Өлеңдер ✍️

  09.05.2021
  215


Автор: Әбділда Тәжібаев

Ақынға айтылған екі тілек

I
Кешір, ақын, бұл көрмедік кім деме,
Жынды ма өзі, бүйтіп қалай жүр деме.
Сүйем деген айтып берші сөзімді
Сүймей жүрген өзімді бір жеңгеме.
Ол тұрғанда ойым соқпас өңгеге,
Сенбейді екен бұл сөзіме ол неге?
Ақын тілі - шындық тілі деуші еді,
Айтып берші, айтып берші жеңгеме.
Ол жоқ жерде дүниені кең деме,
Мұңлы сырлар кетер сыймай кеудеме.
Ақын тілі - мұңның тілі деуші еді
Айтып берші, айтып берші жеңгеме.
Ол тұрғанда көзім түспес өңгеге,
Онсыз менің қасірет толар кеудеме.
Ақын тілі – ашық тілі деуші еді
Айтып берші, айтып берші жеңгеме.
II
Аңсағанда қыршын кеткен жарымды,
Жылай берем құшақтап жас қабырды.
Ақын тілі - жүрек тілі деуші еді,
Жырлап берші жырыңменен зарымды.
Адал еді, адам еді жалынды,
Жалынымен жылытатын жанымды.
Кете барды - ау, өте барды - ау жалғызым,
Қала бердім құшақтап мен қабырды.
Данам еді, панам еді айбынды,
От қанатым ойда жоқта қайырылды.
Ақын жыры - әмбеге ортақ деуші еді,
Жырлап берші жұртқа естірте қайғымды.
* * *
Домбырамды бекерге мен қақпадым,
Шертіп шықтым ғашық жүрек соққанын,
Көз жасыммен жазып бердім төгілген
Зарлы жастың, жарына айтар жоқтауын.

1959




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу