Өлеңдер ✍️
Толғақ
Күнде ертемен айнаға да қараймын,
Әжімдерді таратпақшы боламын.
Шашымды да сулап тұрып тараймын,
Бір кәдеге жаратпақшы боламын.
Шошымаса екен деймін достарым,
Неге Әбділда қартайды деп осынша.
Көп қой әлі жазылатын дастаным
Қиялыма өжеттігім қосылса.
Келем жүріп, келем жүріп көшемен,
Сәлемшілер тым молайып кетіпті-ау.
Өзім сәлем беретіндер кеше мен
Бұл көшеден сірә, көбі өтіпті - ау.
Түсті жерге зор еменнің жапырағы,
Сап-сары боп түсті байғұс үзіліп.
Алып жерден, сүртіп жапырақ топырағын
Тұрдым қарап әнтек қана қызығып.
Түсті үзіліп менің де бір ақ шашым,
Аппақ болып түсті байғұс үзіліп.
Аямадым ормандардың патшасын,
Өзімді аяп, кетті көңлім бұзылып.
Ойлар, ойлар, толқын ойлар, өр ойлар,
Өткен жастық алтын шапақ арайлар...
Бар ғой әлі мен сияқты талайлар,
Бар ғой әлі күзгі шуақ қарайлар.
***
Қаратау басын қар басты,
Басты да қалды аппақ қар.
Жап-жасыл жерден әр қашты,
Жығыла берді жапырақтар.
Қап-қара шашты қар басты,
Басты да қалды аппақ қар.
Қып-қызыл беттен қан қашты,
Алыстай берді атыраптар.
Оралар күннің от лебі,
Жылынар қайта топырақтар,
Оралар жердің көктемі,
Жамырар қайта жапырақтар.
Оралмас қайта жалғыз-ақ,
Оралмас менің көктемім...
Артымда, әне қалды ұзап
Кешегі күнгей бөктерім.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter