Өлеңдер ✍️
Сайтан туралы
Тым жақсы сайтан бір кез періште екен,
Тегін жер, тегін ішер пейіште екен.
Жайғасып жатады екен Обломовша,
Тағат жыр жазады екен іші пысса.
Ажарын жел қақпаған, күн шалмаған,
Жан бопты алла деуден бір танбаған.
Жұтпапты я шарапты, я арақты,
Қыздарға қылымсыған жай қарапты.
Бейкүнә пейілі үшін осыншалық.
Тұрыпты мархаматтар қосымша алып.
Күндерде ерігіп сол жас періште.
Албырт жан әр нәрсені алыпты еске.
«Иемнің өзі жұтар ақ арақтан
Емес пе іше қойсам маған мақтан?» -
Деп ойлап бір шынысын алыпты да,
Оңаша өз үйіне барыпты да,
Толтырып алтын жиек бір бокалға
Қарапты мөлдіреген хрустальға.
Содан соң сіміріпті көзді жұмып,
Кетіпті ішіне арақ судай сіңіп.
Ішкен соң көп отырып езілместен
Жатса ұйықтап, қалар еді сезілместен.
Білмейін бұл жұмбақты жас періште,
Үйінен шығып кетіп сол күн кеште
Ақ қанат айналысып үр қызымен
(Тәңірінің өзі сүйген жұлдызымен.)
Қызуын ұстай алмай бойындағы,
Арманын орындапты ойындағы.
Сезініп тұңғыш рет махаббатты,
Қасында ақ қанаттың қонып қапты,
Бір түнде екі күнә еткен жасын,
Қалайша енді иесі қарғамасын.
Көрінің қаһарына қатты ұшырап,
Періште жер бетіне түсті жылап.
Кешегі әлпештеген тәңірі иесі
Сайтанға тез айналды періштесі.
Кездесті кенеттен ол дағдарысқа,
Жылы жай, жұмсақ төсек қалды алыста.
Тас батып табанына жалаң аяқ –
Қаз басқан тұңғыш рет баладай-ақ,
Қыңсылап жұртта қалған жас күшіктей
Жердегі бастады өмірін түртінектей...
Шілдеде кепкен көнін жібіте алмай,
Шарбаттан таңдап ішер бір жұта алмай.
Жеміссіз, уылжыған тағамдарсыз
Жапанда жалғыз сорлы қаңғырды әлсіз.
Алданып алыстағы сағымдарға,
Таба алмай тіректі орын дамылдарға,
Көп кезген, көп адасқан, бұрлыққан жан:
Азабын жердің ілкі тартқан сайтан
Көтеріп мұңға толы мең-зең басын,
Кешқұрым көріпті әрең ел қарасын...
Жалаңаш көрдіңдер ме сайтан сиқын?
Шулатып келе жатыр ауыл итін.
Жүруге мұнша өрескел болмайтынын,
Жалаңаш көзге түссе оңбайтынын,
Ұқпаған бұрын сайтан білсін қайдан,
Біртелеп үйренет те осындайдан.
Састырып сыртта жүрген әйелдерді
Жалбырап шашы, ауылға кіре берді.
Қазақтың жайлауына жеткен зорға
Саналып қашқын ұры, түсті қолға.
Аяқ-қол төрт қазыққа керілгенін,
Арқаға аздап дүре берілгенін,
Болады айтпасам да талдап бәрін.
Ондайда қазекемнің сыры мәлім.
Қайтқандай қашырып жау, мол тұтқынмен
Ұзақ түн мақтаншақтар бөсті кілең.
Тұщы етін дуылдатқан ащы қамшы,
Аспаннан жаңа түскен жас жолаушы
Таланып түнгі дүлей сармасаға,
Жалаңаш жата берді оңашада.
− Сеніңдер, пейіштегі періште едім,
Құдайға құлшылықты көп істедім.
Ішем деп іш пысқанда бір шыны арақ,
Жазалап ием соған, болдым харап.
Ағайын, босатыңдар, мені аяңдар,
Қисаңдар кигізіңдер маған дамбал.
Қамшыдан қан соқталы қалса жаным,
Пейіштің істеп берем ақ арағын, -
Деп сайтан тілмашсыз - ақ, қазақшалап,
Сусаған сұлу ернін қойды жалап...
Аңқаулық, аңғырттықпен қанымызда,
Дарыған сонау аталарымызға
Қызыққыш, құмарпаздық болымсызға,
Қиналмай қыза қалу орынсызға,
Тез сүйіп, тез түңіліп құлпырулар
Демейміз жаңа қылық, ертеден бар.
Осындай мінездері сәбиліктің
Басынан өткен болар талай жұрттың.
Айығып арылғанша біз солардан,
Көрдіңдер керек болды қанша заман.
Сонымен зарын шағып жатыр сайтан,
«Сеніңдер, - дейді, - ағайын, шынымды айтам»
Үлкендер оңашалан кеңесті де,
Әдетше бір аз ғана егесті де,
Танылмай періште деп жалаңашты,
Әйтсе де босатуға сөз байласты.
− Я Найман, я Арғынның бірі болар,
Түбінде бірімізге іні болар,
Арағын жасап көрсін киінгесін, -
Деп ауыл ақсақалы айтты шешім.
Босанып жуынған соң, демалған соң,
Ыстық нан майға бөккен жеп болған соң,
Киінген сайтан демде гүл-гүл жанды.
Жайдары бір жас мырза бола қалды.
Бой жеткен балғын қыздар сол арада-ақ,
Ұрланып үлкендерден алды қарап.
Әдейі көрмегенсіп сайтан бірақ,
Қыздардан әзірге өзін ұстап жырақ,
Кірісті орындауға айтқан сөзін,
Танытып тағамымен алғанша өзін.
Тойсыз - ақ, думансыз - ақ, әдеттегі,
Бұзылмай бұрынғыша әдептері,
Ұсынып сыйлы орынды үлкендерге
Жиналып ауыл жұрты қалды демде.
Қосылар имандыға, пейілдіге,
Көрсетер жақсы енеге кейінгіге,
Түсірмей ойдың құнын, сөздің сырын,
Сөйлесіп ишаратпен тіпті ақырын,
Жиынды жинақы ұстап салмағымен,
Сабырлы сақалдылар отыр кілең.
Кешегі сүмеңдеген сорлы сайтан,
Еркін жүр ел алдында қағып жайтаң.
Әзірлеп ішімдігін уәде еткен,
Толтыра тостағанға құйды шеттен.
Сүйтті де өзі бастап жұтты бірін,
Сонымен жеңілдетті жұрт күдігін.
Тез айтып «бісмілдасын» қостағандар –
Босады кез ілеспей тостағандар.
Алғашқы ашырқау ұмытылып,
Іштері ішкендердің кетті жылып.
Аямас алласынан алған қарғыс
Сайтанға қазақ тобы арнады алғыс. –
Әкелген әдемі сый, көңілді күй,
Сүйсең сүй, дәл осындай жігітті сүй! –
Деп шулап қызған кезде даурыққыштар
Құюға үстін-үстін болды құштар.
Қаталдың зәрі кетті жүзіндегі,
Мұңлының жасы кепті көзіндегі.
Біреуін бірі сүйіп, аймаласып,
Ерінен талай әйел қалды адасып.
Ақ ару бір еркесін сол қауымның,
Сайтанға соқпай қиын ұрлау бүгін,
Аулақта сүйіп тәтті ұялшақты,
Жоғалтқан пейіш қызын жерден тапты.
Жауының қылықтарын тез аңғарған –
Жақтырмай аспанда алла етті пәрман:
Атылды нажағайлар зеңбіректен,
От-жалын жалт-жұлт ойнап өтті көктен.
Ашуды алыстағы кім елесін?
Бұзған жоқ қорқып сайтан ләззат кешін...
Білмейтін диханшылық, малшылықты,
Басынан кешірмеген аңшылықты.
Жасынан балға соғып үйренбеген,
Жақсы асты жатып жеуге именбеген.
Қаржысыз, қажып жеткен бір қаңғыбас
Қазақтан тауып оңай құрбы-құрдас,
Сәл ғана өнерімен бізге мәлім
Жеп-жеңіл еліктіріп елдің бәрін,
Бірі боп жақсылардың жұрт мақтарлық,
Жайлы өмір содан бастап сүруі анық.
Ауысып заман талай содан бері,
Кәрі өліп, жас жеттігіп басты ілгері.
Өзгермей ең алғашқы суретінде,
Кемітпей сәулетін де, дәулетін де,
Жасымай, я жабықпай сайтан шіркін,
Жылдарды тастап кейін дүркін-дүркін,
Жетіпті ғасырға да маған құрдас,
Іздепті тыңнан сырлас, тыңнан мұңдас.
Тапты ма, таппады ма ол қалағанын,
Мен енді жырмен соған ораламын...
...Не тапты бізден сайтан, не таппады?
Қаққаны, ашқаны рас көп қақпаны.
Жылтырап тұрғанымен сырты қанша,
Оңай ма жасай қою жаңа адамша.
Жаңалар ала келді жаңалықтар,
Сыр көрмей сыпырылды сақал, мұрттар,
Өзгерді киімдер де, бұйымдар да,
Өзгерді айтатын сөз жиындарда;
Секілді, тозған дүние, сәні кеткен
Аз қалды ескі салттан, ескі әдеттен.
Десек те мұңаймайды, мұқалмайды,
Боп қалды сайтан біраз пұшайманды.
Кешегі кең қонышты қазақтарды
Еріксіз енді байғұс есіне алды.
Баладай аңғырт еді, сенгіш еді,
Түйедей жуас еді, көнбіс еді,
Саудасыз аз ақыға жалданатын.
Талғаусыз болмашыға алданатын
Сағынып сол күндерін, сол дәуренін,
Күрсіне мұңлы сайтан алды демін.
Өткізбей өмірін тек өткенді айтып,
Бос ойдан шыға келді сайтан тайқып.
Қалдырып шаштаразға сақал, мұртын,
Өзгертіп аз жылдарда - ақ алды сыртын.
Шығынға көп шығармай уақытты бос,
Әр тұста - ақ азаматтан тауыпты дос.
Мүше боп неше түрлі ұйымдарға,
Көрініп мінсіз шешен жиындарда,
Ағызып әр кітаптан жаттандыны,
Кетіпті көтеріліп тез-ақ кұны.
Қайда екен, істейді екен қай орында,
Мәлімет толық кәзір жоқ қолымда.
Таба алсам жүрген жерін сол шіркіннің.
Жол тапқыш, жалтарғанда көрсем түрін
Қалмастай түсіп алып ізіне мен
Жалғасын поэманың бітірер ем. –
«Мүмкін ол әсерімен жақсы жұрттың
Жолына түскен шығар жақсы үміттің.
Не керек жалған жолдан өзі тайса?»
Табылар деушілер де осылайша.
Арылу ескі машық әдеттерден
Әрдайым табылады әдепті елден.
Білеміз бізде де олар толып жатыр:
Болғандар кеше қорқақ, бүгін батыр.
Маскүнем, мақтан құмар бір озбырдың
Тамаша тазарғанын көзбен көрдім.
Жолдасқа бәле жапқыш, күйе жаққыш,
Өсектің үрлеп отын алаулатқыш –
Ағамыз - айығып сол мінезінен
Қарайтын болды езіне сын көзімен.
Жігітті қасапшы боп ет сататын
Танушы ем ,білмесем де өте жақын.
Оң қолы үлгірсе ұрлап таразыдан,
Сол қолы ақшаны артық жымқыратын.
Кейін мен тағы көрдім сол жігітті,
Өнері үш-төрт жылда - ақ өзгеріпті.
Жымиып деді маған:
− Тез-ақ өстім.
Дыраудай бастығымын бір трестің.
Қалмаса қатарынан туып жасық,
Пысықтан құтыла ма орын қашып?
Жүргенде колхоз кезіп ана бір кез,
Достасып басқармамен тым қағылез,
Үйінде отырғанда бір сіміріп,
Айтқаны әлі есімде маған күліп: -
Менің де бір пейіштей өз мекенім,
Есепсіз тегін ішем, жеймін тегін.
Аузымнан шыққан сөзім өмірмен тең,
Емеспін кіші-гірім патшадан кем, -
Деп бастық көңілді күй серпінімен
Аңдаусыз айтып қалған сырын терең.
Артынша кім екенін байқап халық,
Орныққан жұлып тастап басқармалық,
Алғашқы өзі келген салып жолға,
Айдапты аудандағы прокурорға.
Мысал көп жақсыға да, жаманға да,
Көрерлік көңіл көзі қадалғанда.
Біреулер безсе өзінің сұмдығынан,
Біреулер шықпай құлқын құлдығынан,
Амалсыз арттыруға атақ, даңқын,
Дос тұрсын, сатуға бар туған халқын.
Оларға айтар қауым аз билігін,
Жазаның ауырлата артар жүгін.
Ал маған іздеу керек қу сайтанды,
Демеймін онсыз жырым аяқталды.
Қарайын қаладан да, даладан да,
Сұрайын кәріден де, баладан да.
Сұрайын егіншіден, бақташыдан,
Сұрайын теміршіден, мақташыдан,
Сұрайын мәртебелі министрден,
Бар ма деп сұм сайтанды көрген, білген
Жүргенде сүйтіп сарсаңмен алыста,.
Баяндап сыйқын сайтан бейтанысқа,
Қайтер ем шыға келсе өз қасымнан?
Үркуге жарармын ба жолдасымнан?
Болса егер я тарихшы, яки тілші,
Музыкант, я жаңадан шыққан сыншы –
Қарамай таныстыққа бас салармын,
Аузымнан отты сөздер ақтарармын.
Айтармын былықтарын, кеп айтармын,
Жазғаны жамау-жасқау деп айтармын.
Ойнармын нажағайдай көгіндегі,
Атылар кек пен ыза көңілдегі.
Сонымен ері атанып әділдіктің,
Аузына ілінермін қалың жұрттың.
Ал бірақ сол сойқанның мен табатын
Боп шықса я романшы, я дөй ақын,
Өзімнен тұрса биік атақ, даңқы,
Жанжалдың жағар ма екен маған арты?
Бағатын емеурінін ерніндегі,
Ойларын айтпай табар көңіліндегі,
Шап берсе өзіме кеп бір ұр да жық,
Күлмей ме қызық құмар көлденең жұрт?!
Оқушы, ойласайық осы жайды,
Жүрегім жоқтан менің шошымайды!
1957
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter