Өлеңдер ✍️

  08.05.2021
  313


Автор: Әбділда Тәжібаев

Ұмытпа, сен

Біз соғыстық, төктік қанды,
Жауды да біз қақтық жерге,
Тамсандырдық мырзаларды
Табынатын немістерге!
Ойлады олар: Совет елін
Бір соққыдан қалмайды деп,
Қуанды олар! Совет елін
Гитлер таптап, жалмайды деп.
Күлмек еді көп мырзалар,
Күлмек тұрсын, күңіренді олар,
Улады олар, шулады олар,
Шулай берсін көп қарғалар!
Өз заңымыз, өзімізде,
Тыңдамаймыз өзге заңды!
Пысықтатқан Ленин бізге:
Жаңартуды жер-жаһанды.
Бастап бізді өзі Ленин.
Майдандарға кірдік еркін.
Алдық сығып жаудың жанын,
Қалдық сақтап жаһан көркін:
Тілемейміз соғысты біз,
Аямаймыз соқтыққанды
Ол үшін біз - күшейтеміз
Шындай түсіп Ұлы Отанды!
Ей, бауырым, ұмтыл, тынбай
Көрсет кәні, кереметті!
Ақта майдан солдатындай
Отаныңа берген сертті!
Теміршімнің төккен тері,
Егіншімнің еккен дәні
Гүлдентеді туған жерді,
Сомдап берік Россияны.
Кірбең баспас көктемімді,
Қырау шалмас көк шөбімді.
Өседі елім орманымдай,
Теңіздердің толғанындай.
Жадырасын бізді сүйген,
Тұз жаласын іші күйген!
Іркілмейді ән көмейден,
Сарқылмайды көңіл күйден.
Соқ, жас ұлан, соқ қуатпен,
Соқ - солқылдат - барабанды!
Жылда есіңе ал шапағатпен
Жеңіс үшін аққан қанды!
Ұмытпа, сен - бақытты ұрпақ
Ата менен ана кегін,
Ұмытпа, сен - елімізге
Түспегенін жеңіс тегін.

1947




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу