Өлеңдер ✍️

  05.05.2021
  263


Автор: Әбділда Тәжібаев

Телефон

Маңдайынан сүйдім шөп-шөп,
Еркеледі Күлжамал,
Айтарлық сөз болмады көп,
Жетті уақыт қамданар.
Үш күн қалды жаңа жылға
Күн санаулы уақыт тар.
Үлгіреміз той жасауға,
Ақша да бар, бәрі бар.
Тек ертерек білдірейін
Хабарлапсың құрбылар,
Қыздарыңа ескерте бер,
Сен де, сәулем Күлжамал!
− Алло - алло, тоқсан сегіз?
Сәбит аға?
− Иә мен!
− Арнап тойға шақырамын,
Келіңіздер жеңгеймен.
− Алло - алло, Құрманбек пе?
− Күләшқа да айта бар!
Көп өтініп сәлем деп тұр,
Тетелесі Күлжамал.
Алматыда қақтым қоңырау,
Телефондар тіл қатты.
Барлық жолдас хабарласты,
Қуанышпен үн қатты.
− Алло - алло, тыңда, тыңда,
Сөйлеп тұрған мен ақын.
Келіңіздер қалмай тойға,
Жаңа жылда болатын.
Міне, сағат асты бірден,
Таратылды бар хабар.
Кірісеміз ертеменен,
Ұйықта, жаным Күлжамал.
Бір бөлмеде қалдым өзім,
Бөлерлік жоқ жан адам.
Тек жүректі тербетеді,
Естілген ән даладан.
Неткен бақыт түнде де өмір,
Тоқтамайды бір тынып.
Күйлі өмірдің бесігінде,
Күңірену жоқ тұншығып.
Алтын бесік ырғағында,
Тербетілем міне мен.
Тойлы думан гүл шашылған,
Түс көремін түнімен.

1936




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу