08.05.2021
  1015


Автор: Балаларға арналған ертегісі

Ғылманның өнері

Бұрынғы өткен заманда Бағдат шаһарында Ғылман деген бір ақылды адам болған екен. Бағдатта оның әр түрлі дәрігерлік өнерімен атағы шығады. Мұны естіген Бағдат патшасы Ғылманды өзіне шақырып алдырыпты. Патша күн сайын онымен бірге кеңесіп отырады екен. Ғылманның өнерлеріне таң қалып жүреді екен. Бір күні патша үлкен уәзірін шақырып алып: 
-  Бұл Ғылман өте ақылды және өнері де көп адам екен. Осыны уәзір етсек қайтеді? - дейді. Уәзір патшадан бұл сөзді есіткен соң: «Ғылман уәзір болса, бізді орнымыздан түсірер», - деген ойға келеді де: 
-  Ей, патшам! Бұл Ғылманнан мен қорқамын, өйткені басқа адамдар істей алмаған нәрселерді бұл істей алады. Сондықтан бір күні сізді де, бізді де өлтіріп, өзі патша болып алар деп қорқамын, - дейді. Патша кенет ойға қалады да қапа болып: 
-  Мұндай ақылды адам патшаларға зиянды болады екен ғой! Енді бұл Ғылманды не қыламыз, тез көзін жойып өлтіреміз бе? - дейді. Уәзір қуанып: 
-  Ей, патшам! Әуелі одан үш түрлі ғылым сұрап алып, сол ғылымды біліп алайық, сонан соң өлтіреміз, - дейді. 
-  Олай болса, Ғылманды не қылсаң да өзің біл, сенің қолыңа бердім, - дейді патша. Сол күннен бастап, Ғылманды патшаның алдына келгізбейтін болды. Ғылман уәзірден: 
-  Патша неге мені кіргізбейтін болды? - деп сұрағанда уәзір оған: 
-  Патшаның уақыты болмай жүр, - дейді. Ғылман ақылға салып, ойлайды да патшаның жаратпағандығын біледі. Уәзір: 
-  Ей, Ғылман! Патшамыздың сізден сұрайтын бір сауалдары бар, сол сауалдарға жауап беріңіз, - дейді. 
-  Мен әрқашан да қызметтеріңізге даярмын, - деп жауап береді Ғылман. Уәзір: 
-  Бірінші сауалы: қол астындағы дұшпанды ұстауға, өлтіруге жетік болу үшін қандай ғылымды оқу керек. Екінші сауалы: патша қол астындағы халқын қайтсе байыта алады. Осы екі түрлі істің амалын бізге жазып беріңіз, - дейді. Ғылман: 
  Мұндай ғылымдарды жазып беруге екі жыл уақыт беріңіздер, - дейді. 
-  Екі жыл тұрсын, екі ай бермейміз, екі жұмада жазып бітіресіз, - дейді уәзір. Ғылман екі жұмадан кейін өзін өлтіретінін біледі де: 
-  Менің бұл істер туралы бар ақылымды сарп қылып, неше жыл жазған кітабым бар, енді мен соны бір жұма қарап, қатесін түзетіп берейін, - дейді. Уәзір қуанып, шығып кетіпті. Бір жұмадан соң, Ғылман уәзірге келіп: 
-  Кітапты түзетіп болдым, бірақ патшаға өзім тапсырсам екен, - дейді. Уәзір Ғылманды патшаның алдына алып барған соң, Ғылман кітапты патшаға береді. Патша уәзірге: 
-  Ғылманды сыйлаңыз, қазір бір кесе шарап құйып беріңіз, - дейді. Уәзір у салынған шараптан бір кесе құйып береді. Ғылман шарапта у барын сезеді де уәзір мен ханға сездірмей, қалтасынан бір кішкене түйіршік тұз секілді нәрсені кесеге салып жіберіп, біраздан кейін шарапты ішіп салады; аздан соң ол у ішкен адам секілденіп, қиналып тұрады да кесенің түбіне ұйыған уға саусағын малып уәзірге: 
-  Ай, уәзір, шырағым! Кітапты бердім, көп пайдалы кітап, әсіресе сіздерге керегі мына беттері, не істейтінін мынау арада жаздым, - деп, саусағындағы уды кітаптың беттеріне жағып жібереді де патшадан рұқсат сұрап, шығып кетеді. Уәзір мен патша Ғылман шыққан соң кітапты алып, жазуды қараса: «Кімде-кім осы кітаптың қағазын он ретке дейін жаласа, ол кісінің қуаты тіпті кемімейді», - депті. Патша мен уәзір бұған қуанып, кітаптың жазуындағы айтқан бетке шейін қағазды жалайды, сөйтіп, өз уынан өздері өледі. Сол кітапта: «Патша қол астындағы халық тыныш болсын десе, әркімді ақ көңіл, әдепті қылып үйретсін!». «Патша қол астындағы халық бай болсын десе, әркімді еңбекке тәрбиелейтін болсын!» «Патша қол астында зұлымдықты тыямын десе, әуелі өзі зұлымдықтан тыйылсын!» - деген екен. 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу