Өлеңдер ✍️

  09.05.2021
  259


Автор: Әбділда Тәжібаев

Портреттер

Сағаттың шықылдағы емес ермек,
һәмиша өмір өтпек - ол білдірмек.
(Абай)

I
Тынбай жел бұрқыратып құмды айдайтын
Ақ шаңдақ көк аспанды ылайлайтын.
Қойнында үрей боран әлсіз үйшік
Жатқандай жер тістеніп құламайтын,
Мен соны тіл білгеннен «үйім» дедім.
Дегенге үйің жаман күйінбедім.
Көтеріп зіл салмағын қап-қара түн,
Үйімнің мұржасынан ұшып түтін,
Әйнектен алақандай қарап жарық.
Ішінде тірлік барын ескертетін.
Алқынып түнгі ойыннан оралғанда,
Қараушы ем қуанып сол жанған шамға.
Болар ма хан сарайы баспанаңдай
Жат жан жоқ жалтақтардай, жасқанардай.
Сайын су мен нанға тойып алып,
Дуылдап отырушы ек басқалардай.
Десе де бізді өзгелер «жай жұмыскер»
Тәтті ұйықтап, көретінбіз жақсы түстер.
Бөлмеге кірмеген соң күн сәулесі
Жарқырап көрген емес үйдің іші.
Сонда да кемімейтін еркелігім,
Түспейтін көңіліме бұлт көлеңкесі.
Әкемнің жылытты да от көздері –
Көк шөптей өсе бердім көктемдегі
Ересек он бестегі үлкен ағай,
Маған ол көрінетін ұлы адамдай.
Мектепке ерте кетіп, кеш қайтатын,
Мысықша мен сияқты үйде қалмай.
Келген соң кітаптарын ақтаратын.
Жаттаса жақсы жырлар мақтанатын.
Әкейден айнымайтын бет нұсқасы:
Дөң маңдай, қысық, көзі, сұйық қасы.
Шамданса шарт сынардай долданатын,
Қуанса домбырамен ән салатын.
Сүйсініп сонша шешем күлімдейтін,
Сақта деп көзден, тілден күбірлейтін.
Тербеліп желбесікте қарындасым,
Ұйқысын қалағанша қандырғасын,
Жапырақтай жайып уыз алақанын
Ұшардай талпынатын балапаным.
Күлетін, көзінде бір нұр ойнайтын,
Көргендер сүймей оны тұра алмайтын.
Бас аман, бауыр бүтін, бақыттымыз
Қайғысыз өткіземіз уақытты біз.
Жамағыш жыртықтарды шешеміз бар,
Қорғағыш қорқыныштан әкеміз бар.
Екеуі күліп-ойнап тұрғанда бір
Болар деп ойламаушы ем тұрмыс ауыр.
Әкемнің көрген емен еріккенін,
Той қуып, думан іздеп желіккенін.
Істейтін айдаушы боп паровозды,
Айтпайтын кімнен қалды, кімнен озды,
Қайтатын қызметінен арып-ашып,
Кірпігін тас көмірдің шаңы басып,
Серігі шойын сағат білектегі,
Сағатсыз қиын оған күнелтпегі.
Бөлшектеп батар күнің, атар таңың,
Белгілеп қойған уақытын осы ортаның.
Келері, кетерімен есептеулі,
Білмейтін көршідегі өсектерді.
Сондағы паровозды әкем мінген,
Қалыппын сақтап есте жас күнімнен.
Қызығып, көп қадалып келбетіне
Дейтінмін: «келген қайдан жер бетіне?»
Бу бүркіп, от жұтынып тұрған шақта
Ойлаушы ем ұшады - ау деп болашаққа.
Содан соң бір ақырып, ырғалып қап,
Алғандай алып жердің өзін қозғап.
Түтіні қара бұйрат бұлтқа айналып,
Темір жол табанында солқыл қағып,
Жөнейтін зырқырата мол составты,
Ескек жел екпініненен соғып қақты.
Жүгіріп, жол қуанып ем де талай,
Құмарта қалатынмын қарай-қарай,
Сарыны сілкіндіре cap даланы
Қаңбақтай дөңгелете айналаны.
Алыстап, әлден кейін шуы естілмей.
Кететін қиялымды ілестірмей.
Сондағы әлі есімде кейбір сөзім,
Аңсаушым ем сәбиліктің өтер кезін
Ержетсем мен де ертерек үлкендердей,
Заулатып паровозды өз әкемдей,
Бастап ем ұшқан құспен жарыстарды.
Көрер ем таңғажайып алыстарды.
Деген ой тынбай мені жетелеген:
Жол бардай жете қалар төтемнен,
Іздемей өзге қызық, өзге арманды.
Бұлдырлай балалығым кете барды,
Үлгірмей қанаттанып тәтті ойларым...
Зіл қайғы корғасындай жанышты бәрін.
Бұрқасын бейне бақсы сарнаған жел,
Жатқандай түзде қобыз ақтарып шер.
Әкелді жолдастары әкемді үйге
Жаралы жан түршігер қан-қан күйде,
Тұншыға у жұтқандай тұрдық тынып,
Асыл жан ақ болаттай жатты сынып.
Сыртта түн. Үйде жым-жырт – әлсіз жарық,
Күйдіргі кеудемізде жатыр жанып.
Өшкен соң шырағданы көңіліміздің
Кетіпті безіп шаттық үйден біздің.
Бір кезде күшпен ашып әрең көзін
«Қош» деген естіртті әке соңғы сөзін.
Өзінің қимағандай - ақ жақынын,
«Сақтаңдар сағатымды», - деді ақырын...
Содан соң жабық үйдей қалған қараң
Я шаттық, я қайғыға болмай алаң, -
Кірді ол күңгірт дүние құшағына,
Жатты бір жат адамға ұсады да,
Атылған түнде мылтық даусы үрейлі,
Әлде не қараңғыда күркіреді.
Кейде аспан жарылғандай жарқылдаса,
Кейде жер қиналғандай қалтыраса
Қорқамын. Дәрменім жоқ, бұл не дерлік.
Қиын ғой қонбаған кез сәбиге ерлік...
ІІ
Келді тан, кетті қараңғы,
Жарқырай жаңа күн шықты.
Асынған мылтық адамдар
Қоршап түр біздің үйшікті:
Жүздері суық, айбынды,
Көздері толы ызғарға.
Қатыңқы қабақ қайғылы,
Батулы мұрттар мұздарға.
Көтеріп үйден шықты олар
Көкешім жатқан табытты,
Музыка жоқтап айтты зар
Жылатты жұртты, налытты...
Тозған жоқ әлі қабыры,
Бетінде көк тас жабулы.
Сүйсініп бүгін оқимын,
Ойылған тасқа жазуды:
«Қырқында қайтты қайратжан
Бостандық үшін майданда.
Семсерше сынды қайрылған
Сілтеніп қатты жауларға».
Оқимын қайта - қайтадан
Ойылған жазу көк тастан.
Ойланбай кәзір айта алам
Көк таста жатыр көн дастан.
Сапарым ұзақ алдағы,
Вагоным берік, орным кең,
Келемін тынбай мен - дағы
Әкемнің темір жолымен,
Әкедей көрдім ағаны,
Ақылшым менің ол енді.
Ленинді көбірек қарайды,
Азырақ айтып өлеңді
Көршінің көркем қыздары
Келмейді бізге таранбай.
Аңдамай көбін қалады
Кітапты көзім ала алмай,
Әкемше басып аяғын,
Жұмыстан қайтса кешкіріп.
Құлаққа сонша жағады
Әкемше даусы естіліп.
Жастанып жатса басына
Әкенің шойын сағатын.
Отынын үйдің жаратын
Минуттар содан табатын.
Тоқтамай сағат тездеткен
Жүгіре берді ілгері.
Жақындай берді кезекпен
Ғасырдың жаңа күндері.
Неше рет жерге қар жауып,
Неше рет сол жер көгерді.
Бөпешім өсті марқайып,
Апашым біраз көнерді.
Есейіп мен де жігіт боп,
Қашықтап қаппын ойыннан,
Балалық енді ұмыт боп,
Өлең де жазар ойым бар.
Ұрандар бірақ мықтырақ,
Ұялшақ үнім тым әлсіз.
Тәуекел жалтақ, ой қорқақ
Шығар деп сөзім құнарсыз.
Мінеки тағы бір ұран
Бомбаша тыңнан жарылды:
Жаңғырта қатты дейді ұран –
«Жаңарту керек ауылды!»
− Ұқтың ба, жолдас? - деді аға
− Ұқпадым, - дедім ақырын.
Құмармын мен де жаңаға,
Жетпейді бірақ ақылым.
− Қалмасын апам ренжіп.
− Білемін оны өзім де.
− Уәде ме?
− Әбден уәде.
− Тура біл жігіт сөзіңде.
Әңгіме бітті сонымен,
Үйден де шықты ол енді.
Жапанның ирек жолымен
Ауылға сонау жөнелді!..
Барады қайда? Не қылмақ?
Жаңартпақ қалай ескіні?
Жадымда жақсы тұр сайрап
Ескірген ауыл кескіні
Қыстаулар қарға көміліп,
Мұз басқан барлық сүрлеуді,
Тыныс жоқ тіпті өмірден,
Иттер де итше үрмейді.
Қараңғы көрдей кепеде
Қамаулы қою көк түтін.
Қажырсыз тық-тық жөтелер
Су сұрағы ауру бір жұтым.
Жылуын тонның паналап
Қария жатыр іргеде.
Шүкірлік айтар аллаға
Тоналған сайын бүргеге...
Жаңартпақ қалай ескіні?
Дей берем іштей тіл қатпай.
Елестер ауыл кескіні,
Ойларым бұлдыр жұмбақтай.
Қара жер тағы бусанды,
Күнгейді көрдік еріген:
Аязды түндер қысқарды
Көршілес көктем лебінен.
Жабулар түсті арықтан,
Шуаққа шықты балалар.
Мезгілі жетті алыстан
Қаздың да қайта оралар.
Ауылға жеттім мем жаяу
Ағаны көрдім аңсаған.
Жанында титтей жоқ қаяу
Сеземін - аздап шаршаған.
Жел қаққан, аяз қарыған
Ажары жартас өңіндей.
Жеңі де майға малынған,
Тотыққан қолы темірдей.
ЧТЗ - ды нұсқап көзімен –
Көрдің бе? - деді мынаны.
Сенімді сергек үнінен
Ұғына қалдым сұрағын.
Бейтаныс бұрын көліктен
Көзімді тұрмын ала алмай.
Қозғалып еді күркірей
Сарыны соқты борандай.
Жер емес жалғыз, менің де
Жанымды қоса тербетті.
Жарықшақ қалмай көңілде,
Күдігім ойдан тез кетті.
Үстінде жанды темірдің
Құйылған қолдан құрыштай.
Бауырым отыр, елімнің
Қырсығын қырқар қылыштай.
Кеудеме кірді мақтаныш
Жазбенен келген жылудай.
Сезілді бір күй тап - таныс
Жазылар енді жырымдай...
Дүние қандай жап-жарық
Жоқ шығар адам түңілер.
Үміттің оты тұр жанып,
Үмітке тірі жүгірер.
Ал менің бауырым тұрмастай
Табытта жатыр, табытта.
Тұтанып еді тым жастай,
Үлгерді шапшаң жанып та.
Әкені жыққан жау оғы
Құлатты қыршын ағаны.
Тағы да бардық қабырға,
Тағы да қалдық қаралы.
Қайғыға күйген шешенің
Ағарды шашы бір күнде.
Ақ жүзін кесті шешенің
Улы жас көнбей іркуге,
Ағаш та, тас та, болат та
Мықты емес екен төзімнен.
Отырдым шойын сағатқа
Үңіліп жасты көзіммен.
Тоқтамай сағат тездеткен
Зымырай берді ілгері.
Жақындай берді кезекпен
Ғасырдың жаңа күндері.
Даламда қазақ шырқар ән,
Ауылым Науаи - жаңарған.
Өзен боп ақты жылғалар,
Тақырлар бүгін ну орман.
Ойымда әлі, ойымда
Жастағы жүрген сол жерлер
Ағаның қысқа жолында
Өсіп тұр биік емендер.
III
Өтіпті жылдар, қалыпты жолдар кейінде,
Қалыпты сонда күнімнің кебі менің де.
Жолдардың шаңы жауыпты қара шашымды.
Кететін емес сіліксем қанша басымды.
Артымда жатыр, артымда жатыр көп жылдар,
Менің де сонда өзімдік жастық орным бар.
Алады уақыт, аз да емес оның берері,
Жаңартар уақыт қайтадан кейбір көнені.
Көбейтер уақыт сарқылып енді өшерді,
Күшейтер уақыт арыған, әлсіз мешеуді
Танимын десең, уақыттың ләззәт бейнетін –
Сүйе біл оның сағатын, әрбір минутын.
Өрт шалған орман жапырақтан жаз да көгерді,
Біздің де семья азайған еді, көбейді.
Келеді өсіп ұлдарым, менің қыздарым,
Шығардық естен қайғының батқан ызғарын.
Босаған кеше орындар қайта толықты,
Азайған кеше күлкі де қайта молықты.
Шешем де кәзір атанған әже бақытты.
Ұрпақтар үнін арнаған барлық уақытты.
Біреуін сүйіп, біреуін құшып кезекпен
Аңғарар емес күндерін қызық тез өткен.
Түнде де тынбай жүректің шертіп әр күйін,
Айтады қоңыр әженің ыстық әлдиін.
Көңілі кірсіз, көзі де мұңсыз, кірбеңсіз
Мына бір қызға қарап бір енді кім дерсіз.
Таныңыз, жігіт, бауырым менің осы қыз,
Сіздің де ертең болады берік досыңыз
Сыйлаңыз оны, біліңіз жақын, жігітім.
Кермеген жасып, өмірге ғашық әрдайым.
Сүйдірген күнге, сүйдірген айға маңдайын.
Өзеннің досы, орманның досы, жүрегі,
Гүлдердің сырын, құстардың тілін біледі.
Қағады тынбай сауық пен сайран дабылын,
Oсы қыз менің бауырым, менің бауырым!
Шекспир оған соншалық қызық, ұғымды,
Секілді досы айтысар сырын бүгінгі,
Джульетта рөлі әзірлеп кәзір жүргені
Аумайды содан сөйлегені де, күлгені.
Ағызса кейде жалынды монологтарды,
Көремін кілең көзінде жанған оттарды.
Жақпай-ақ грим сахнаға шықса жетеді,
Шашы да ұзын, шаш жалғап өзін не етеді.
Күлкісі көктем, үні де жаздың лебіндей,
Қимылы жеңіл, даланың көбелегіндей,
Іздемес ешкім рампадан түсер жарықты,
Өзі де әппақ, кішкене ғана жарық күн.
«Ромео», - дейді ұйқыда жатып түсінде.
Созады қолын өзіндей сұлу мүсінге.
«Кім екен?» деймін, «Кім екен?» деймін сол бір жас,
Бергенше жанын жарынан сүйген айнымас.
Дариға, қандай ғажайып түстер бұзылды!
Басталды соғыс, үміттер талай үзілді.
Басталды соғыс, уақыт жоқ, ұзақ ойлауға,
Махаббат беті бұрылды кенет майданға.
Өшірмес үшін ғашық жүректер жалынын,
Өшірмес үшін қиял мен арман жарығын,
Джульетта жаны қанжардай кескір қайралды,
Джульетта жаны көкпенен оққа айналды.
Жазады хаттар сағынып маған майданнан,
Танимын жанып түршіккен қаннан, ойранын.
Танимын сөзін темірдей отта балқыған,
Танимын жүзін сұрапыл өртке шарпылған.
Оқимын хатын, оқимын хатын солдаттың,
Хат емес екен, ант екен кейін аңдаппын.
Көп өтті күндер.
Келетін хаттар кешікті,
Қақпайды неге почташы қария есікті?
Кешікті неге, кешікті неге кешікті?
Отырмыз бағып, отырмыз бағып есікті.
Ашылды есік...
Өңім бе, бұл не, түсім бе?
Хабары жатыр қаралы қағаз ішінде...
Ұмытқан едік жылауды көптен,
Үйренген едік күлкіге ғана.
Қайтадан қайғы соқты кеп беттен,
Толтыра салды көңілде нала.
Қайыстық қатты, сынбадық бірақ,
Сындыра алмады соғыс та бізді.
Қанғанша құмар алдық та жылап
Өлеңге қостық Джульетта қызды,
«Джульетта біздің, Джульетта біздің
Өлген жоқ әлі, өлген жоқ әлі.
Өмірге ғашық от жүрек қыздың
Жұлдыздай жарық сөнген жоқ жаны.
Джульетта біздің өлмейді мәңгі,
Кезіп жүр әлі орманды қалың.
Теріп жүр онда гүлдерді нәзік,
Шырқайды түнде құстардың әні.
Жұлдыздай жарық сөнбейді жаны,
Жасайды мәңгі Джульетта біздің.
Естілер талмай орманнан әні
Өмірге ғашық, от жүрек қыздың».
Өлеңге қостық Джульетта қызды,
Жарасып жүрек жырменен шайдық.
Жұбатар жанды тарыққан кезде
Жақсы екен тіпті әнге де байлық...
Есімде бәрі ескірмес Іздер,
Ауысты талай қайғы мен шаттық.
Қақпасын жаңа жылдардың біздер
Қанша рет аштық, қанша peт жаптық.
Сағатым міне алдымда менің,
Әкемнен қалған тозбайтын шойын.
Отырмын бағып минутын оның
Уақытпен бірге қозғалып ойым.
Ой деген қандай, ой деген қандай,
Теңіздей терең кетемін батып.
Қараймын сонау ертеңге талмай
Теңіздей ойдың түбінде жатып.
Қалады сағат мен өлсем егер,
Тоқтамай уақыт тартады алға.
Ертеңнің тағы иесі келер,
Тапсырдым, сендім жас балаларға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу