Ертегілер ✍️
Ақшақар және жеті гном
Жер бетін қалың қар басқан қыс мезгілі болатын. Терезенің алдында ханшайым кесте тігіп отырады. Ғажайып қиялға бөленіп отырып байқаусызда қолына ине кіргізіп алады. Кестенің үстіне үш тамшы қан тамып кетеді.
Сонда ол: «Шіркін, бет-жүзі мына қар сияқты аппақ, бетінің ұшы мына қан сияқты алқызыл, шашы мына терезенің жақтауларындай қап-қара бір қызым болса ғой!» - деп ойлайды.
Көп уақыт өтпей ханшайым жүкті болып, өмірге қыз әкеледі. Ол қыз қардай аппақ, бетінің ұшы қан сияқты алқызыл, шашы қап-қара болады. Оған Ақшақар деген ат қояды. Алайда ханшайым бірнеше сағаттан кейін қайтыс болып кетеді. Бір жыл өткен соң патша басқа әйелге үйленеді. Жаңа ханшайым өте сұлу, тәкаппар болады. Ешкімнің сұлулығы өзінен асып кеткенін қаламайды. Өзінің бір сиқырлы айнасы болады. Күнде сол айнаға қарап, сағаттар бойы өзіне тамсанып, одан:
- Айна, айна, айтшы айна!
- Менен асқан сұлу бар ма? – деп сұрайды.
Сонда айна оған:
- Бұл дүниеде сізден асқан сұлу жоқ, – деп жауап береді.
Ақшақар он төрт жасқа келгенде, айнасы:
- Ханшайымым, сіз сұлусыз. Бірақ Ақшақар сізден де асқан сұлу, – деп жауап береді.
Мұны естіп ызадан жарылардай болған ханшайым, қызғаныштан жүрегі қарс айырылып, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалады. Амалы таусылған ханшайым Ақшақардың көзін құртуды ойлап, сарайына аңшылардың біреуін шақыртып:
- Мына қызды орманға апарып, өлтір. Өлтіргеніңнің дәлелі ретінде маған оның жүрегі мен өкпе-бауырын алып кел, – деп тапсырма береді.
Аңшы Ақшақарды орманға әкеліп, өлтірмекші болып пышағын шығарады. Бірақ Ақшақардың жылағанын көріп, оны өлімге қимайды. Ақшақарды жібере салып, көзінен ғайып болғанда, «Оны өлтіруге дәтім бармайды. Түн жамылғанда бір аю немесе қасқыр жеп кетер»,- деп келе жатқанда алдынан бір қабан шығады. Қабанды өлтіріп, жүрегі мен өкпе- бауырын кесіп алып, ханшайымға апарып береді.
Байғұс қыз қалың орманда жалғыз қалады. Кеш батып, қас қарайғанда таудан асып келе жатып, кіп-кішкентай үйшікке кезігеді. Есігін ұрса, ешкім ашпайды. Бел буып, не де болса ішке кіреді.Үйшіктің ішінде ұзын үстелдің айналасында жеті кішкентай орындық, азықтарға толы жеті кішкентай табақ, қабырғаның бойымен тұрған жеті кереуетті көреді. Әрі күтіп, бері күтіп, ешкім келмеген соң, қарны ашып, шаршаған қыз әрбір табақтан бір-бір қасық тамақтан жеп, жетінші кереуетке жатып ұйықтап кетеді. Біраз уақыт өткен соң үй иелері де келеді. Олар таудың ішінде қазба байлықтар қазатын жеті гном екен. Ақшақарды көріп «Қандай сұлу қыз!»,- деседі. Таң атып, Ақшақар ұйқысынан оянады. Қасындағы кішкентай адамдарды көріп қорқып кетеді. Біраз уақыт өткен соң оларға үйреніп, олардан жамандық келмейтінін, жақсы адамдар екендігіне көзі жетеді. Гномдар Ақшақарға үйлерінде тұруға рұқсат береді. Олар жұмысқа кетіп бара жатып:
- Есікті ешкімге ашушы болма! Егер өгей шешең біліп қойса, сені өлтіруге тырысып жүрмесін! – дейді. Бір күні ханшайым айнасына қарап сұраса:
- Ханшайымым, сіз сұлусыз. Бірақ таулардың ар жағында гномдардың кішкентай үйіндегі Ақшақар сізден де сұлу, – деп жауап береді.
Мұны естісімен ашуға булығып, сол сәттен бастап қызды тауып алуды ойластырады. Саудагер кемпір болып киініп, қолына лента толы кәрзеңке алып, орманға келеді.
Гномдардың үйіне жеткенде: «Ленталарым бар, әдемі ленталар»,- деп дауыстап есік қағады. Кім екен деп терезеге қараған Ақшақар ленталарды көріп, көзі қызығып кетеді. «Ешқандай зияны тимес»,- деп есікті ашады.
- Сұлуым, саған осы лента ұнайды ма? - деп саудагер лентаны Ақшақардың мойнына байлап бермекші болады. Ақшақар есінен танып құлап кеткенше лентаны барынша тартып байлайды.
Кешке таман гномдар келеді. Ақшақардың еденде сұлық жатқанын көріп, дереу мойнындағы лентаны үзіп, Ақшақарды аман алып қалады.
Ертесіне ханшайым айнаның алдына келіп отырады. Айнадан Ақшақардың тірі екенін естіп, қатты ашуланып, зұлымдығын жүзеге асыру үшін тауға қарай жөнеледі. Бұл жолы:
- Тарақтарым бар, керемет тарақтарым, – деп гномдардың үйінің есігін қағады. Ақшақар кәрі әйелдің қолындағы тарақты көріп, өзіне жасалған қастандықтарды ұмытып, есігін аша салады.
- Шаштарың қандай әдемі, кел, шашыңды тарап берейін,- деп саудагер мақтауын асыра түседі. Бірақ тарақ улы болады. Тарақ тиген бойда қыз есінен танып, құлап түседі. Кешке келген гномдар улы тарақты шашынан ажыратып алғанда, Ақшақар қайта есін жинайды. Осылайша үшінші рет аман қалады.
Ертесіне ханшайым айнаның алдына келіп отырса, Ақшақардың тірі екенін естіп, қатты ашуға булығады. Бұл жолы қызыл алманың жартысын өте улы затпен улайды. Қайыршы кемпірдің киімін киіп, жолға шығады. «Сұлу қызыма алма берейін»,- деп терезеден қараған Ақшақарға:
- Қаласаң терезеден берейін, есігіңді ашпасаң да болады. Әлде менен күманданып тұрсың ба?,- дейді қайыршы. Ақшақардың ойланып тұрғанын көріп, өзі алманың уланбаған жерін тістеп:
- Ала ғой, қандай тәтті алма,- деп қызға қолын созады. Қыздың алманы тістегені сол еді, жерге құлап түседі. Залым ханшайым терезеден ішке үңіліп, қыздың қимылсыз жатқанын көріп, «Ақыры сенен құтылдым»,- деп қуанып, сақ-сақ күліп кетеді.
Ертесіне айнадан дүниедегі ең сұлу кім? деп сұрайды:
- Сізсіз, ханшайымым,- деген жауап алады.
- Бұл жолы гномдардың ешқайсысы Ақшақарды оята алмайды. Арадан үш күн өткен соң, үміттерін үзеді. Сұлу қыз тәтті ұйқыға еніп кеткендей жатады. Гномдар оны жерге көмуге қимай, үнемі көріп тұру үшін шыныдан табыт жасап, табытты таудың шыңына апарып қояды. Бір күні гномдарға ханзада қонақтап келеді. Сол жерден өтіп бара жатып, шыны табыттағы Ақшақарды көріп ғашық болады. «Табытты маған беріңдер»,- деп гномдарға жалынады. Гномдар жігітті аяп, табытты алуына рұқсат етеді. Ханзада нөкерлеріне табытты көтертіп, сарайына жол тартып келе жатқанда, нөкерлерінің біреуі жерде жатқан тасқа шалынып құлап түседі. Сол кезде табыт шайқалып кетіп, қыздың тамағына кептеліп қалған алма ұшып шығады. Ақшақар қайта оянып, көзін ашса, көз алдында сүйкімді ханзаданы көреді. Оған сол мезетте ғашық болады. Бірнеше аптадан кейін некелесіп, дүркіретіп тойын жасайды. Тойға шақырғандардың ішінде Ақшақардың өгей шешесі де болады. Өгей шешесі сарайдың залына кіре бергенде Ақшақарды бірден танып қояды. Бірақ бұл жолы ештеңе жасай алмайды. Өйткені ханзаданың нөкерлері ханшайымды дереу ұстап алады. Ханзада оны енді қастандық жасай алмайтындай алыс бір өлкеге жер аударып жібереді. Сол күннен бастап Ақшақар мен ханзада бақытты ұзақ өмір сүріпті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter