Өлеңдер ✍️

  06.05.2021
  189


Автор: Әбділда Тәжібаев

Шалдар туралы

I - өлең
Шалдық өмір қызық екен өзінше,
Аштым міне сол өмірдің қақпасын.
Арман қалай қажыдым деп тоқтасын
Жүрек шіркін дамыл таппай жатқасын.
Ойлаушы едім: қартайғанда қамсыз боп
Жатармын деп араласпай өмірге.
Болмайды екен су себуге көңілге,
Керек екен қимылдауым менің де.
Тыпыршығыш келеді екен шал жаны,
Әрине, ол күтпейді оңай олжаны.
Керек емес өзгелердің шолжаңы,
Әйтсе де оның бөтен емес болжалы.
Түнде оянып Әміртайым жыласа,
Тұрамын да тербетемін бесігін.
Тербеткенім немереме ұнаса
Жастығымды жоғалтқанның несі мұң?
Күтем таңды күн еңкейіп батқасын,
Құмартамын көруге аман от басын.
Арман қалай қажыдым деп тоқтасын,
Жүрек шіркін дамыл таппай соққасын.

2 - өлең
Жұлдыз түгел үлгірмепті батуға,
Аспан тура сауысқандай қарала.
Төзе алмадым төсекте ояу жатуға,
Келем жалғыз көшелерді аралап.
Менен де ерте тұрған екен құрдасым,
Әдетінше сыпырып жүр көшені.
Көшеміздің ең тәртіпті көсемі
Тастапты үйіп ыластарды кешегі.
Жауыннан соң кеппей жердің ылғалы
Сілтегені сыпырғысын бір қызық.
Талай жерді тазартыпты тұрғалы,
Құлап қалған урналарды тұрғызып...
Кәзір ғой жұрт жөңкіп жүре бастайды,
Бәрі соның өзіміздің балалар.
Шылымдарын, шыныларын тастайды.
Былғанады көшелер мен қоралар.
Біледі оны менің мына құрдасым,
Айтып кейде ренжіп те жүреді.
Тастамайды бірақ шалым қолынан
Қос қаруын: сыпырғы мен күрегін.
О, қайран шал, сабыр таппас құрдасым,
Ойламайды ол күйттесем деп бір басын.
Жатсын қалай, жарқыраған зор ғасыр
Жүрегіне тоқтама деп тұрғасын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу