елдің тегін татамын жеп,
Қалып ем іштей азып, жаман жүдеп,
Жақсымын, мезгілімде міндетім көп,
Белгілі әрекетке табан тіреп.
Хош, сау тұр, не айтамын өзге бөтен,
Тағы да келді міне бізге көктем,
Жас білім жаяды енді жапырағын
Теректей жаңа қаулап түзден еккен!»
* * *
Тап-таза, интернаттың іші жарық,
Таматын асханадан ішіп алып,
Дем алып бір топ бала аулада жүр,
Мұрынды жас гүлдердің исі жарып
Кеудені толтырады сергек ауа,
Қолына кейбіреуі шелек ала,
Су құйып, мәпелейді гүлді баптап,
Басталмақ осындайдан еңбек-ана.
Әйел кім бергі шеттегі ақ халатты
Үйретіп тұрған сонау бакқа бапты?
Мария Ивановна қадірлі ана
Гүлге де, балаға да махаббатты.
Үлгісін көңіл ұққан, көзі көрген
Бермекке, мына сәтке кезі келген
Аянбай араласпақ ниет айтып,
Басына игілі істің өзі келген.
Ыбырай көп қуанды бұл жәрдемге,
«Беретін қолқабысты кім бар елде?»
Дегенде, бір ғазиз жан қол ұсынып,
Шыққандай болып қалды бұл да белге.
Дәрігерлік оқуы бар, жұмсар білім,
Қарайды әр баланын денсаулығын.
Үйреткен тазалыққа, бойға күтім,
Ол дағы бұл мектепте ұстаз бүгін.
Күйеуі, жолдастары наразылық
Етсе де, іс таптың деп қарап жүріп. –
«Әрекет - жанның емі, ана болсаң –
Бала бақ, баланы үйрет, баланы күт!»
Деп әкем айтқан маған өсиетін
Орындау бойға біткен қасиетім! –
Осылай жұмсақ қана жауап берсе,
Күйеуі үнсіз ғана бас иетін!
Сан іске қарсы болып неше жолы,
Тоқтайтын әкем айтты - десе болды.
Ол мұның қайрылмайтын қатты заңы,
Көлденен шықпау керек келсе жөні.
Сыйлайды ол генерал деп - атам жұртқа,
Әйгілі, қояр соған мақтанып та.
Биіктен бір жығылып төмендеген
Кей әкім, қарар солай бақ, даңққа.
Ал мұның сыр, пікірі жолы басқа,
Ант еткен сол жолында мойымасқа.
Шынында әкесі оның – адамшылық
Екенін білмейді той, сорлы қасқа.
Жайылып мектептен бір өлең кетті...
«Мен ұғам, мен сөз білем!» деген көпті
Жөнелді осынау жыр баурап алып,
Құлағын талай жанның елеңдетті.
Көкейге нелер сәби алды құйып,
Үніне қырда малшы қалды ұйып.
Тағы да қосылды оған қоңырау даусы,
Көтеріп көкке әкетіп әнді биік.
Жас айтты бұл өлеңді, тыңдап кәрі,
Әмірдің сыры қиын жұмбақтары
Білімде бұл өлеңнің айтуынша,
Оқысаң, көкейінде тұрмақ бәрі...
Әнші жұрт, өлеңші ел, ақын халық,
Кетті оны ә дегенше қатып алып.
Жаңғырып ел көгінде тұрып қалды,
Жұлдыздай жеті түнде бал-бұл жанып.
Керемет көрмей жүрген сөздің күшін,
Ғазірет бұл ғажапты сезінді шын.
Отырды ол жағасынан қолы кетпей
Көздері әлқұранның кезіп ішін,
Таппады мынау іске сірә, тиым,
Қаншама білсе дағы құран тілін,
Үн қатпай қала берді кәрі кітап,
Не болмақ, нені күтпек бұдан қиын!
Ал өлең кете берді биікке асып,
Дариядай ел көңіліне құйып тасып,
Талай жас жыр жазылған ақ қағазды
Құмартты кеудесіне сүйіп, басып.
Шақырып оқу, білім нұр таңына,
Орнаған бәйтеректей жыр бағына,
Ол өлең мынау еді, талмай самғап,
Ұрпақтың кеткен озып ұрпағына:
«Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықласпен тоқылық!
Оқысаңыз, балалар,
Шамнан шырақ жағылар.
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар!
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықласпен тоқылық!
Мал-дәулеттің байлығы,
Бір жұтасаң жоқ болар,
Оқымыстың байлығы
Күннен күнге көп болар,
Еш жұтамақ жоқ болар.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықласпен тоқылық!
Сыйса көйлек үстіңе
Тоқуменен табылған.
Сауысқанның тамағы
Шоқуменен табылған.
Өнер-білім - бәрі де
Оқуменен табылған.
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықласпен тоқылық!
Әлпештеген ата-ене,
Қартаятын күн болар.
Қартайғанда жабығып,
Мал таятын күн болар.
Ата-енең қартайса
Тіреу болар бұл оқу.
Қартайғанда мал тайса
Сүйеу болар бұл оқу!
Кел, балалар, оқылық,
Оқығанды көңілге
Ықыласпен тоқылық!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter