Өлеңдер ✍️
Дәужаннан Ленинге хат
Жолдас Ленин екеуміз
Түйдей құрдас екенбіз.
Өмір болса екеуміз
Жүзге бірдей жетерміз.
Алыптығым - түйедей,
Қаралығым - күйедей.
Көтеремін ауырды
Ешкім демеп, сүйемей.
Жалшысымын бір байдың,
Мал мен жерден жұрдаймын.
Екі қолым сенгенім,
Ұрлық-қарлық қылмаймын.
Екі қолым сенгенім,
Өз енбегім емгенім.
Тілеп алып жемеймін
Жұрттың аяп бергенін.
Бай мінезі жұмсарды,
Қойды ашуы құрсауды.
Қалды айқайы, үйренді
Сылап-сипап жұмсауды.
Баламнан да сені артық
Көремін деп мақтайды,
Жалғыз ғана өзіңе
Сенемін деп мақтайды.
Қоралы қой еншіңе
Беремін деп мақтайды,
Үйір-үйір жылқымнан
Бөлемін деп мақтайды.
Өзара біз кеңесіп
Дедік: неткен мырзалық?
Аламын деп айтқанын
Бергенім жоқ ырзалық.
« - Алар әркім енбегін,
Олжа іздемес жеңілден,
Алмайық бай бергенін
Ақылдаспай Ленинмен».
Дедік те біз тарадық,
Жалшыда жоқ алалық,
Күткеніміз көз тігіп.
Өзің айтар даналық.
Жолдас Ленин екеуміз
Түйдей құрдас екенбіз.
Өмір болса екеуміз.
Жүзге бірдей жетерміз.
Үйсіз-күйсіз, бір басым,
Тек өзіңсің сырласым.
Жауап күткен алыстан
Жалшы Дәужан құрдасың.
1959
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter