Өлеңдер ✍️
Мариям апайға
(М. Хакімжанованың 60 жылдығына оқылған)
Жұттың сен қайғыны қанжылым - қаралы,
Қайғы да өзіңді қасқырша талады.
Қиянат тырнады жаныңды жаралы,
Қасірет көзіңнен күлкіңді тонады.
Аяғың жүрмеді еркінше басуға,
Көзің де көнбеді еркінше ашуға.
Мұң сенің миыңа жылан боп оралды,
Көлеңкең кейде бар, кей тұста жоғалды.
Жылаған даусың да өзіңе жетпеді,
Күйдірген жасыңнан жүзің бір кеппеді.
Апырмай, апашым, не деген мықты едің
Сонда да жүрегің сөгіліп кетпеді.
Сонда да жүрегің сөгіліп кетпеді.
Қаның да қалжырап төгіліп кетпеді.
Аналық махаббат, ақындық махаббат
Қорлыққа құл болып жегіліп кетпеді.
Махаббат бөбектің жөргегін құрғатты,
Махаббат өлең боп өмірге тіл қатты.
Махаббат жаураған жаныңды жылытты,
Махаббат сөнбейтін жарықты жырлатты.
Кетпедің жолымен күйгелек күйректің,
Достарға төзімді болуды үйреттің.
Апашым, жарқырап алпыстан өттің бе
Үстінен қираған қасірет пен бейнеттің.
Қайғырдың саспадың қуандың таспадың,
Қызғана білмедің қызығын басқаның.
Шықпаса бүгінгі бастаған дастаның
Күні ертең тағы да қайтадан бастадың.
Бал салғыш арадай түзеттің ұяңды,
Қай ана өзіңдей тәтті бал жия алды?
Мен бүгін мақтаныш етемін, апатай,
Ой айтқыш қалам мен күй тартқыш сияңды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter