09.05.2021
  518


Автор: Балаларға арналған ертегісі

Батпан құйрық

Қарны ашқан қасқыр тамақ іздеп, арсалаңдап келе жатады. Сол кезде түлкі жолығады. 

-  Қасеке, жолың болсын! Қайда жортып барасың? - деп сұрайды түлкі жылмаңдап. 

-  Түкем, қарным ашты. Тамақ іздеп барамын. 

-   Қасеке-ай, менің де қарным ашып келе жатыр еді, өзің кездестің. Жолым болады екен. Бірге іздейік. 

-   Ал, түке, ендеше баста, - дейді қасқыр. Қасқыр мен түлкі жорта жөнеледі. Бір мезгілде төңкеріліп жатқан қойдың тегенедей құйрығына тап болады. Қуанғаннан қасқырдың екі көзі сексеуілдің шоғындай жайнап кетеді. Оп-оңай табыла қалған тамаққа таңырқап, түлкіден сұрайды: 

-  Түке, түке, бұл неғылған батпан құйрық, тегіннен тегін айдалада жатқан құйрық?! Түлкі ойлаған боп, қипаңтай жауап қайырды: 

-  Апырмай, қасеке-ай, бір алаңғасар базарға барған шығар. Арзан бағаға алған шығар. Қанжығасына бос байлап, содан түсіп қалған шығар. 

-  Ай, түке, сонда да мен осыныңнан қауіптеніп тұрмын. 

-  Қасеке, сен қауіптеніп, қорқатын болсаң, мен-ақ жей салайын, - деп, түлкі құйрыққа үмтыла бергенде: 

-     Тоқта, тоқта! - деп, қасқыр арс ете қалады. Түлкі жалт беріп, құйрығын бұлғаңдатып, шоңқып отыра кетеді. Ашқарақ қасқыр былқылдақ құйрыққа ауызды салып кеп жібереді. 

-  Қасеке, мені де ескерсейші! Олжаға ортақ емеспіз бе? - деп, түлкі өтірік мүләйімсиді. Қасқыр оған ала көзімен ажырая қарап, тісін ақситып: 

-   Был-жыр-рра-ма...- дейді де, қойдың тегенедей құйрығын төрт-ақ асап, толғап-толғап, қылғи салады. Қарны тойып, қарық болған қасқыр аузын кере қарыс ашып, ыңыранып, бір керіліп алады да, жорта жөнеледі. 

Іші біліп, мұртынан күліп, қасқырдың соңынан келе жатқан түлкі: 

-   Апырай, қасеке-ай, әлгі май құйрықтан тым болмаса бір асам дәм татырмадыңыз-ау, ә?! - деп, күңкілдейді. 

-   Түке-ау, мұрныңа майдың иісі барғаны да жетпей ме! - деп, қомағай көкжал қарқ-қарқ күледі. Біраздан кейін қасқырдың көзі алақтап, тілі салақтап, жанын қоярға жер таппай, дөңбекшиді де калады. 

- Е-е... құйрық жейтін батырмысың, жан бергелі жатырмысың?! - деп, түлкі қусықылықтай кеп күледі. 

Емің бар ма, түлкіжан-ау... Түкешім, аясаңшы ағаңды, - деуге қасқырдың тілі әрең келіпті. У барған ішке су барса, тез өлтіретінін білетін түлкі: 

- Удың емі су болады, қасеке. Су ішсең, жаның қалады, сәтін салса, - дейді. Қасқыр бар қалған күшін жинап, суды тілімен жалап-жалап алады да, қалпақтай ұшып түседі. 

- Міне, саған батпан құйрық, айдалада тегіннен-тегін жатқан құйрық! - дейді де, түлкі өз жөніне кете барады.



Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу