Өлеңдер ✍️

  09.05.2021
  237


Автор: Ғафу Қайырбеков

Ғафу-Ғафулар

Өзім - Ғафу,
Қызым менің - Ғафура,
Екі әріпті
Жалғап тұрған атыма,
Тағы менің
Келді өмірге немерем,
Таусылмайтын ұрпақ жайлы айтуға.
Оның аты - Бақытқызы Ғафура,
Ол қырқынан
Шығу керек жақында,
Шаңырағымда жаңғырады үш Ғафу -
Бұдан артық сыйлық бар ма ақынға?!
Дүниедегі ұлы байлық - ұрпақ қой,
Барлық арман -
Соны сақтап тұрсақ қой.
Өз алдына соның бәрі - несібе,
Тас төбеңнен
Төгіп тұрған бұршақ қой.
Рахмет, тағдыр,
Сенің жомарт қолыңа,
Менің солай
Маржан сепкен жолыма.
Ал, Ғафулар,
Бұйырамын сендерге,-
Тізіліңдер Бас Ғафудың соңына!
Сонда көңілім
Жазғы аспандай аршылар,
Көкірегімнен
Айтылмаған ән шығар,
Өз қанымнан
Өмір жасап, бөлініп,
Жүрегімнен
Тарап жатқан тамшылар.
Жасаңдаршы, Рахатқа тояйын,
Өмірімді өңшең жырмен бояйын.
Бер қолыма,
Ғафураны кішкентай -
Өзімді өзім иіскегендей болайын




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу