Өлеңдер ✍️

  08.05.2021
  199


Автор: Әбділда Тәжібаев

Кәдімгі өздеріміз туралы

I
Бір өре киізді төсеніп,
Бір өре киізді жамылып,
Жатушы ек жалаңаш жетімдер,
Жаздағы шуақты сағынып.
Сыртта жел ысқырып іңірде,
Әйнектер сықырлап қыраудан,
Қаланың жарықсыз түнінде,
Жылайтын теректер қуарған.
Жатушы ек жалаңаш жетімдер,
Шыға алмай жамылған киізден.
Қорқушы ек ашулы аяздан,
Сүзетін сүңгілі мүйізбен.
Беруші ем бойымның жылуын
Өзіммен бір жатқан жетімге.
Алушы ем оның да жылуын
Айрылмас туыс боп кетуге.

II
Сондағы сәбилер бірге өстік,
Көктемнің көгіндей жетілдік.
Жоғалды көрген түс секілді
Жаураған жаны ауру жетімдік.
Міні, енді тірілер келеміз,
Жұлып жеп жылдарын ғасырдың.
Сан рет жайылдым, ашылдым,
Сан рет жиналдым, шашылдым.
Міні, енді тірілер келеміз,
Күндерін бұтарлап ғасырдың.
Сан рет тасыдым, басылдым,
Сан рет тағдырға бас ұрдым.
Көп есту жақпайды адамға,
Күңіренген жаназа күйлерін
Бір мінез жабысты маған да:
Жалпақтау...
Ажалдан имену...
Қаншасын жоғалттым құрдастың,
Кейде таусылған секілді...
Қанша рет қайнаған көз жасым
Күйдіріп таңбалап бетімді...
Тірілер әлі де бар екен,
Сынбаған сұмдықтар күнінде.
Мінеки, сол қарттар мыналар,
Жетіпті кешеден бүгінге.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу