Өлеңдер ✍️

  05.05.2021
  275


Автор: Әбділда Тәжібаев

Ақындық

Ақындық ауыр еңбек түсінгенге,
Тау қазған, тас қорытқан ісіңнен де.
Жалғызсың, жәрдем тілеп ала алмайсың
Ең жақын, ең сүйікті кісіңнен де.
Ғажайып жерік кезің, құмар кезің,
Ғайыптан хабар алып тұрар кезің.
Ойыңда ұялаған балапаның
Жарыққа қанаттанып шығар кезің.
Ғажап қой қуанышы сезінудің,
Мерзімі ұмытылар көз ілудің.
Сезіну айналғанда толғаққа бір
Темірі түсер сынға төзіміңнің.
Кеудеңе жанған отың симаған соң
Сонда сен аһ ұрасың, қиналасың.
Оңай ма өлең қайнау көкірегінде
Толғағын жеткізбей-ақ тумаған соң.
Білмейсің сонда кімге не деріңді
Бер дейсің - сәтті уақыт көмегіңді.
Қақпағын жанар таудың жарқ еткіз де,
Аспанға ұшыра көр өлеңімді!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу