Ертегілер ✍️
Кішкентай тас пен құмырсқа
Ол ұшы қиыры көрінбей, көкжиекпен ұштасқан алып теңіздің жағасындағы кішкене ғана тас бөлшегі еді. Балалармен ойнағанды қатты ұнататын. Әсіресе осы кішкентай достары оны теңізге лақтырып ойнаған кезде қалай қуанатынын білсеңдер ғой! Оған күні бойы самсыған күн астында жату оңай еместі әрине. Теңізге шөлп етіп түсумен денесін әсем бір салқындық қаптап, жылдамдатып су түбіне шөгеді. Керемет көңіл-күйге бөленіп, балық және шаяндармен ойнап көңіл сергітетін.
Бірақ көп ұзамай қайта теңіз жағасы мен балаларды сағына бастайды. Толқындардың көтеріп, қайта жағаға алып шығуын күтуден басқа амалы жоқ болатын. Негізінде оның балалардан басқа жақындары жоқ еді. Мыңдаған жыл бұрын таудан опырылып, ірілі-ұсақ достарымен жағаға домалап түскен болатын. Әу баста үлкен тау болып, кейін ұсақталып кішкентай тас бөлшегіне айналғанына қатты ренжитін. Бірақ одан да жаманы, уақыт өткен сайын айналасындағы тастардың да мүжіліп, майдалануы еді. Өзінде де өзгерістер пайда болғанын байқады. Әуелде жұдырықтай қыңыр-қисық тас еді. Ал қазір бұрыштары домаланып тегістелген. Бұрынғыдан әлдеқайда әдемірек көрінетін болды, бірақ әйтсе де қуанар емес. Өйткені қатты жүдеп кеткен еді.
«Осылай жалғаса беретін болса мен түбегейлі жойылып кетемін»- деп уайымдайтын. Бұл жағдайына қайғыратыны соншалық, айналасындағыларға мұңын шаға бастады. Оның бұл шағымын естіген құмырсқалардан бірі: «Ренжіген нәрсесіне қара! Кім айтты жойылып кетесің деп? Керісінше барлығы сені бұрынғыдан да қатты жақсы көретін болады.» дейді. Кішкентай тас бұған сенбейді: «Мен олай ойламаймын! Балалар мені көре алмаса қалайша жақсы көреді.»- дейді жылаған дауыспен. Құмырсқа:
- Сені қалай көре алмайды? Әрине көреді! Тек атың ғана өзгереді.
- Атың өзгереді деймісің? Кім өзгертеді атымды? Жаңа атым қандай болады?
- Кішірейіп, кішірейіп соңында тозаңдай болып майдаланасың. Сенен бұрын өткен дастарың сияқты, сенің де атың топырақ болады. Кейін сені тек балалар ғана емес, барлығы жақсы көретін болады. Өйткені бүкіл жанды заттардың өмір сүруіне көмекші боласың.
- Топырақ дейсің бе? Жаман ат емес сияқты. Бірақ сонда да бір түсінбегенім, басқалардың өмір сүруіне қалай көмектесемін?
Құмырсқа күліп:
- Топырақтың қадірі, құндылығы соншалық, оның пайдаларын санаумен бітіре алмаймыз. Мысалы, бүкіл жануарлар мен адамдардың тамақтары, жемістері топырақта жетіледі. Сондай-ақ майда құрт-құмырсқалар ұяларын топырақтың астына салады. Топырақ арқылы қорғанып, жайбарақат азықтанады. Кішкентай тас бұдан былай жаңа достар табатынына көз жеткізіп және оларға пайдалы болатынына қатты қуанып, ішіндегі қайғыдан құтылады. Ұзақ уақыттар өтіп ұсақталып, өзі сияқты майда топырақтар арасына еніп, араласып кетеді. Бұдан былай оның шағымын ешкім естімейтін болды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter