Өлеңдер ✍️
Ғани монологы
– Революция от пен оқтан жаралған
«Ғани!» деді, атымды атап шақырды.
Түстім келіп күркіреген майданға –
Зор майданға - қан майданға ақырғы.
Ленин маған өз аузынан тапсырды,
Күншығыстың жас ұрпағын баста деп,
Суға батсаң, - отқа жансаң саспа деп,
Қиындардан, құйындардан қашпа деп.
Ленин әмірін қабыл алдым, саспадым,
Тыңдамадым жалған сөзін басқаның.
Аш жолымды! Жарық бол! - деп
Жарыл! – деп
Жүрегімді жұлып алып тастадым!
Аш, жалаңаш жетімдерді жылаған,
Табыстырдым жарығымен өмірдің.
Әр сәбидің қорғап жүріп тірлігін,
Қақпанына өзім түстім өлімнің.
Қандай жас ем мөлдіреген,
Ана сүтім кеппеген.
Шіркін дүние, жарық дүние
Кімдер сенен өтпеген...
Өкінбеймін, өлгенім жоқ текке мен,
Өшкенім жоқ күңгірт тартқан сәуле боп.
Ей, достарым, жарқыраңдар, жаныңдар,
Бықсымаңдар болмашыны әурелеп!
Жас деген соң көрсету керек жастықты,
Қайрылған семсер жүзінен кескір, өткір боп.
Қандай көз саған ынтыға тұрып қарамақ
Басыла қалсаң мазасыз желдей желпілдеп.
Құласаң құла барыңды сарқып болған соң,
Құлдырай ағып қиядан түскен бүркіттей.
Қартайсаң қартай, адамша қартай күйремей,
Ата деп тосқан жас сәбилерді үркітпей.
Иә... бар едіңдер - ау, тетелес шәкірт достарым,
Есова Сара, Жүсіпбек, Өтебайларым.
Сендерде қалған еді ғой менен от-жалын,
Жап-жарық арман, толқынды, дауыл ойларым.
Бармысыңдар, жеттіңдер ме ұрпаққа,
Жеттіңдер ме көтеріп жылдар салмағын.
Айттыңдар ма алмас талай жастардың
Болашақ үшін жан беріп құрбан болғанын?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter