Өлеңдер ✍️
Ой үстінде
Кірген кезде ұйқыға бала-шаға
Абайды оқып отырып оңашада,
Кешегі мен бүгінге үңілем де
Таңданамын мынадай тамашаға:
Тоқтамы жоқ уақыттың, ағыны тез,
Артта қалған алдыңнан болмайды кез.
Ескі кетіп, орнына жаңа туып,
Мағынасын да өзгертті бір талай сөз.
Айдан асып, жұлдыздан әрі аспаққа
Ұшып бара жатырмыз болашаққа.
Жас дүниеміз жалтылдап көрінеді
Қай тарапқа көз тастап қарасақ та.
Көзіміз де кіршіксіз, көңліміз де,
Жат санарлық ешкім жоқ өзімізге.
Кенет біреу өтеді тастап күдік,
Бәрі жақсы дей берген кезімізде.
Бұл кім өзі көзінде күлкі ойнаған?
Үні де әсем, сырнайдай сұңқылдаған.
Киілмеген етіктің қонышындай
Бет терісі бедерсіз жылтылдаған.
Тез қозғалғыш, тағы да тез аңғарғыш,
Бір көргенін жадына түйіп қалғыш.
Ілтипаты көл-көсір, тілі тәтті,
Жан сияқты ақпейіл, күйіп-жанғыш.
– Сіз асылсыз, алтынсыз, данасыз, - деп,
Сіз қазаққа панасыз, ағасыз, - деп,
Тәтті тілден төгеді шырын сөздер, -
Ертең ұлы пайғамбар боласыз, - деп.
Бұл кім еді, апырым-ау, кім еді бұл,
Көзі жарық әйнектей, көңілі бұлдыр.
Жақсы ойымды лезде жабырқатты - ау,
Өткінші бұлт секілді күдік құрғыр.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter