Әңгімелер ✍️
Реалист жазушы Бальзак
(Туғанына 140 жыл толуына)
Францияның атақты жазушысы Оноре де Бальзак 1799 жылы майдың 20 күні туды. Яғни А. С. Пушкиннің құрдасы. Бальзактың өз әкесі орта шаруа, бірақ әкесінің әкесі нағыз кедей болған. Бальзактың кезіндегі Францияның дәуірі мен Ресейдің дәуірі бірыңғай да еді. Сондықтан Александр Сергеевич Пушкиннің өмірі мен Бальзактың өмірін салыстыруға болады.
Бальзак өзінің туып-өскен Тур қаласында оқып, бастауыш мектеп білімін алды. Кейінірек Парижге келіп оқыды. Оның сол оқып жүрген кезіндегі жағдайы өте нашар болады. Оған ешкім қараспайды. Парижде танысы болмайды.
Содан ұзамай-ақ, әдебиетпен шұғылданады. Оның мақсаты өзінің ешкімге жалынышты болмай тұрмыс жағдайын түзеу болды. Ақырында, ол мақсатына көп қиыншылықпен жетеді. Оның қолынан күні-түні қалам түспейтін уақыттары да болды.
Бальзак жазумен шұғылданған күннен бастап мықты реалист, реализмді жақтаушы болады. Сол кезде Францияда үлкен орын алған натурализмге қарсы шығады.
Бальзак шығармалары болған тарихи материалдарды шындық арқылы беруге, өз оқушыларына болған фактілерді жете таныстыра беруге бейімделген. Оның жүз томнан астам роман, әңгімелері бар. Бальзактың «Адам комедиясы», «Шегірен былғары», «Жоғалған арман», «Ауыл молдасы» әңгімелері шындықты сүюдегі, шындықты көрсетудегі оның анық реалист жазушы екеніне толық куә болады. Бальзак әдебиет тарихынан реалист, шындықты сүйген және тамаша еңбегімен өзін көрсете алған жазушы болып орын алады.
«Октябрь балалары»
1939 жыл 20 май, №37.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter