Өлеңдер ✍️

  04.05.2021
  211


Автор: Ақгүл Тұрсынбай

Мен үшін өмір деген...

Мен үшін өмір деген...

Күндерім жоқ сағынып, езілмеген,
Түндерім көп аңсаумен көз ілмеген.
Сағындырған, сарғайтып сабылдырған –
Осы ма, сезім деген?

Жақындаса жаныма балқып денем,
Жәудіреген көзінен жақұт көрем.
Сүйе білген, сүйдірген, сүйсіндірген –
Осы ма, бақыт деген?

Ішім жылап, өтірік күліп келем,
Сол жан үшін өмір де сүріп келем.
Ұмтылдырған, сүюге құлшындырған –
Осы ма, үміт деген?

Жамиғатқа жақсылық тілеп келем,
Мейірімді – осы ма, жүрек деген?
Жүректерден сақтасын тасқа айналып,
Қуаныш пен қайғыға дір етпеген.

Ойларым бар әлі де өрілмеген,
Жырларым бар түйдектеп төгілмеген.
Ғашық жүрек, пәк сезім, шалқар шабыт –
Осы екен ғой, мен үшін өмір деген.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу