Өлеңдер ✍️
Ленинград
Граниттей Ленинград,
Емессің сен маған жырақ,
Сүйем сені бесігімдей
Сүйем сені дәл Лениндей.
Жүрегімде жатталған ат:
Ленинград, Ленинград!
Дабылыңнан оянғанмын,
Жарығыңнан ой алғанмын,
Тамырыңнан таралғанмын,
Жалыныңнан жаралғанмын,
Жүрегімнен өшпейтін ат:
Ленинград, Ленинград!
Сен қуатпен шыққан күні,
Алтын тақты жыққан күні;
Барлық әлем бір тебіренген: -
Ленинград жеңді, - деген
Сонда саған қойылған ат:
«Граниттей - Ленинград».
Сені жердей көшірмекке,
Ленин атын өшірмекке,
Созды дұшпан қанды қолын,
Кірмек дұшпан ашса жолын.
Болмақ осы соңғы сынақ,
Сал, Күшіңді Ленинград!
Сарқылмайды Невадан су,
Қалт етпейді қадалған ту!
Қорғағанда жерімізді,
Қорқытпайды өлім бізді!
Жеткен сайын жау жақындап,
Жалындай түс, Ленинград!
Ленинград, тыңда, тыңда!
Күш мол ұл мен қыздарыңда.
Еңкею жоқ ер салтында,
Семсеріңді қайта шыңда!
Жеңіс сенен емес жырақ,
Баста соны, Ленинград!
Алтын бесік, бір сен үшін,
Жаннан қымбат жеңіс үшін,
Керек болса - қан береміз,
Қанға қоса жан береміз!
Сөнгенше күн көктен қаулап,
Мызғымайды Ленинград!
1941
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter