Өлеңдер ✍️

  06.05.2021
  171


Автор: Әбділда Тәжібаев

Әбекең үйренген

Қашаннан үйренген сынаққа,
Әр түрлі қиқымды сұраққа.
Беремін жауабын кейде мен.
Кетемін кейде ілмей құлаққа.
Жүремін кейде мен жырақта
Болсын деп тыныштық құлаққа.
Кейде мен құлақты да беремін
Көрсін деп созып та, бұрап та.
Келемін көніп те, шыдап та,
Аламын бір мезгіл жылап та.
Кейде мен ұқсаймын пышаққа
Қозғаусыз жататын қынапта.
Жүрмін ғой құлатып, құлап та,
Кейде ұсап жап-жарық шыраққа.
Айтарым әзірге осылар
Домалақ бір сыншысымаққа.
***
Шығып ем жай ғана көшеге қыдырып,
Кездестім жігітке өзімнің баламдай,
Келеді шайқалып, әркімге ұрынып
Қаламы бір өзі билейтін адамдай.
Қаны жоқ бетінде, тұмсығы көгерген,
Суыққа үсінген картошка сияқты,
Құлайтын ағаштай төніп тұр төбемнен,
Ойлайтын сиқы жоқ кәзір ол ұятты.
Жол берсем шегініп, кідірмей өтсін деп,
Өтпейді, жабыса түседі өзіме.
– Осындай кездескен кешке ие жетсін, - деп
Менімен сөйлеспек болады езіле...
– Әбеке, әкетай... Есіңізде ме...
Сіз, аға, білесіз менің де шешемді.
Үлкендер, өтінем... кешіріңдер..,
Алып мен жүргенге... жігіттік есемді.
Зооветте оқимын... Бәріне жаттықтым...
Іше де білемін, билей де білемін.
Өзіңіз бастайтын боксқа да машықпын,
Аға.. күйрете де... күйрей де білемін.
Ертең... «Спартактың» өзімен
Біздің «Қайратымыз» ойнайды...
Айтамын азамат сөзімен...
«Қайрат» ұтады... ұтпай қоймайды.
Тойлаймыз, Әбеке, жеңісті... со... о., кірте.
Ұтады... ұтамыз... тағы да ішеміз,
Мен бе мақтаншақ... мен бе жеңілтек?
Жо-о-оқ.„ ең кемі тең болып түсеміз.
Сізге не керек? Ән бе? Қандайы?
Керек пе өзбекше! Тәжікше... Орысша?
Мен керемет татарша да жырлаймын,
Әрине... татар.,, тоташлары жолықса...
...Алай итәргэ кирэк..,
Бұлай итәргә кирәк...
Бір литрні салып алып
Гулайт итәргә кирзк...
Қиналып, қамығып мен тұрмын ішімнен
Ештеңе естімес бейне бір кереңмін.
Өмірді қызық бір думан деп түсінген
Осынау жігітке не дермін, не дермін?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу