Өлеңдер ✍️
Жыр ханшасы, сен мәңгілік тірісің (Поэзия падишасы – Фариза апама арнау)
Ей, жанардан нұр атылған жарық күн!
Ей, санамды тұмшалаған тамұқ-түн!
Өзегім – өрт, өкпелімін сендерге,
Дауа бар ма, жан дертімді емдерге?
Қайсар рухты, ақын қызы халықтың –
Фаризадай алыптың
жалынды үнін қызғанғандай кең жерден,
Тұншықтырдың ішіне сап табыттың.
Ей, жарық күн, тамұқ-түн!
Қызғаншақсыңдар, жаңа ұқтым.
Фаризаны өлді деуге сене алмай,
Сабыла іздеп «шағаласын шабыттың»,
Күйін кештім ғаріптің –
Һәм жабықтым, һәм қамықтым...
Суық қаңтар, қаһарыңнан түңілдім,
Ауыр мұңды көтере алмай, бүгілдім.
Сағына іздеп «ақ Жайықтың аққуын»,
Мәңгі өлмейтін мұрасына үңілдім –
«Көтер басты!»-деп жекіген бір үннің
құдіретінен қайта тірілдім.
Содан бері,
Рауандап таң атқанда,
Арайланып күн ұяға батқанда,
Сәмбі талдар сылаңдаған бақтарда
ойға оранып, жалғыз келе жатқанда,
Кейде,
көңіл құлазыған шақтарда,
һәм қуанған шақтарда,
Фариза ана, саф алтындай сөзіңді
қайтара оқып,
Пейілі пәк өзіңді
ұқсатамын жаңа жауған ақ қарға.
Ортада жүр көзіңдей боп өлеңің:
Біреулерден өжеттікті көремін,
Біреулерден көжектікті көремін.
Біреулерден азаттықты көремін,
Біреулерден мазақтықты көремін.
Біреулерден даналықты көремін,
Біреулерден шалалықты көремін.
Енді бірде хас ақынды көремін,
Һәм даңқына мас ақынды көремін.
Алаш қызы!
Мен жастарды екі топқа бөлемін:
Алғашқысы,
Көжек мінез, шала жаста бөлек үн –
Жырдан емес, жолдан табар қорегін.
Тілін білмей, жырын білмей ержетіп,
Ақыл айтсаң кежегесі кері кетіп,
Мазақ болып жүргендерді көремін.
Екіншісі,
Азат, өжет, ойлы жаста – бөлек үн.
Өйткені, олар –
Ізін жалғап көненің,
Әз тарихтың тереңіне бойлаған,
Ұлт қадірін, тіл қадірін ойлаған,
Әдебиетпен сусындаған өренің.
Көздерінен қос шырақтай жайнаған
Тек саған тән –
Кербездік пен махаббатты көремін.
Ғұмыр кештің.
Кім үшін?
Қара шашты ағартқаның жыр үшін,
Қайсарлықтың қолыңа алып қылышын
шайқасқаның,
тазалығы ақсаған,
Анамыздай қасиетті тіл үшін –
Ел есінде.
Осы үшін сен – ұлысың!
Жоғалмайды деуші еді ғой жақсы адам,
Жыр ханшасы, сен – мәңгілік тірісің...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter