Әңгімелер ✍️
Еңбек бірлігі
Мысықбектің Күләйі мен қара сиырының телі бірдей. Күләй он бала тапқанда, қара сиыр он бұзаулады. Бірақ, бірінің баласы, бірінің бұзауы құтаймады. Күләйдің баласы ажалға ұшырай береді. Қара сиырдың бұзауын Мысықбек қолымен-ақ кұртты. Сонсоң Күләй ажалға ашуланғандай, қара сиыр Мысықбекке өкпелегендей екеуі де табыстан тоқталып еді.
Мысықбек өзінің қарын терезелі кішкентай шым үйінде отырып, осының бәрін көз алдынан өткізді. Байқаған кісіге оның ой әсері сыртына да шығып еді: Қисықтау келген кезі, көстие біткен қабағының астында ойнақшып тұрды. Үш жағы етектілеу келген қол -ағаш сияқты танауынан шыққан дем, селдір сақалын желпіп тұрды. Анда-санда борбиған саусақтарын тарбитып жіберді де, буындарын сырт-сырт еткізіп уқалады. Осы пішінімен бір қатарға дейін тапжылмай отыр еді. Бір уақытта ақбас күшігенше орнынан созылып барып түрегелді. Шапанша тонының етегін олпы-солпы қылып қаусырынды. Құр белбеуімен белін шорт буа салды. Сеңсең тымағын басына апарып жапты да, желком ерін қолтықтай қораға шықты.
Қорада тұрған құла шолақ. Мысықбекті көргенде кірпідей жирылды, құйрық-жалым шұнтиды, құла жүнім шұбар тартты, енді маза берсең дегендей тыржыңдап тұрса да, Мысықбек елеген жоқ. Желқомды арқасына тастап жіберді. Құла шолақтың шолақ құйрығы шипық етті. Артын көтеріп тастап, бір жағынан аузын да салып қалды. Мысықбек онысын да елемеді, шабайылды қапсыра тартып, үстіне мініп алды да, Қиқымбектерге қарай жорта жөнелді. Жолшыбай өзінің ауылдасы Медеу деген жігіт қарсы жолығып:
— Уа, қайда барасың, Мысықбек, — деді.
— Егін мезгілі таянған соң, Қиқымбекке сөйлескелі барам.
— Бармай-ақ қой! Мен де сонан келем, бір аяқтарым бар еді, соны сіңіріп бер десем, барлық егінімді салыс дейді. Оның егінін салып болғанша, жаздың көбі өтеді екен. Соған бола жүрейін бе, — деді Медеу.
— Япыр-ай, ол ит, егінді көп салады-ау! — деді Мысықбек.
— Түу! Қиқымбек жердің түгіне тойған ба! Оған біріккенше «құдай» елге берсін десеңші!
Мысықбек мысық мұртын сипап тұрып, Медеуге қарады да, жымиып күлді.
— Антұрған - ау, елдің бірі өзіміз, салмасақ егін қайдан шығады? — деді. Екеуі де атының басын бұрып ауылға қайтты. Мысықбек те, Медеу де дағдарған кісідей келе жатыр еді, бір уақытта:
— Сен, Толбайға сөйлесіп көрдің бе? — деп Мысықбек Медеуге қарады.
Толбайға несіне сөйлесейін. Өз егінін сала алмай жүрген жоқ па?
Жоқ. Онымен сөйлесейік, — деді Мысықбек. Оның екі өгізі мен соқасы бар. Соқасын сатқалы жүрген, сатпа дейік. Екеумізде де екі ат бар, Толбайдың екі өгізін алып, соқаны алып жүрмес пе екен. Алда-жалда ол қылса, Бодаубек пен Әлімбекте екі түйе бар ғой. Оларды біріктіріп алайық. Сонда алты мойын бір соқаны алып ұшып отырады. Бір соқамен қырық-елу пұт аттық сіңіруге болады.
Бұл ақыл Медеудің есіне келген жоқ екен. Мысықбек ұғындырған соң, миына қона кетті:
— Япырмау, мынауың табылған ақыл екен! Бұған Толбай да, Бодаубектер де еле жығылады. Бірақ, тұқым қинайды. Тұқым дегенде бір аяқтай ғана тарым бар еді, — деді Медеу.
— Менде де тарыдан басқа тұқым жоқ. Бірақ, оның есебін табуға болады.
— Е! Айтсайшы, қандай есеп бар?
— Айтсам — қазына былтырғыдай кедейлерге тұқым береді деп есіттім, бұл бір қосшы комитеті де тұқымы жоқ кедейлерге тұқым береді дейді, бұнымен екі. Ал, енді кедей десе кедей, қосшы десе қосшымыз, тұқымды қалай алмаймыз. Былтыр өзіміздің салақтығымыздан кеш қалып, ала алмадық. Биыл ерте бастан қамдансақ қалай да болса тұқым аламыз, үкіметіміздің өзі бірлес деп жатқан жоқ па, — деді Мысықбек.
— Ымм... — деп Медеу ыңылдап қойды да, астындағы бүкір көкті бауырға көсіп жіберіп, Мысықбекпен қатарласа түсті. Мысықбектің құла шолағы да үйге қайтардағы жүрісіне салды. Медеу мен Мысықбек әңгімелері егін болып, ауылға жеткенде Толбайдікіне қарай бұрылды. Толбай албарының ығында өгізге шөп шашып боп, айырына таянып тұр еді. Мысықбек пен Медеуге шала-шарпы амандасты да:
Жолдарың болсын, қайда барасыңдар? — деді.
— Айтсын, сізге келдік. Егін мезгілі таянды. Ел қамданып жатыр. Не ойыңыз бар?
— Не ой болсын. Бала болса жоқ. Жас келді. Дәулет шағын, өзім дымқоспын. Көлік дегенде мына бір-екі жас өгіз ғана бар. Онымен не бітпек, сонсоң, соқамды сатқалы отырмын. Екі өгізімді біреуге берсем, бірер пұт тұқымды сіңіріп береді ғой, — деді Толбай.
Мысықбек пен Медеу жолшыбай қосып келген ақылдарын бажайлап айтып еді, Төлбайға да ұнады:
— Шырақтарым, сендер бүйтіп бірлік қылам десеңдер соқамды да, өгізімді де қолдарыңа берем. Азын-аулақ тұқым бар, өздеріңдікіндей қылып салып беріңдер. Мені бір жағынан кәрілік, бір жағынан науқас айналдырып жүр ғой. Егінге шыға алмаспын. Мен сендерден гөрі егінге ертерек айналысқан кісімін. Береке егінде болушы еді. Неғұрлым күшің қаптал болса, солғұрлым егінді көп те, жақсылап та салуға болады. Сондықтан, Әділбек пен Бодаубекті түйелерімен біріктіріп алуларың керек, — деді Толбай.
Осы сөзге мақұлдасып тарқасты.
II
Жаз шыққан. Күн шаңқай түс. «Елдің» бәрі құмырысқаша қыбырлап, қара жердің бетін шимайлап жатыр. Сол қыбырлаған елдің тап ортасында сары атанды көсем салып, онан кейін екі ат, екі аттан кейін екі өгіз — барлығы бес көлікпен соқа айдап жүрген Мысықбектер еді. Көліктерін шалдырғалы жаңа тоқтады. Таз қарынға құйған тары көжеден шайқап - шайқап, бір-бір тостағаннан ішіп алысты. Сонан кейін тарының ұнынан илеген илеміктерін қолымен сықтап - сықтап ауыздарын толтыра бір-екі асап еді, аунап тұрған аттай көңілдері сергіп сала берді. Мысықбек жантайып жатып:
— Жігіттер, осынымыз ақыл болған жоқ па? — деді.
— Несін айтасың, өмірімізде екі пұттың басын біріктіріп, егін салған жоқ едік. Енді үй басы он пұттан сіңіріп тастағамыз жоқ па, — деді Медеу.
— Өй, сендер әлі қызықты білдіңдер ме? — деп бір жақтан Әділбек басын көтеріп алды.
— О не қызық!?
— Бодаубек соққанның бізге бірікпей қалғанында мән бар екен. Түнеу күнгі бізбен барып қазынадан алып қайтқан сегіз пұт бидайдың бес пұтына бір тайша алыпты. Онысы айналма болып тұр. Қалған үш пұтын тұқым қылам деп қойған екен. Қара қатын көмбемен түгесіпті. Кедейдің қатыны жемқор болса «құдай» ұрды десеңші, — деп Әділбек сақ-сақ күлді.
Сөйтіп, егін сала алмай қалды ма енді?
Қиқымбекке кірігіп, бір тостағандай тары салып алмақшы болса керек.
Мысықбек: «Ақымақ - ақымақ» — деп Бодаубекке ренжіді де, орнынан тұрып, көлік жегетін мезгіл жетті деді. Көліктерді келтіріп, егінге қайта кірісті.
Еті қатып, төселіп алған көліктер, ішіне от салып, кешкі салқынға киліккен соң, таспаша созылып тартты да отырды. Қара жердің қыртысы бырт-бырт сөгіліп, қолмен жатқызғандай жығылып жатты. Анда-санда «айт, борозда!» — деген Медеу, Әділбектердің даусы еңбекке «күй» беріп, құлаққа келіп тұрды. Тезінен - ақ ол ыңылын өлеңге айналдырмақ боп, өзінін жуан даусымен шырқап жібергенде шыққан сөзі мынау еді:
— Қара құрыш білегім
Соғылған арнап еңбекке,
Жайнатып дүние жасаймын,
Жан бетіме келмек пе!
Тағдыр кілті еңбекте,
Бұраймын тағдыр кілтін,
Жарылқанбай жан қалмас!
Әлемге айтқан бұл сертім.
— деген жеріне келгенде, Мысықбек бөгеліп қалды. Өйткені, бұл өлеңді ауылдағы жастар ән қосып, айтып жүргенде Мысықбектің ұстап қалғаны осы болса керек. Онан әрі аяқтата алмаған соң, тағы да өзінің ыңылына түсе қойды...
1927 жыл.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter