Өлеңдер ✍️
Қойшы
Қойшылығым есімде жасымдағы,
Кімнің көзі малменен ашылмады.
Көз алдымда - қозының жамырағаны,
Құлағымда у-шу боп маңырағаны.
Жазда бақтым қойды мен, күзде бақтым,
Құмда бақтым, ми дала түзде бақтым.
Күнде өзеннен су дәмін бірге таттым,
Күнде кешке күзеттім, бірге жаттым.
Түнде бөрі ұлыса тыңдағанмын,
Ұғатынмын тілдерін қырдағы аңның.
Аспан сырын, жер сырын сол түндерде
Үнсіз ғана ішімнен жырлағанмын.
Темірқазық аспанға қағатынмын,
Ақбоз атқа ақ желең жабатынмын.
Сол қазыққа арқандап Ақбозымды,
Келер жолын ұрының бағатынмын.
Жылжығанда аспанның жұлдыздары
Солар шығар деуші едім үр қыздары.
Ұзақ түнде көз ілмей жататынмын,
Шолпан қызды ұйқыдан тұрғызғалы.
Қазір де мен қарасам түнгі аспанға,
Кездескендей боламын сырластарға.
Бүгінгі жас қойшыны ұсатамын
Дәл кешегі өзіммен құрдастарға.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter