Өлеңдер ✍️
Ленин бізге осылай деген
– Мен орнымды іздемедім биіктен,
Оны айтудың қажеті жоқ ешкімге,
Өзіңді өзің берік сақта,
Өзіңді өзің қымбаттатпа,
Революция үстінде.
Айту жеңіл идеяны ұқтырып,
Бастау да оңай жаңа жолға жарыққа.
Ал аяқтау ең қиыны жұмыстың,
Жұртқа үнемі қозғау берер
Дәлел керек, факт керек халыққа.
Құлаттық па, патшалықты?
Құлаттық!
Россияны сұмдар менен сұмдықтардан тазарттық.
Жұмысшы мен шаруалардың
Винтовкалы қолдарымен
Жарық көрді азаттық...
Жау жайрамай тыншымасын білген ел,
Мықты ұстады қолындағы мылтықты.
Барлық ішкі, барлық тысқы дұшпанды,
Талқандауға, тақырлауға
Туған жерден аластауға ынтықты.
Темір қолмен кеңірдектен алды кеп,
Жалаңаштық,
Аштық,
Оба, сүзектер.
Бәріне де бой бермеді Россия,
Бәрін жықты,
Жығылмады Россия,
Күйрегенін, қирағанын түзетті.
Анықтадық болашақтың бейнесін,
Ертең тіпті өзгереміз жаңарып.
Еңбек,
Күрес,
Жеңіс қана Отанды
Көтереді қанат беріп,
Қараңғылық орнын басып даналық.
Білгірлікті, алғырлықты,
Шеберлікті тілейтін –
Қиын дәуір енді ғана басталды.
Мұндай кезде сүймейді жұрт,
Масыққанды, тасқанды,
Асыққанды, сасқанды.
Бүкіл дүние енбекші сезілген
Бұдан былай бізге ғана қарайды,
Олар бізді:
Теңдік жолын,
Достық жолын көрсетер,
Дәрмен берер қамқорына санайды.
Әрбір ұлтты - ұлы одақтың мүшесін,
Сақтау керек көздің қарашығындай.
Әрбір халық өз тілінде көгеріп,
Гүлдеуі керек еркінше,
Жаратылыс жарасымындай.
Шаршағаннан, ауырғаннан қорықпаймын,
Тек жұмыстан шеттемесем жарады.
Көз айырмай қадағалап отырып,
Керек еді жаңа арнамен көтеру,
Деревняны, ауылдарды, қаланы.
Өссе жастар,
Жаңа адамдар жетілсе.
Алса бізден болашақтың міндетін,
Ұрындырмай, сүріндірмей басқарып,
Артылдырса халықтардың
Бірлігі мен достығының құдіретін...
Онда армансыз өтер едім, күдіксіз,
Қауіптенбей:
Тым қағылез,
Қатал мінез
Жандардан.
Жұрт қиналып қалама деп сескенем
Ұлылыққа,
Әкімдікке таласатын даулардан.
Жарамайды ол!
Ескертемін, достарым,
Ең ұлылық революция күшінде.
Ең ұлылық халқымыздың бойында –
Жұмысшы мен дихандардың,
Ұсталардың,
Малшылардың
Істеп жатқан ісінде.
Хош болыңдар туған халқым,
Тұстастарым, жастарым!
Өздеріңмен бірге жүріп күрестім,
Өздеріңмен бірге жүріп бастадым,
Алдарыңда болашақ тұр жарқырап,
Айналаңда алас ұрған жаулар тұр,
Сақтаныңдар,
Сақ болыңдар,
Сақ болыңдар, достарым!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter