Өлеңдер ✍️
Қызылордам – мәдениетке бай қалам
Қызылордам – мәдениетке бай қалам!
Алты Алашқа аты мәлім анам – Сыр,
Ауаң – ыстық, суың – шипа, далаң – гүл.
Қобызының үні қалған Қорқыттың,
Тұрмағамбет, Ешнияз сал бабам – жыр.
Алқабыңда ақ маржаның жайқалған,
Сырдарияң сыр ақтарып айтады ән.
Қасиетті топырағыңнан нәр алып,
Ғұмыр кешкен талай саңлақ, майталман:
Сүлейің мен шайырларың кім десең,
Кете Жүсіп, Нұртуғанды айта алам.
Балқы Базар жырау, Нартай ақыннан
Ұрпағына көшелі сөз, ой қалған.
Әдебиеттің тарландары кім десең,
Зейнолла, Асқар, Әбділданы айта алам.
Шашасына шаң жұқпаған тұлпардай,
Сара жол сап, жыр күймесін айдаған.
Спорттың саңлақтары кім десең,
Элизабет, Ильяны айта алам.
Зілтемір мен сырғанаудан мәнерлеп,
Бақталасын бәсекеде жайпаған.
Сахнаның сандуғашы кім десең,
Роза менен Мәдинаны айта алам.
Ел баласын еркелетіп өсірген,
Қызылордам – мәдениетке бай қалам!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter